1994-тің күзіне таман сол кездегі Жезқазған облысының әкімі болып Қажымұрат Нағманов есімді мықты қазақ келді. Ол келе салысымен жағдайды түзеуді шұғыл қолға алды. Соның нәтижесінде айналасы бірер айдың ішінде жылу берілді, су келді, жарық жанды. Содан кейін Қаныш қаласында бұл мәселелерден ешқандай проблема болған емес. Бірақ...
Кейінгі екі-үш жылдың бедерінде қала халқы отыз жыл бұрынғыдай қыстыгүні қатып қалмаса да, қалтырап шығатындары туралы жиі-жиі сөз ете бастады. Бұған не себеп? Өйткені қала өсті.
2011 жылы 3 қарашада «Қарағанды облысының Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2012-2017 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіту туралы» Үкіметтің №1283 қаулысы қабылданды. Бұл қаулыға Үкіметтің 2013 жылғы 31 желтоқсандағы №1505 қаулысы бойынша біршама өзгеріс енгізілді. Қаулыда кен қорының азаюына байланысты қала іргесіндегі Жезқазған, Весовая, Крестовский, ГРП кенттерінің тұрғындарын Сәтбаев қаласына көшіріліп, кенттер орналасқан өңірдегі кен көздерін игеру көзделді. Тұрғын үйлерді салуға, көшіруге қажетті шығындар мемлекет қаржысы есебінен жүргізілетін болды. Осы бағдарламаның нәтижесінде, Сәтбаев қаласында жаңадан «Нұрлы мекен» және «Байқоныс» шағын аудандары бой көтерді. Қала халқы көбейді, ажары ашыла түсті. Бәрі жақсы-ау... Дегенмен бұл қалаға қалыпты жылу беруге салқынын тигізе бастады.
Қазіргі кезде қалада орталықтандырылған жылу желісіне қосылған 610 көпқабатты, 2 500-ден аса жер үй, сондай-ақ 29 білім беру, 10 денсаулық сақтау, 8 мәдениет пен спорт нысаны, 4 бюджеттік мекеме және т.б. бар. «Сәтбаев жылумен және сумен жабдықтау кәсіпорны» ЖШС-нің диаметрі 50-ден 1 020 мм-ге дейінгі инженерлік желілерінің жалпы ұзындығы 766,7 шақырымды құрайды. Нақты айтқанда, жылу желілері – 223,6 шақырым, су құбыры желілері – 334,5 шақырым, кәріз желілері 208,6 шақырымды құрайды.
Қаланың жылу орталығы «Kazakhmys Distribution» ЖШС-не қарайды. Қаладағы №1 жылу орталығының қуаты жаңа жағдайға жарамсыз болатыны белгілі еді. Сондықтан да 2013 жылы ауызекі тілде ЮЗК атанып кеткен №2 жылу орталығынан №1 жылу орталығына шейін жылу желісін тарту туралы жоба қарастырылды. Бұл жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп, бекітілді. Бірақ қаржыландыру көзі анықталмай, жоба сол күйінде қалып қойды. Міне, оған да аттай он жыл өте шығыпты. Осыдан он жыл бұрынғы жоба бүгінге жарамды ма? Осындай сұрақ туындайтыны да дұрыс. Дегенмен Сәтбаев қаласының әкімі Шапағат Әубәкір қаладағы жылу мәселесін шешудің ең тиімді жолы сол жобаны қайта қарап, іске қосу деп біледі. Жуырдағы қала халқына есеп берген кезінде әкім осы ұстанымын тағы да қайталады. Бірақ бұл жобаның да өзіндік кілтипандары жоқ емес. Біріншіден, жылу жеткізетін қосымша желі тарту керек. Ал сол желі жүріп өтетін өңір орысшалағанда «зона обрушение», яғни апатты аймақты басып өтеді. Беті аулақ дейсің ғой, бірақ қауіпті аймақ екенін біле тұра қыруар қаржы жұмсап, қосымша желі тарту және оған сенудің өзі ақылға сыйымсыздау.
Қаладағы жылу мәселесі тек қала басшылығын ғана толғандырып жүрген жоқ. Қалалық Ақсақалдар алқасының төрағасы Ө.Ахметов «Қазақмыс» корпорациясының сол тұстағы басқарма төрағасы Э.Огайға 2022 жылғы 31 наурызда арнайы хат жолдады. Мұнда ол корпорацияның шикізат базасын нығайту мақсатында көшірілген поселкелердің есебінен Сәтбаев қаласында екі бірдей шағын аудан қосылғанын, бірақ соның кесірінен 56,84Гкал/сағ жылу тапшылығы пайда болғанына алаңдаушылық білдірген. Нақ осы мәселе Ұлытау облысы әкімінің 2022 жылғы желтоқсан айындағы Сәтбаев қаласы халқымен кездесуінде де көтерілді. Сәтбаев қалалық Қоғамдық кеңесі де аталған мәселеден ешқашан сырт қалып көрген емес. Қоғамдық кеңес төрағасы М.Мәдиева 2023 жылғы 24 қаңтарда «Kazakhmys Distribution» ЖШС бас директоры Н.Сағындықтың атына кезекті рет хат жолдаған. Н.Сағындықтың 2023 жылғы 30 қаңтардағы жауапхатында Сәтбаев қаласындағы жылу мәселесін шешу үшін үш түрлі жоба қарастырылып жатқаны жеткізілген. Бұлар, біріншіден, №2 жылу орталығынан №1 жылу орталығына желі тарту. Екіншіден, №2 жылу орталығына жаңадан 5-қазандық орнату. Үшіншіден, қуаттылығы 100Мвт болатын бу-газ қондырғысын орнату.
Ұлытау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Алмас Жандарбеков екінші жобаны жүзеге асыруды облыстың «Қазақмыс» корпорациясынан талап етіп жатқанын айтады. Ал корпорацияның басқарма төрағасы Н.Нұриев осы жолдар авторының сұрағына 5-қазандықты орнату мүмкін еместігін ашық айтты. Сол сияқты қуаттылығы 100Мвт болатын бу-газ қондырғысын орнату да әлі иі қанбаған шикі жоба көрінеді. Өйткені А.Жандарбеков мырза бұл жобаны Сәтбаев қаласында жүзеге асыру мүмкін емес деп санаса, Н.Нұриев «Мүмкін Жезқазғанда, әлде Сәтбаевта орнатамыз ба, біз әлі нақты шешімге келген жоқпыз», дейді. Тағы бір түсініксіздеу тұсы, ел Үкіметінің 2022 жылғы 4 қарашада қабылдаған «Ұлытау облысының 2022-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы Кешенді жоспарының 48-пунктінде орындалу мерзімі 2024 жыл деп көрсетілген «Сәтбаев қаласында қосымша 5-қазандықты орнатып, №1 жылу стансасын жаңғырту», ал 50-пунктінде жауапты орындаушылары Ұлытау облысының әкімдігі және келісім бойынша «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС екені нақты көрсетілген және жобаны орындауға кірісу үшін 2023 жылы 10 300 млн теңге қаражат бөлу қарастырылған «Жалпы қуаттылығы 100 МВт бу-газды қондырғы салу» көзделген. Кешенді жоспарға енгізілгенмен бұл жобалардың орындалуы әлі де нақтыланбаған секілді. Түсініксіздеу деп отырғанымыз да сондықтан. Мұның жауабын облыстан әрірек жақтан естімесек...
Бір нәрсе анық, Қаныш Сәтбаев есімін иеленген қаланың жылу мәселесі шұғыл шешуді қажет етеді. Қазір белгілі болғанындай, қаланың бір бөлігін газдандыру мақсатында магистралдық желі тарту үшін қаражат қарастырылып, тендер жарияланғаны жақсы-ақ. Бірақ бұл – мәселені жуық арада шеше қоятын жоба емес. Мұны мойындаған абзал.
Міндетті түрде апат орын алған кезде ғана аттандамау керек, әр мәселенің алдын алуға үйренген жөн. Осы тақырыпта пікір алмасып көргенде қолында билігі бар, іске әсер ете алатын тұлғалардың қайсысы болса да қандай жоба болсын, бүгін-ертең іске аса қоймайды дегенді еске салумен болды. Бұлай өзін-өзі де, өзгелерді де алдарқатуға болмайды. Жайбасарлыққа жандары үйір жандар ғана осындай сөзді өздеріне тіреу көретін болса керек. Әйтпесе... Жезқазған дегеніңіз кешегі соғыс уақытында бас-аяғы 38 күннің ішінде бір зауытты пайдалануға берген өңір емес пе? Ал біз айналдырған бір қосымша қазандық орнатуды, орысшалап айтқанда, «физический невозможно» дейміз.
Сәтбаев қаласында жылу тапшылығы қайдан қалай туындады? Жердің астындағы кенді алу үшін үстіндегі елді көшіргенде олар қайда кетті? Кенді алуды ойлағанда елді тоңдырмауды ойлауға болмай ма? Міне, облыстың, «Қазақмыстың» басшылығы осы сұрақтардың жауабын іздеп көрсе ғой...
Әрине, өткен қыс еліміздің әр-әр жеріндегі жылу беру орталықтарының қалт-құлт етіп жұмыс істеп тұрғанын көрсетті. Қаныш қаласының халқы да «шықпа, жаным, шықпалап» отырды. Күн райы да қарасқан шығар, бетіңді шым еткізген, құлағыңды тістеп алатын аяз болған жоқ. Сол арқылы қала қыстан әупірімдеп шықты.
Бірді айтып бірге кеткендей болсақ та, айтайық. Өйткені жақсы тәжірибені таратып, күнделікті жұмыста пайдаланғанның еш артығы болмайды. Сәтбаев қаласын 1999-2008 жылдары Қанат Балмағамбетов деген азамат басқарды. Марқұм жұмысқа шын берілген әкім еді. Сәуірдің 15-і күні жылу беру маусымы аяқталса, ол кісі 16 сәуірден бастап алдағы жылу беру маусымына дайындық барысы туралы штаб құрып, апта сайын не істелді, не істелмеді, не істеу керек деген үш сұрақтың төңірегінде жиын өткізетін. Соның арқасында қала жылу беру маусымына еш алаңсыз кірісетін еді. Осы тәжірибені әрбір қала, кенттерде қолданса артығы болмас.
Әрине, биыл жылу орталықтарының қысқы маусымға дайындығы қатаң бақылауға алынуға тиіс. Былтыр сыр берген өңірлер ғана емес, барша қазандық, жылу орталықтары кешенді сүзгіден өтетін болса керек. Сәтбаев қаласындағы жылу орталығының жай-күйіне де мемлекет тарапынан назар аудармаса болмайды-ау...
– Біз қыс түсе бәріміз молдаға айналатын болдық. Алладан қысты жылы ете гөр, қазандықта жарылыс жасауға жол бере көрме деп күнімен, түнімен жалбарынып шығатын күйге түстік. Қаладағы жылу мәселесін шешпесеңіздер, біздің екінші Екібастұзға айналуымыз бір-ақ сәтте. Азаматтар, ойланыңыздар! – деген еді алқалы жиында қаланың құрметті азаматы, кен ардагері Абулайс Молақов.
Ол айтса көптің сөзін айтты. Өйткені Сәтбаев қаласы халқының арасында қаламыз «Екінші Екібастұзға» айналмай ма деген күдік әркімнің көңілінде жүр. Сол күдік ақиқатқа айналып кетпесін!
Абдолла ДАСТАНОВ,
журналист
Ұлытау облысы,
Сәтбаев қаласы