Қазақстан • 06 Сәуір, 2023

Геологиялық барлаудың бүгіні мен болашағы

556 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Экономика дамуында жер қойнауындағы пайдалы қазбалар негізгі мәнге ие. Бірақ оларды қарқынды өндіре отырып, қорларды баяу толтыру жаңа сын-қатерлерге әкеледі. Бұл тұрғыда жер қойнауын ұқыпты да ұтымды игеруді қамтамасыз ететін байсалды көзқарас қажет.

Геологиялық барлаудың бүгіні мен болашағы

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Мемлекеттік жер қойнауын басқа­ру бағдарламасына енгізілген нысан­дардың жалпы ауданы 1 570 мың шаршы км құрайды. Жер қойнауын пайдаланушылар жүргізген барлау жұмыстарының нәтижесінде қорлардың ұлғаюы: алтын 45,7 мың тонна, мыс 25 мың тонна, қорғасын 51,2 мың тонна, мырыш 215,8 мың тонна, мұнай 14,9 млн тонна, газ  6,8 млрд текше метрді құрады. 2022 жылы алғаш рет мемлекеттік балансқа 7 кен орны енгізілді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша геологиялық барлау және іздестіру саласындағы қызметтер көлемі бұдан бір жыл бұрынғы 163,8 млрд теңгеге қарсы 238,1 млрд теңгені құрады. Бұл – соңғы жылдардағы айтарлықтай жоғары көрсеткіш және 2019-2021 жылдардағы құлдыраудан кейінгі сектордағы алғашқы елеулі өсім.

Еліміз пайдалы қазбалардың көпте­ген түрлерінің расталған қорлары бойын­ша әлемнің жетекші он елінің қатарына кіреді. Алайда игерілген кен орындарының сарқылуы аясында минералды-шикізат базасын толтыру да бәсеңдеуде. Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан экономикасының көп жағдайда пайдалы қазбаларды өндіруге тәуелді екеніне тағы да назар аударды. Президент жер қойнауын пайдалану саласында жүйелі проблемалар барын, геологиялық барлау жұмыстарының жеткіліксіздігі тау-кен өндіру өнеркәсібінің мүмкіндіктерін толық іске асыруға кедергі болып отырғанын атап көрсетті.

Шынында да игеріліп жатқан көпте­ген кен орындарындағы қазба бай­лық тиісті толықтырусыз таяу келешекте таусылатыны белгілі. Өткен ғасырда қалыптасқан пайдалы қазбалар базасының түгесілуі экономиканы сыни жағдайға итермелейді.

Кезінде Қазақстан геологтары негізгі пайдалы қазбалар қорын жыл сайын өндірілген жылдық көлемге қатысты екі еселенген мөлшерде ұлғай­тып отырған. Осы есептен респуб­ликамыз 1990 жылға қарай минералды шикізаттың 40-45 жылға жететін барланған қорымен қамтамасыз етілді. Ал қазіргі уақытта экспорттың едәуір үлесін құрайтын түсті және асыл металдар қоры 10-15 жыл ішінде игеріліп бітуі мүмкін. Алдағы онжылдықта Шығыс Қазақстанда Орел, Малеев, Тишинское және Риддер-Сокольное сияқты ірі металл кен орындарының таусылатын түрі бар. Оған қоса өнеркәсіптік шикізатқа артып келе жатқан қажеттілік жаңа перспективалы кен орындарын іздеу бөлігінде минералды-шикізат базасын кешенді дамытуды талап етеді. Пайдалы қазбалар қорының сарқылуы қала құраушы кәсіпорындардың тоқ­тап қалуымен, өңірдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалдың жалпы нашарлауымен де қауіпті. Сол секілді мұнай-газ саласының әл-ауқаты үш алыптың ‒ Теңіз, Қарашығанақ және Қашағанның арқасында құрылатыны мәлім. Әйткенмен олардың әлеуеті де шексіз емес. 20-30 жылдан кейін бұл мұнай өндірудің табиғи құлдырауына әкелуі мүмкін. Сондықтан геологиялық барлау жұмыстарын қазірден бастап мақсатты түрде ұлғайту қажет.

Кейінгі 30 жылда геологиялық салада металл, мұнай қорларының азаюы, барлау жұмыстарын ескірген тех­но­логиялар негізінде жүргізу, нашар қаржыландыру, қажетті заманауи инфра­құрылымның болмауы сияқты кешенді проблемалар қордаланды. Өнер­кәсіптік санаттар қорларының өсімі негізінен бұрын ашылған кен орындарын қайта бағалау мен жете зерттеу есебінен алынған. Геологияның дағдаруы тиісінше геологиялық барлау жұмыстары көлемінің азаюына әкелуде. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері бір ғана кен орнының ашылуы осыны көрсетеді. Сала жай-күйінің оңалуын және даму перспективаларын бизнес-үдерістерді цифрландырудың төмен деңгейі, кадр тапшылығы, жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуге ғылыми ұйымдардың жеткі­ліксіз деңгейде қатысуы сияқты проблемалар тежейді. Қазірде арнайы бағыттағы мамандар жетіспеушілігі байқалады. Тәжірибелі геологтардың орташа жасы зейнеткерлікке жақын­даса, жас мамандардың сандық жә­не сапалық тұрғыда жетілуі үшін уақыт керек. Оның үстіне ғылыми гео­ло­гиялық ұйымдар жер қойнауын зерттеу және геологиялық барлау бойынша практикалық жұмыстарға аз қатысады. Тиісті кадрлық құрам, ғы­лыми сыйымдылық қамтамасыз етіл­мейінше геология саласы өрге бас­пайды.

Бүгінгі таңда Үкімет геологиялық барлауға инвестициялар тарту үшін жағдай жасау қажет деп санайды. Алайда шетелдік инвесторлар бұл бағытқа ірі қаржы салуға құлықсыз. Жаңа кен орындарын іздеу мен барлау – тәуекелі көп, қымбат та қыруар жұмыс. Тәжірибе көрсеткендей, әлемдегі барлау ұңғымаларының тек 30 пайызы ғана оң нәтиже береді. Инвесторлар әдетте қаржысын мемлекет өз есебінен кен орындарын барлауға жұмыстардың ерте кезеңдерін өткізген немесе жүргізіп жатқан, болжамды ресурстары бар перспективалы учаскелерінің базасы қалыптасқан елдерге жұмсағанды дұрыс көреді. Қазірде көмірсутегі шикізаты бойынша барлауға инвестициялардың екі есеге төмендеуі байқалады. Бұл негізінен төмен көміртекті саясатқа жалпы әлемдік көшумен байланысты. Сонымен қатар еліміз геологиялық барлауға салынатын мемлекеттік инвестициялардың 1 шаршы км-ге төмен көрсеткішімен сипатталады. Бізде ол – 11 доллар. Дамыған елдердегі үдеріске үңіліп, салыстыра қарасақ, бұл көрсеткіш АҚШ-та ‒ 87, Аустралияда ‒ 167, Канадада 203 долларды құрайды. 2020-2022 жылдары геологиялық барлауға мемлекеттік инвестициялар көлемі ‒ 30 млрд теңге.

Пайдалы қазбалар қорының сарқы­луымен қоса минералдық ресурстарға иелік ету үшін елдер арасындағы бәсекелестіктің күшеюі геология саласы алдындағы сын-тегеурінді қоюлата түседі. Қорларды толықтыру деңгейінің төмендеуі аясында басым пайдалы қазбалар бойынша өндірілген қорлар көлемі олардың барлаудағы өсімінен асып түседі. Ал темір, марганец, алтын, мырыш қоры бұрын белгілі объектілерді қайта бағалау және қосымша зерттеу есебінен алы­нады. 2021 жылғы қаңтардағы жағ­дай бойынша мұнай қорын толтыру коэффициенті Қашаған кен орны есебінен 1,5 құрайды, ал Қашағансыз қорды толтыру коэффициенті – 0,9, алтын бойынша – 0,29, мыс бойынша – 0,08, полиметалдар бойынша – 0,21.

Сондай-ақ солтүстік және оңтүстік өңірлердің көмірсутектерінің, сирек және сирек жер металдарының әлеуеті нашар зерттелген, ғылым мем­ле­кеттік жер қойнауын геологиялық зерт­теу қызметіне жеткілікті түрде интеграцияланбаған, геоақпарат пен керн зат тасымалдаушыларын сақтау инфрақұрылымы дамымаған. Бірыңғай кадастрда, оның ішінде игерілген кен орындарын есепке алу мақсатында қатты пайдалы қазбалардың ресурстары мен қорлары туралы есептіліктің халықаралық стандарттарына көшу аяқталмаған. Газ тұтынудың өсуіне байланысты алдағы кезеңде ішкі на­рықта газ тапшылығы күтілуде. Батыс Қазақстанда еліміздің негізгі барланған газ қоры анықталса, солтүстік және оңтүстік өңірлердегі көмірсутегі ши­кізатына перспективалы шөгінді бассейн­дердің әлеуеті нашар барлау салдарынан ашылмаған.

Салада жылдар бойы жинақталған проблемалардың түйінін тарқатып, оны әрі қарай дамыту пайымдарын қалыптастыру, сондай-ақ пайдалы қазбаларды барлауға инвестициялар тартуға жағдай жасайтын тың тәсілдерді жүзеге асыру мақсатында өткен жыл­­ғы желтоқсанда Қазақстанның геоло­­гиялық саласын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжы­рым­дамасы бекітілді. Онда жер қой­науын зерттеудің тиімділігін арттыру және минералдық-шикізат базасын толықтыру, ақпараттандыру мен цифрландыру, ғылыми-зерттеу және кадрлық қамтамасыз ету, инфра­құрылымды дамыту бағытындағы шаралар топтастырылған.

Бүгінде Үкімет жер қойнауын пайда­ланушыларға берілген келісімшарттар мен лицензияларды қайта қарауға кірісті. Осындай талдаулар барысында 2022 жылы уәкілетті органдар қатты пайдалы қазбалар бойынша 115 келісімшарт пен 198 лицензияны, сондай-ақ көмірсутек шикізаты бойынша 12 келісімшартты бұзды. Нәтижесінде мемлекеттік қорға алтын, көмір, темір, мыс, боксит, полиметалл және басқа да кен орындары қайтарылды, олар кейіннен стра­тегиялық инвесторларға беру үшін аукционға шығарылады. Өткен жылы өткізілген аукциондардың қоры­тын­дысы бойынша бюджетке 26 млрд теңге сомасына қол қою бонусы тө­ленді және көмірсутек шикізаты бойын­­ша геологиялық барлауға 50 млрд теңгеден астам инвестиция мәлімделді.

Сонымен қатар уәкілетті органдар қаржылық міндеттемелерді бұзған жер қойнауын пайдаланушыларға айыппұл санкцияларын қолдану бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Өткен жылы мемлекет кірісіне қатты пайдалы қазбалар бойынша 331 млн теңге мөлшерінде тұрақсыздық айыбы өндірілді, сондай-ақ көмірсутек шикізаты саласындағы 9 келісімшарт бойынша 1,8 млрд теңгеге берешек өтелді. Kaznedra ақпараттық платформасы әзірленіп, геологиялық материалдарға ашық қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін Ұлттық деректер банкін геологиялық ақпаратпен толықтыру жүргізілуде. Сонымен қатар 2021 жылдан бастап қатты пайдалы қазбалардың кен орындарын іздеу және барлау бойынша ұсыныстары бар елдің геологиялық құрылымы туралы ауқымды ақпаратты қамтитын қатты пайдалы қазбалар атласы әзірленді.

Мамандардың пікірінше, бізде әлі күнге дейін кеңестік геологтар таппаған ірі пайдалы қазбалардың кен орындары бар және оларды іздеу – қазір өзекті. Былтыр елімізде жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу жұмыстары 104 учаскеде жүргізілді. 2020 жылдан бастап сирек жер өнеркәсібін дамытудың жол картасы аясында алтын, мыс, сирек және сирек жер металдарын, оның ішінде 12 учаскеде барлау жалғасты. Резервтік кен орындарының шекарасын анықтау жұмыстары аяқталды, нәтижесінде 661 мың шаршы шақырым жер қойнауын пайдалануға болатын аумақтар ашылды.

Мемлекеттік жер қойнауын басқа­ру бағдарламасына енгізілген нысан­дардың жалпы ауданы 1570 мың шаршы км құрайды. Жер қойнауын пайдаланушылар жүргізген барлау жұмыстарының нәтижесінде қорлардың ұлғаюы: алтын ‒ 45,7 мың тонна, мыс ‒ 25 мың тонна, қорғасын ‒ 51,2 мың тонна, мырыш ‒ 215,8 мың тонна, мұнай ‒ 14,9 млн тонна, газ ‒ 6,8 млрд текше метрді құрады. 2022 жылы алғаш рет мемлекеттік балансқа 7 кен орны енгізілді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша геологиялық барлау және іздестіру саласындағы қызметтер көлемі бұдан бір жыл бұрынғы 163,8 млрд теңгеге қарсы 238,1 млрд теңгені құрады. Бұл – соңғы жылдардағы айтарлықтай жоғары көрсеткіш және 2019-2021 жылдардағы құлдыраудан кейінгі сектордағы алғашқы елеулі өсім.

Соңғы жылдары «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы геологиялық қыз­меті республикадағы шөгінді мұнай-газ алаптарын зерделеуді қайта қарап, тарихи материалдарды талдау, геологиялық-геофизикалық деректерді өңдеу және алаптық модельдеуді құру бойынша көлемді жұмыс жүргізді. Нәтижесінде ҚМГ-нің геологиялық барлауды дамыту тұжырымдамасы қайта қаралды. Негізгі тұжырымдардың бірі – перспективалы жоба алғышарттары бар, бірақ объектілерді контурлау және барлау бұрғылауын орнату үшін қазіргі заманғы геологиялық-геофизикалық деректері жеткіліксіз бұрын игерілмеген учаскелерді бөліп алу және зерделеу қажеттілігі. Осындай зерттеу мақсатында «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану» туралы кодексте Жер қойнауын геологиялық зерттеу (ЖГЗ) тетігі көзделген. ҚМГ тәуелсіздік жылдарында алғаш рет осындай көлемдегі жер қойнауын зерттеуге бастамашы болып отыр.

Компания хабарлағандай, республи­каның негізгі мұнай-газ бассейндерінде бес жаңа перспективалық аймақтық блоктар анықталды. Бұлар ‒ Ақтөбе облысындағы Мұғалжар, Батыс Қазақ­стан облысындағы Березовский және Маңғыстау облысындағы Жарқын, Болашақ, Солтүстік Өзен. Әрбір учаскенің мұнай және газ табудың жеке перспективалы тұжырымдамасы бар. Дегенмен зерттеудің қазіргі кезеңінде жер қойнауын пайдалануға келісімшарт алу әлі ерте, себебі бірқатар геологиялық белгісіздікті нақты сейсмобарлау жүргізу арқылы анықтау қажет. Бұл жер қойнауын геологиялық зерттеу жобасы ҚМГ инвестициялық жобалар тізбесіне енді, оның күрделі шығындары 29,5 млрд теңге сомасында есептелді. Бұл жұмыстың операторы болып «KMG Barlau» ЖШС анықталды. Барлық 5 учаске бойынша жер қойнауын геологиялық зерттеуге лицензия алынып, сейсмобарлау жұмыстарына дайындық жүруде.

Сол секілді ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинатында ком­панияның шағын кен орындарын дамыту бағдарламасы шеңберінде жаңа кен орындары ашылып, игеріліп жатыр. Бұдан бөлек, жуырда Геологтар күніне орай отандық геологиялық барлау саласындағы маңызды нысан – ERG GeoHub ашылды. Керн материалдарын (керн материалы немесе керн ‒ әрі қарай зерттеу үшін бұрғылау кезінде алынатын заттың үлгісі) тіліп, сипаттап, сақтауға арналған жаңа геологиялық кешеннің жалпы құны – 320 млн теңге. ERG GeoHub шамамен 100 мың желілік метр кернді ұстай алады. Негізгі қойманың жалпы ауданы 1600 шаршы метрге жетеді. Геологиялық ақпаратқа электрондық қолжетімділік пен геологиялық материалдарды сақтау және өңдеу бойынша инфрақұрылымның болуы геологиялық саланы дамыту тұжырымдамасының нысаналы индикаторы. 2025 жылға қарай екі көрсеткіш те 100%-ға жетуі керек. Ірі өндіруші компаниялардың осы жолмен жүріп, тың бағытты дамытуы сала үшін оң көрсеткіш.