Құрылыс • 06 Сәуір, 2023

Заңсыз құрылыс неден шығады?

351 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазір Қарағандыда құ­ры­лыс компания­лары­­ның нарқы жоғары. Ша­­һар­­­дың әр тұсынан бір жа­ңа үй құрылысы бой көтеріп келеді. Осы­лай­­ша, баспаналы бол­ғы­­сы келетіндерді қы­зық­­­тырып, көзді арбайды.

Заңсыз құрылыс неден шығады?

Дегенмен құзырлы басқар­ма бұқараға «бұл батпан құй­рық, босқа жатқан құй­рық» емес екенін ескертті. Қарыш­таған көпқабатты құры­лыстың бірқатары заңсыз деп танылған. Бірақ тұрғын үйдің кейбірінің іргесі толық тұрғызылып, әне-міне есігін айқара ашқалы тұр. Ендеше, ондай жөнсіз көтерілген үй­лердің қабаттары салынып болғанша, «пәтуа» айтар басқарма не қарады екен? Бұл жағы – беймәлім. Тар­қаталық...

чпо

 

10 үйдің құрылысы тоқтатылды

Жалпы, тұрғын үйдің ішінде коммерциялық та, бюджеттік те, жеке тұрғын үй де бар. Әйтеуір, бәрінің түп атасы – баспана. Шамасы жеткені шекесінен шертіп алады. Жетпегені бюджеттік баспана қол созады. Икемі бары үй салады. Қалай десек те, аймақта тұрғын үй құрылысының 62 тамыры соғып тұрғанын атау ләзім.

Сонымен Қарағанды қаласындағы баспана нарығында «бәсекеге» түскен­дер кім? Үлескер компаниялар қатары – қалың. Бүгінде дайын жаңа үйден гөрі іргетасы қаланбай тұрып үйге қаржы құйып қойғанның тимділігін халық та біледі. Құрылыс компанияларын содан да жағалағандар көп.

Қарағандыда осы күні баспана нарығында жүрген 15 шақты компания бар. Қолдарында анық құрылыс жобасын ұстаған. Тұрғындар қаржысын құюда. Мұның қаншалықты сенімді-сенімсіздігі – сатып алушының тіке­лей өз жауаптылығында ғана. Өйт­кені ондай құрылыс компаниялары «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ-ның кепілдігін алуға тиіс. Олай болмаған жағдайда мемлекет ол үй­лер­ге жауапты емес. Қарағандыда он­дай кепілі бар ірі бірде-бір компания жоқ.

Жақында Қарағанды облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақы­лау басқармасы 10 тұрғын үй кеше­ні заңсыз салынып жатқанын хабарлады. Осылайша, басқарма қараған­дылықтарды мұндай үй кешендерінен пәтер сатып алуда сақ болуды ескер­теді.

Басқарманың айтуынша, облыс орталығында 7 жаңа ғимаратта жұ­мыс­тар сот шешімімен тоқтатылды. Тағы үшеуінің материалдары қарас­тырылып жатыр екен. Басқарма мәлі­­метіне сенсек, олардың барлығы жоба­ның сараптамасынсыз салынған.

– Жалпы, біз салынып жатқан 60-қа жуық тұрғын үй нысандарын бақылауда ұстап отырмыз. Мони­торинг барысында хабарлау тәртібі бұзылған 10 тұрғын үй кешені анық­талды. Заң бойынша әрбір құрылыс салушы бізге құрылыстың басталғаны туралы хабарлауы керек. Бұл онлайн, электрондық үкіметтің веб-пор­та­лы арқылы жүзеге асырылады. Бар мәселе – негізінен сараптама қорытындысының болмауында. Яғни олар авторлық және техникалық қадағалаусыз құрылыс жүргізуде. Үлескерлер үшін қауіп-қатерлер туын­дайды. Бірақ мораторийге байланысты біз шағын кәсіпкерлік субъек­тілеріне тексеру жүргізе алмаймыз, дейді басқарма басшысы Сержан Аймақов.

Ол заңсыз салынған жаңа ғимарат­тардың ішінде тоғыз қабатты тұрғын үй кешендері бар екенін атап өтті. Болашақта олар қабылдау актілерін ала алмайды. Сонымен қатар үйлерді бұзу туралы сот ісін бастауға болады. Құрылыс компаниялары ҚР ӘҚБтК-нің 314, 316, 321 және 463-баптары бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған көрінеді.

– Бұған қоса заңда ӘҚБтК-нің 320-бабы бойынша үлескерлерді заң­сыз тартқаны үшін жауапкершілік көзделген. Әлеуметтік желілердегі жар­нама арқылы біз материалдарды сотқа беру үшін құқық бұзушыларды анықтаймыз. Мәселен, 2022 жылы «OPTIMAL BUILD COMPANY» ЖШС «Третий оптимальный» ТК, «ProfInvest» ЖШС «Zaman 2» ТК бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бүгінгі таңда «Манхэттен» ТК бойынша «КапиталСтрой-XXI» ЖШС, «Аспан» ТК бойынша «SAPA CITY» ЖШС-не қатысты хаттамалар жасалды, – деді С.Аймақов.

 

«Біткен іске сыншы көптің» кері емес пе?

Басқарма басшысының мәлім­деуінше, құрылысшылардың «қара тізіміне» енген әрбір компания үнемі жарияланып отырады. Дегенмен аты аталған кей құрылыс компания­лары құжаттарының заңға сай екенін мәлімдейді. Мәселен, басқарма құры­лысы заңсыз деп жариялаған «Хан» тұрғын үй кешеніне қатыс­ты «Satti Lux Stroy» құрылыс ком­п­а­ниясының сату бөлімінің менеджерлері бар­лық құрылысқа рұқсат берілген құжат­та­рын көрсетіп жатыр. «Сіздерге бар­­лық құрылыс құжатын көрсетуге әзір­­міз. Рұқсат құжаттар толық», дей­ді компания өкілдері.

Басқарманың Қарағанды қаласы басындағы тұрғын үй кешендерін заңсыз деп жариялауы бұл – алғаш емес. Жыл сайын осындай тізімдер шығып тұрады. Мысалы, 2021 жылы 7 компанияның құрылысқа рұқсаты жоқ деп жарияланған. Әйтсе де оның біразы құрылысын бітіріп, тұрғындар сол үйлерде тұрып та жатыр. Мұны үлескерлер де растайды. Сонда бұл не ғажап?

Жалпы, тұрғын үй кешендерінің құ­рылысы қарқын алғанда, тіпті, аяқ­талуға жақын қалғанда компа­ния­лардың заңсыз үй салып жатқаны бас­қарманың есіне «күрт» түсетіні біртүрлі күлкілі. Көп қабатты тұрғын үй құрылысы көзге көрінбейтін үйшік емес. Осыған дейін ол құрылыс бас­талмай тұрып, неге тоқтамады? Үлескерлердің де көкейінде – осы сұрақ.

Аты-жөнін атамауды өтінген бір үлескерді сөзге тартып көрдік. Ол «СМК Group» ЖШС құрылыс ком­паниясының «Central Park» тұр­ғын үй кешеніне үлес құйған екен.

– Бұл он қабатты үйдің 7-8 қаба­тына дейін қабырғасы қаланды. Ха­лық үлескер ретінде ақша салды. Енді келіп, оны заңсыз деп таниды? Қаланың қақ ортасында осынша қа­бат­ты үй салынып жатқаны жер­гілікті биліктің есіне енді түсті ме? Құрылыс басталмас бұрын ондай заңсыздықтарды неге анықта­майды? дейді үлескер.

Қарағандыда кепілдігім алынбады деп қарап қалған құрылыс компаниясы жоқ. Бұлар кепілсіз екен деп үлес құймайтын тұрғын тағы жоқ. Себебі баспана бағасы жыл өткен са­йын өсіп барады.

«Қарағанды ипотекалық орталы­ғы» ЖШС мамандары қазір қаладағы баспананың орташа шаршы метрі 300 мың теңгеден екенін айтады. Мұның бірінші себебі – нарықтағы сұраныстың артуы. Салынып жат­қан пәтерлер сұранысты толық қана­ғат­тан­дырмайды. Екіншіден, қоғамда үрей бар. Бұл – теңге құнсызданып кетіп, девальвация болуы мүмкін деген қорқыныш.

– Сол себепті, қолдағы қаражатын баспанаға салып, инвестиция ретінде ұстағысы келеді, дейді «Қарағанды ипотекалық орталығы» ЖШС директоры Айнұр Сүлейменова.

Ал екінші нарықтағы, жалпақ тіл­мен айтқанда, ескі үйлердің де шар­шы метрі айтарлықтай арзан емес. Мәсе­лен, қаланың ортасында 60-70 жыл­дары салынған үйлердің шаршысы – шамамен 300 мың теңге.

Шыны керек, қазіргі кезде жаңа үйлердің, іргетасы кеуіп үлгермеген баспаналардың базары қызып тұр. Оның кепілі бар-жоғына қарап жатқан пенде кем.

Құрылысы басталған коммер­ция­­лық пәтердің шаршы метрі – Қара­­­ғандыда тап қазір 280 мың тең­ге­­ден жоғары. Мұның арасында ІІІ са­натты эконом, ІІ санатты бизнес, І са­натты люксі бар. Атауына қарай ба­ғасы да әртүрлі. Дегенмен ірге­та­сы енді құйыла бастағанда 280 мың теңгеден арзанын табу мүмкін емес. Олардың тұрғындарға тапсырылуында да сан алуан жолы бар. Біреу­лері тиесілі келісілген шаршы метрді береді, есік-терезесін, суын, жылуын қамтып. Одан әрі қарай өзіңіз ішкі қабырғаларын қалап, бөліп аласыз. Жарығын жеткізесіз. Қабырғасын ақтайсыз дегендей. Мұ­ны «Еркін жобалау, сылақсыз (свободная планировка, черновой)» дейді. Одан кейінгісі – ішкі бөлмелердің қабырғасы бөлінген, электр желісі пәтердің ішінде толық­тай бар, қабырғасы бір рет астар­ланған, алдын-ала әрленген пәтерлер. Үшіншісі – таза кәдімгі толыққанды үй. Оны жұрт та, компаниялар да «Таза әрленген» (чистовой) дейді. Бұл – коммерциялық үйлерден гөрі кепілдігі бар бюджеттік үйлерге тән. Коммерциялық үй салатын компания­лар ішкі жұмысына босқа қаржы да, тер де төккісі келмейді. Себебі бұл үй құнына ықпал етеді.

Сарапшылардың айтуынша, Қара­ғандыда тұрғын үй құрылысы қарқын алып келеді. Десек те сұраныс­ты толық жабуға жетпеген екен. Ал оның барлығында дерлік «Қазақстан тұр­ғын үй компаниясының» кепілі жоқ.

 

Қарағанды