Қылмыс • 09 Сәуір, 2023

Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың себебі мен салдары

3414 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Өкінішке қарай, елімізде жасөспірімдер қылмысы азаймай отыр. Дерекке сүйенсек, жыл сайын орта есеппен 145 мыңнан астам заң бұзушылық тіркеледі екен. Бозбала мен бойжеткендер арасындағы теріс қылықтың көбі ұрып-соғу, ұрлық және өз-өзіне қол салу сияқты фактілерден тұрады. Ең сорақысы, жыл сайын заң талабымен жазаланатын жасөспірімнің кемінде біреуі бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеу үшін тәрбиелеу колонияларына жіберіледі.

Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың себебі мен салдары

Жас өскіннің бүршік жармай жатып қылмысқа баруы – жантүр­ші­гер­лік жағдай. Десек те, елімізде жет­кін­шектердің қылмысы жылдан-жылға көбеймесе, азаймай тұр. Мәселен, рес­публика бойынша биыл кәмелетке толмаған 700-ден аса жеткіншек қыл­мыстық жауапкершілікке тартыл­ған. Соңғы наурыз айының өзінде 378 жасөспірім қылмысқа бой ұрған. Олардың ішінде ауыр емесі – 32, ауыр­лығы орташа – 147, ауыр –162, аса ауыр 15 факт тіркелген.

– Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың өсуіне ата-ана­лардың баланы қараусыз қалдыруы, ком­пьютерлік ойындарға әуестенуі, құ­­қықтық сауаттың төмендігі және жас­өспірімдер үшін бос уақытты ұйым­дастырудың болмауы себеп болып тұр. Жас жеткіншектер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу үшін рейд жүргізілді. Нәтижесінде, Маңғыстау облысында кәмелетке толмағандарға алкогольді ішімдіктерді, темекі өнім­дерін өткізу, заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде және тұрғын үй-жай­лардан тыс жерде болу фактілері анық­талды. Жасөспірімдердің ата-аналарымен тиісті жұмыстар жүргізілуде, заңға сәйкес тұрмысы нашар отбасы балалары есепке алынады, – деді Маңғыстау облысы ПД ЖПҚБ бастығы, полиция подполковнигі Данияр Азимов.

 

Сотқар бала қайдан шығады?

Қоғамдық пікір бұзық балалар туралы сөз болғанда олардың көбіне «біреуден есесін қайтару мақсатында» немесе «заңнан бейхабар» болуы себеп­ті мұндай әрекеттерге барып жатады де­генге саяды. Ал психологтердің ай­туын­ша, жас жеткіншектердің қылмыс жасауының басты себептерінің бірі отбасылық қарым-қатынастың әлсіреуі екен. Яғни баланың немен айналысып, қайда барып жүргеніне ата-ананың назар аудармауы. Сондай-ақ кімдермен жолдас болып жүргені мен баланың әлеуметтік желілерге оңай қол жеткізуі де әсерін тигізіп тұр. Өйткені олар қыл­мысқа балалықпен, аңғалдықпен ұрына­тын көрінеді. Бұл пікірмен Астана қала­сындағы №59 мектеп-лицейінің педагог-психологі Әсия Серікова да келіседі.

– Қазіргі жасөспірімдердің қылмыс­қа баруына бірнеше фактор әсер етеді. Бірінші, ата-ананың қарауынан тыс қал­ған кезде. Екінші, оның ортасы. Не себепті? Өйткені бесіктен белі енді шыққан, оңы мен солын әлі де танып үлгермеген балаларға ненің ақ, ненің қара екенін нұсқайтын ата-ана керек. Сондай-ақ отбасында тәрбиелік бағытта әңгімелер, кездесулер, сөйлесулер жүр­гі­зілмегенінің салдары да бар, – деді Ә.Серікова.

Бұған қоса бала жақсы әдетті де, жаман әдетті де, ең алдымен, отбасында көретінін ескерсек, оның тәрбиесіне талбесіктен мән берген жөн. Осы ретте психолог Айгүл Байжанова ұлт­тық құндылықтарды ескеру керек екенін айтады.

– Қазақы тәрбиеде балаға үлкендерді құрметтеуді, кішіге қамқорлық жасауды үйретеді. Бірақ шамадан тыс тыйым­дар, оның қызығушылығымен санас­пау, эмоцияларын көрсетуден тыю – болашақта баланың бостандығы мен таңдауына кедергі келтіреді. Сондықтан кез келген ата-ана арадағы теңдікті ұстай білуі керек. Психолог-ғалымдардың зерттеуінше, бала үш жасқа келгенде алғашқы өтпелі кезең болады. Бала психикасының дамуындағы дағдарыс оның қылықтарынан көріне бастайды. Себебі дәл осы жас – баланың «жоқ» дегенді түсінгісі келмейтін, тыйым салуды ұнатпайтын, мінез-құлқы тұрақсыз кезеңінің бірі. Бұл жағдайда баланы жақсы жаққа қарай бағыттай білу – ата-ананың басты міндеті. Оған өзге адамдардың жай-күйін түсіну, яғни эмпатия қабілетін мектепке дейін қалып­тастырған абзал, – деді маман.

 

Бала – үйде, қылығы – түзде

Жақында ғана Қызылорда облы­сын­­дағы мектептерінің бірінде оқу­шы­лар арасында төбелес болып, бір бала пышақ жарақатын алды. Жас­өс­пірім ауруханаға жеткізіліп, меди­ци­налық көмек көрсетіл­геннен кейін үйіне жіберілді. Ал күдікті жеткіншек Қызылорда қалалық полиция бөліміне жеткізіліп, бұл оқиға бойын­ша Қылмыстық кодекстің 293-бабымен қылмыстық іс тіркеліп, тиісті сараптамалар тағайындалған. Бүгінде тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Әзірге бала ата-анасына тапсырылған. Демек, жасөспірімдердің қылмыс жасау мәселесі тек құқық қорғау органдарының емес, ең бірінші ата-ананың, кейін мектептің, басқа да мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың қадағалауын талап етеді. Сарапшы психологтердің зерттеулері де осыны меңзейді. Яғ­ни баланың саналы азамат болып қалыптасуында оның отбасы, мектеп қабырғасы, көшеде көрген өнегелері маңызды рөл атқарады.

– Ата-аналардың кейбірі «баланың киім-кешегін, тамағын тауып бердім, тәрбиесімен мектеп не балабақша айналыссын» деген ұстанымда. «Ұстаз – екінші анамыз» деп «тәрбие» атты үлкен жауапкершілік мұғалімдерге де артылады. Әрине, кез келген білім ошағында психолог мамандар жұмыс істейді. Бірақ мына фактіні ескеруіміз керек. Қазіргі балалардың ата-аналарының көпшілігі өздері бала кезінде көп қиындық көрген ұрпақ. Яғни тәуелсіздік алған жылдары балаларын асыраймын деп күнкөрістің қамымен, тәрбие жағы ақсап жатты. Менің ойымша, сол уақытта жасалған бұл қателік – бүгінгі күннің «жемісі». Балалар арасында қылмыстың көбеюі, қатыгез болып кеткенінің бір себебі осы болса керек, – деді Атырау қаласы С.Зиманов атындағы №37 мектептің мұғалімі Сымбат Асқарқызы.

 

Мәселені қалай шешеміз?

Ішкі істер органдары бұл ретте қыл­мыстың жасалу себептеріне талдау жа­сап, суицидке баратын және олар­дың құрбаны болатын тұлғалардың әлеу­мет­тік портретін жасауды көздейді. Бұ­ған қоса оқушылар арасында психо­ло­гия­­лық қолдау шараларын ұйымдас­тыру­ды, тәуекел топтағы балалармен жұмыс­ты жан-жақты үйлестіруді қапер­ге алады.

Ал Тараз қаласы білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарованың айтуын­ша, жастарға қатысты мәселе білім ордаларында талқылануы қажет. Яғни жиынға ата-ана мен балалардан бөлек, полиция мамандары да қатысуы керек. Олар тергеу амалдары мен кез келген қылмыс түрінің соңы неге апаратынын ашық айтып бергені жөн. Өйткені тәрбиенің сан қырын қарастырсақ, құқықтық тәрбие, құқықтық сауаттың көші ілгері болмақ. Былайша айтқанда, педагог жастар мәселесін шешуде дәстүрлі әдістен гөрі, тың тәсілдер нәтижесін береді деген сенімде.

Психолог Әсия Серікова жеткін­шек­­тердің тұманданған ойына одан сайын салмақ салмай жастар тілінде сөйлесудің маңызды екенін айтады.

– Осыған дейін ата-анаға баласымен үлкендерше сөйлесу туралы кеңес айтылып келді. Алайда бұдан шығып жатқан нәтиже аз. Сол себепті бұл жүйені өзгертіп, жастармен өз тілінде сөйлесуді қолға алу қажет. Егер оның психологиясына еніп, ой-санасына жеткізер жол тапсаң, жасөспірімдердің өмірге деген көзқарасын өзгертуге болады, – дейді ол.