Қаржы • 07 Сәуір, 2023

Мемлекеттік бюджет кірісі бір жылда 28 пайызға өсті

387 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

2022 жылдың қаңтар-желтоқсан айларының қорытындысы бойынша еліміздің мемлекеттік бюджетіне 20,2 трлн теңге түсті, бұл бір жыл бұрынғыдан 27,8% артық, деп хабарлайды Egemen.kz.
 

Мемлекеттік бюджет кірісі бір жылда 28 пайызға өсті

2021 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында мемлекеттік бюджеттің кірісі бір жылда 9,1% өсіп, 15,8 трлн теңге болған.

Бұл ретте мемлекеттік бюджет шығысы өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айларымен салыстырғанда 19,9% ұлғайып, 21,5 трлн теңгеге жетті. 2021 жылы мемлекеттік бюджеттің шығысы 18 трлн теңге болған. Бұл бір жыл бұрынғыдан 7,3% артық. Бұл туралы Finprom.kz жазды.

Кірістің басым бөлігі – 73,3%-ы дәстүрлі түрде салық түсімдері есебінен алынған. Салық түсімдері бір жылда 38,4% өсіп, 14,8 трлн теңгеге жетті. Оның ішінде тауарларға, жұмыстар мен қызметтерге ішкі салықтар 5,8 трлн теңге, табыс салығы 5,5 трлн теңге, халықаралық сауда мен сыртқы операцияларға салықтар 2 трлн теңге, әлеуметтік салық 1 трлн теңге, мүлік салығы 455,3 млрд теңге болған.

Салықтық емес түсімдер бір жылда 41,1% өсіп, 584,8 млрд теңгеге жетті. Олардың басым бөлігі мемлекеттік меншіктен түскен кірістерден (338,9 млрд теңге), сонымен қатар мемлекеттік бюджеттен немесе ҚР Ұлттық банкінің бюджетінен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелер салатын айыппұлдардан, санкциялардан, өсімпұлдардан (112,8 млрд. теңге) түскен.

Негізгі капиталды сатудан түскен түсім (239,9 млрд теңге) құрады. Бұл бір жыл бұрынғыдан 15% артық. Оның ішінде мемлекеттік мекемелерге бекітілген мемлекеттік мүлікті сатудан 200,2 млрд теңге, жер учаскелері мен материалдық емес активтерді сатудан 32,8 млрд теңге, мемлекеттік материалдық резервтен тауарларды сатудан 7 млрд теңге кіріс түсті.

2022 жылдың он екі айында трансферттердің түсімдері бір жылда 1,8% өсіп, 4,6 трлн теңге болған.

Былтырғы он екі айда мемлекеттік бюджет шығысының басым бөлігі білім беру саласына тиесілі: 21% немесе 4,52 трлн теңге. Бұл бір жыл бұрынғыдан 22,8% артық. Тағы 20,9%-ы әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыруға жұмсалды: 4,5 трлн теңге, бір жыл бұрынғыдан 11,6% артық.

Шығынның 9,8%-ы денсаулық сақтау саласына түсті: 2,1 трлн теңге. Бір жыл бұрынғы 2,3 трлн теңгемен салыстырғанда, 6,5% аз. Шығындардың бір жылда ең көп өсімі өнеркәсіпте (91,8%, 111,4 млрд теңгеге дейін), ең азы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында (5,9%, 1,3 трлн теңгеге дейін) байқалды.