Жоба • 06 Сәуір, 2023

Қуат желілері жаңғыртылады

308 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстан Даму банкі «KEGOC» АҚ электр желілерін басқару компаниясына облигациялық қарыз бөлді. Жалпы сомасы 10 млрд теңгені құрайтын қаражатты қарыз алушы еліміздің бірыңғай энергожүйесінің батыс аймағының жоғары вольтты желілерін реконструкциялауға және электр желісін нығайтуға бағыттамақ.

Қуат желілері жаңғыртылады

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Жоба тұтынушыға электр энергиясын үздіксіз және қауіпсіз жеткізу, қоршаған ортаға ластағыш заттар мен техникалық шығарындыларды азайту, сондай-ақ электр энергиясын тұтынуды жылына 4,392 млн киловатт-сағатқа қысқарту сынды маңызды әлеуметтік әсер береді. Сонымен қатар құрылыс кезеңінде жергілікті мамандар үшін 450-ден астам жұмыс орны құрылады. Әуелік электр жеткізу желілерін реконструкция­лау электр желілерінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.

«Жоба республикамыздың батыс өңірінде тұтынушыларды электрмен жабдықтаудың өткіз­гіштігі мен беріктігін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ желі шығындарын азайтуға көмектесіп, тұтастай энергия жүйесінің тиімділігін арттырады», дейді «Қазақстан Даму банкі» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Байбазаров.

Бұл жұмысты қаржыландыру үшін банк жақында KASE биржасында дебюттік «жасыл» облигацияларды орналастырудан тартылған қаражатты пайдаланады. ҚДБ KASE-де 30 наурызда өткен сауда-саттықта KEGOC-тың «жасыл» облигацияларын сатып алды. Осылайша, облигациялар мен оларды орналас­тырудан түскен қаражат жобаны қаржыландыруға тікелей жұмсалатын болды. Бұл – об­ли­га­циялық қарыз түрінде құры­лымдалған ҚДБ-ның алғашқы мәмілесі.

«KEGOC» АҚ «Қазақстан қор биржасы» АҚ (KASE) сауда алаңында жылына 19,51% өтеуге орташа алынған кірістілікпен жалпы көлемі 16,9 млрд теңге болатын «жасыл» облигация­ларын сәтті орналастырды. Бағалы қағаздарды өтеу мерзімі 2037 жылға дейінгі «KEGOC» АҚ облигацияларының екінші шығарылымы шеңберінде орналастырылды. Сұраныс пен ұсыныстың арақатынасы – 84,8%, бұл инвесторлардың «KEGOC» АҚ-ның «жасыл» облигацияларына деген қызығу­шылығының артқанын көрсетеді. «Жасыл» облигацияларды шы­ғару шеңберінде еліміздің Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің операторы Жасыл қаржы орталығынан (AIFC Green Finance Centre) ICMA жасыл облигациялар қағидаттарына сәйкестік туралы сыртқы бағасын (Second Party Opinion) алды.

ҚДБ-ден басқа, жобаға бір­лескен инвестор ретінде Еуропа қайта құру және даму банкі қатысады. Бұл бірлескен жоба отандық инфрақұрылымды дамы­туға шетелдік инвестицияларды тарту әлеуетін көрсетеді. ҚДБ квазимемлекеттік сектордың жобаларын басқа кредиторлармен бірлесіп, тек қана синдикатталған немесе бірлескен қаржыландыру шарттарымен, жобалар ESG қағидаттарына сәйкес келген жағдайда қаржыландырады.

«KEGOC» АҚ Ұлттық электр торабының (ҰЭТ) активтеріне иелік етіп, басқарады. Қызметтің негізгі түрлері табиғи монополиялар саласына жатады. Компанияның балансында ҰЭТ-ты құрайтын ұзындығы шамамен 27 000 км болатын, кернеуі 220-1150 кВ электр жеткізу желілері және трансформаторларының белгіленген қуаты 38,99 ГВА болатын 82 қосалқы электр стансасы бар. Жуырда компания өткен жылдың нәтижелерін талқылап, биылға арналған негіз­гі міндеттерін белгіледі. Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің операторы өндірістік межені орындау, инвестициялық жобаларды мерзімінде іске асыру, қызметкерлер үшін қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау, әл-ауқатты арттыру бағытындағы белгіленген барлық жоспарын ойдағыдай іске асырды. KEGOC «Түркістан қаласын сыртқы электрмен жабдықтау схемасын күшейту» жобасы шеңберінде кернеуі 220 кВ «Орталық» қосал­қы стансасының құрылысын аяқтады; Халықаралық қайта құру және Даму банкіне 46,3 млн теңге көлеміндегі қарыз мерзімінен бұрын қайтарылды; Инвестициялық жобаларды іске асыру үшін «жасыл» облигациялар сәтті орналастырылды. Энергетика министрлігі өкілдерінің, «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының HSE саласындағы басшылары мен сарапшыларының, сондай-ақ ТМД елдері компанияларының қатысуымен еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі бірінші форумы өткізілді. Ком­па­ния өз қызметкерлерінің денсау­лығын ерікті медициналық сақ­тан­дыру бағдарламасын, сондай-ақ жеңілдетілген пайыз­дық мөл­шерлеме бойынша банктік қарыз беру арқылы жоғары білікті кадрларды тарту үшін жеңілдетілген несиемен баспана сатып алу бағдарламасын іске қосты.

Биыл «Қазақстан БЭЖ оңтүс­тік аймағының электр желі­сін күшейту» және «Батыс Қа­зақ­станның энергожүйесін Қа­зақстан БЭЖ-мен біріктіру» жоба­­лары бойынша жұмыс жал­­ға­сады. Сонымен қатар компа­ния­ны қор нарығына (IPO) шыға­руды қамтамасыз ету, ESG-рейтингін алу, сондай-ақ ком­пания қызметкерлерінің әл-ауқатын арттыру бойынша жос­парланған іс-шараларды жүзеге асырмақ.

Компанияның басқарма төраға­сы Қаныш Молдабаевтың айтуынша, атқарылған іс-ша­ралар қызметкерлерді ынта­лан­дыруға, олардың әл-ауқа­тын арттыруға, сондай-ақ компа­ниядағы корпоративтік мәдениет пен әлеуметтік тұрақтылықтың жоғары деңгейін қолдауға қо­сым­ша серпін берді. Үйлесімді жұ­мыстың арқасында «KEGOC» АҚ алдағы уақытта күрделі тех­никалық және технологиялық мін­деттерді шешуге дайын екен­дігін жеткізіп отыр.