Энергетика • 07 Сәуір, 2023

Мұнай өндірісі қысқаруының нарыққа әсері

243 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өткен аптада ОПЕК+ күтпеген жерден мұнай өндірісін тәулігіне 1,66 млн баррельге қысқарту туралы шешім қабылдады. Бұл іске алғашқылардың бірі болып білек сыбана кіріскен Сауд Арабиясы өндірісті тәулігіне 500 мың баррельге қысқартатынын мәлімдеді. Оның ізін ала бұл бастамаға Ирак (211 мың баррель), Кувейт (128 мың баррель), БАӘ (144 мың баррель), Алжир (48 мың баррель) үн қосты. Ресей наурыздан маусымға дейін жариялаған қысқартудың жыл соңына дейін жалғасатынын (500 мың баррель) мәлімдеді. ОПЕК+ бастамасына сәйкес Қазақстан да мамыр айынан бастап өндірісті тәулігіне 78 мың баррельге дейін азайтады.

Мұнай өндірісі қысқаруының нарыққа әсері

Энергетика министрлігінің түсіндіруінше, бұл қысқарту 2022 жылғы 5 қазандағы ОПЕК+ 33-ші ми­нистр­лік кездесуінде қабылданған өнді­ріс­ті қысқартуға қосымша алдын алу шарасы. «2023 жылдың ма­мыр айынан бастап ОПЕК+ басқа қатысушы елдерімен бірге өнді­руді тәулігіне 78 мың баррельге қыс­қартуды жүзеге асырады», делінген министрлік таратқан ақпаратта.

Алайда осы қысқарту туралы жаңалық мұнай нарығына тәуір әсерін тигізген сияқты. Біраздан бері құлдырап тұрған «қара алтын» бағасы 7 пайызға көтеріліп, қазір барреліне 85 доллардан асып тұр. Нарықта ұсыныстың азаюы бағаның көтерілуіне жол ашты. 

Rystad Energy сарапшылары алда­­ғы жазда Brent бағасы барреліне 110 долларға дейін өсуі және жыл соңы­на дейін сол межесінде қалуы мүм­кін деп болжайды. UBS те сондай көз­қараста, ал Goldman Sachs мұ­най бағасын шамамен 95 доллар төңі­регінде аялдайды деп пікір білдіріпті.

Сауд Арабиясының Энергетика министрлігі Нарықтағы мұнай көле­мін кенеттен қысқартуды «мұнай нарығының тұрақтылығын сақтау үшін жасалған сақтық шарасы ретінде қажет», деп түсіндірген. Ал АҚШ болса инфляциямен күресу және энергия тасымалдаушылар бағасын төмендету үшін өндірісті арттырайық деумен келе жатыр. Мұнай нарығы бойынша тәуелсіз сарапшы Натан Пайпердің айтуынша, өндірушілер осындай қадамға бару арқылы орта мерзімді перспектива­да бағаны барреліне 80 доллар дең­гейін­де ұстап тұруға ұмтылатын секілді.

Энергетика экс-министрі Болат Ақ­шолақовтың айтуынша, әр мемле­кеттегі шектеу көлемі әртүрлі. Біздегі шектеу – 5 пайыздың маңайында.

«Қазақстанның өз ішіндегі көлем­нің төмендеуі бағаға әсер етпейді. 4,7 пайызға төмендету – негізінен, біздің кен орындарын пайдаланудағы техникалық қателер шегіндегі қысқарту. Біздің кен орындарының техникалық қателігі 10-нан 20 пайызға дейін, бұл жобалық құжатқа енгізуді қажет етпейді. Сондықтан 4-5 пайыз шамамен технологиялық деңгейдің қателігі болып саналады», дейді министр.

Экономист Әкімжан Аруповтың сөзінше, тауар азайған кезде ғана сатушы өз тауарын қымбатқа өткізе алады. Сондықтан ОПЕК+ бұл ретте геосаяси, геоэкономикалық ахуалды, өте жоғары деңгейдегі құбылуды ескеріп, осындай шешім қабылдап отыр.

Қазақстан мұнай сервистік компаниялар одағының мәлімдеуінше, мұнай бағасының өсуі инфляцияның одан әрі қарай өрістеуіне жол ашады. «Қазір көпшілік жоғары инфляциядан зардап шегіп отыр. Бұл – төтенше ахуал. Біздің жиған-терген қаражатымыз көз алдымызда құмға сіңген судай жоғалып бара жатыр. Сондықтан түпкілікті себептерді түсіну маңызды. ОПЕК+ және Ресейдің мұнай өндірісін қысқартуы – сол себептердің бірі. Қысқартқаннан кейін баға өсіп жатыр. Егер баға өссе онда басқа бағалар да өсе бастайды. Бұл жерде әңгіме тек бензин туралы емес, мұнайды пайдалана отырып өндірілетін өзге де тауарларға қатысты. Ал олар өте көп – парфюмерия, кәмпит, аспирин, т.б. АҚШ, Жапония және ЕО көп мұнай импорттайтындықтан, олардың көбірек төлеуіне тура келеді. Сондай-ақ мұнай өндірісінің қысқаруы мұнай индустриясында жұмыс орындарының қысқаруына да алып келеді. Әсіресе, мұнай өңдеу саласына теріс эффектісін береді», деп мәлімдеме жасады одақ.