Аймақтар • 10 Сәуір, 2023

Спорты өркендеген өңір

389 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Спорт – өркениетті қоғам өмірінің айнымайтын бір бөлшегі. Спортпен айналыспайтын, оны мемлекеттік тұрғыда қолдамайтын мемлекеттер некен-саяқ. Мемлекеттік бюджеттен қомақты қаржы бөле отырып, өркениетті елдер өз спортшыларының өнерін жетілдіреді, жарыстарда жеңуін қалап, жанкүйер болып отырады.

Спорты өркендеген өңір

Біздің елдің барлық өңірінде дене­шынықтыру мен спортқа жіті көңіл бөлінген. Солтүс­тік Қазақстан облысы әкімдігінің денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Асылбек Әбділмановтың айтуына қарағанда, облыс халқының 40 пайызы, яғни 215 мыңнан аса адам спортпен тұрақты түрде айналысады екен.

Бүгінгі таңда облыс орталығын қоса есептегенде Қызылжар өңірінің бар­лық елді мекенінде 2 951 спорт нысаны, балалар мен жасөспірімдердің 27 спорттық мектебі, интернат-колледж, 25 аулалық және 9 спорттық клуб, сонымен қатар спорттық шеберліктің бір мектебі мен Олимпия резервіне дайындау орталығы бар.

2022 жылы жасөспірімдердің арасында спортқа деген құлшынысты арттыра түсу мақсатымен жаңадан 17 сек­ция ашылған. Отыздан аса жеке­меншік залдарға тапсырыс беру арқылы қосымша 3 200 бала спортпен айналысады. Бұл мақсатқа биыл 423,4 млн теңге қарастырылып отыр. Былтыр аудан орталықтары мен аудандағы елді мекендерде жаңадан 28 спорт нысандары ашылды. Атап айтқанда, Ақжар, Қызылжар аудандарында – үш-үштен, Айыртау ауданында – екі, Шал ақын, Есіл, Мүсірепов, Мамлют, Тайынша аудан­дарында бір-бірден шағын футбол алаңдары жасалды. Ал Жұмабаев ауданында бір хоккей корты, Ақжар мен Есіл аудандарында спорттық және стиритворкаут (көшедегі) алаңдары ашылды.

Биыл денешынықтыру-сауықтыру кешендерінің төртеуінің құрылысы аяқталады. Бұл кешендер Айыртау, Есіл, Жамбыл және Ғ.Мүсірепов аудан­­дарының орталықтарында бой көтер­мек. Сонымен қатар Тайынша мен Айыртау аудандарының орталық­тарында екі жабық хоккей кортының құрылысы жалғасады. Бұлар аудан бюджетінің есебінен тұрғызылса, Шал ақын ауданындағы «Агро Север» ЖШС өз қаражатына Повозочный ауылын­да да осындай корт тұрғызуды қолға алған. Сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының шеңберінде биыл Ақжар ауданының орталығы – Талшық ауылында құны 215 млн теңгелік жабық хоккей кортын салу жоспарланған.

Қызылжар қаласында өткен ғасыр­дың 50-жылдары ашылып, орыс тілінде оқытатын баяғы №1 мектеп-интернат 1997 жылы сол кездегі директоры, елі­мізге белгілі балуан Жамбыл Тасе­ме­новтің күш салуымен спорт интернат-колледжіне айналған. Содан бері бұл мекеменің қабырғасынан елімізге танымал спортшылар шықты. Соның ішінде үшеуі «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері» атағын алған. Олар – кикбоксингтен 2007 жылы Португалияда өткен әлем біріншілігінің чемпионы, Франция (2003) және Гре­кияда (2009 ж.) өткен чемпионаттардың күміс жүлдегері Мирас Бірімжанов, велосипедші Алексей Луценко, еркін күрес шебері Нұрғожа Қайпанов.

Осы мек­теп-интернаттың ғимарат­тары барынша ескірген еді. Былтырдан бері оның жанынан 244 орындық жатақхана салына бастады, биыл оның құрылысы аяқталады деп жоспарланған.

Петропавл қаласының орталық стадионы – «Қарасайдың» футбол алаңын UEFA норамалары мен стандарттарына сәйкестендіру де қолға алынды. Бүгінгі таңда оны іске асыратын «ҚазЕуроқұрылыс» компаниясымен 1 млрд 235 млн теңгеге келісімшарт жа­салған. Ал «Жастар» стадионы рес­пуб­ликалық жарыстар өткізудің стан­дарт­тарына сәйкестендіріліп, 117,2 млн теңгеге жасанды шөп төсеу қолға алынды.

А.Әбділмановтың айтуына қараған­да, халықты спортқа жұмылдыру мақ­са­тымен былтыр 230 мың адамды қам­тыған 1 200 спорттық-бұқаралық шара өткізілген. «Соның ішінде ха­лық барынша көп қатысқандары халықтық спорт ойындары болды. Оның шеңберінде бес кешенді спартакиада өткізілді. Дәстүрлі түрде өткі­зілетін «Ақ бидай», «Север» қысқы спорт мерекесі, об­лыстық «Жастар» спартакиадаларына ха­лықтың ынтасы зор болды», дейді ол. Сонымен бірге «Король ринга» атты бокстан өткізілетін облыстық турнир мен «Қызылжар барысы» атты қазақ кү­ре­сінің жарыстары – халық арасында барынша кең тарап, танымал болып отыр.

Облыста ауыл шаруашылығының бай құрылымдарын спорт саласына меценат болуға тарту жұмыстары да ұтым­­ды жүргізілуде. Мәселен, Тими­рязев ауданындағы «Қуаныш» шаруа қожа­лығының басшысы Қайырбек Хам­зин өз қаражатына волейбол кеше­нін тұрғызып, оның қабырғасында «Қуаныш» атты әйелдердің волейбол коман­дасы жаттығады. Былтыр осы команда Азия чемпионатында өңірімізге бас жүлде алып келді. Ал олардың демеушісі Қайырбек Хамзин Мәдениет және спорт министрлігінің шешімімен 2022 жылғы «Ең үздік меценат» атағын алды. Ал биыл Ұлттық лиганың чемпио­натында команда екінші орын алды. Жуырда команданы облыс әкімі Айдарбек Сапаров құттықтап, Алғыс хат тапсырды.

Сондай-ақ Қызылжар өңірінің «Есіл» атты ерлер волейбол командасы, «Барыс» атты баскетбол коман­дасы республика біріншілігінде екінші орын алған. Осының бәрі – спортқа жіті көңіл бөлудің нәтижесінде қол жет­кізіліп отырған табыстар. Солтүс­тікқа­зақстандықтардың алдағы уақыт­та алатын асуы да зор деген үміттеміз. Еліміздің олимпиадалық құрама командаларының кандидаттары қатарына велоспорттан А.Луценко мен А.Захаров, жеңіл атлетикадан М.Литвин, еркін күрестен Н.Қайпанов, бокстан Н.Богданова, дзюдодан Н.Маратова, грек-рим күресінен Д.Каленов енген. Шағын облыс үшін бұл аз емес.

 

Солтүстік Қазақстан облысы