Жуырда Алтай өлкесінің Панкрушихинский ауданына жол түсті. Біздің халық та басқалар секілді қиын-қыстау замандарды бастан өткерді. Ашаршылық, қуғын-сүргін зобалаңында Омбы, Новосібір, Барнаул, Түмен, Алтай өлкесі жағына қарай кетті.
Өлкедегі алғашқы қоныстар тас ғасырында пайда болған дейді, Алтай өлкесінің орталығы – Барнаул қаласы маңында көне заманнан орта ғасырға дейін сақталған қалашық, қорған сияқты 63 археологиялық ескерткіш бар көрінеді. Алтын Орда дәуірінде, орыстардың Сібірге қоныс аударуына дейін, бұл жерде Абақ керейлердің Абақша деген қамал-қаласы болыпты.
Осындай шежірелі жолы бар туған өлкеге жергілікті Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Сейсенбай Жетпісбаев, «Славян мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Татьяна Кузина, «Қазақстан мұсылман әйелдері лигасы» облыстық филиалының төрайымы Бақытжамал Максилова, алтайлықтардың «Жерлестер» қоғамының төрағасы, прокуратура ардагері Дмитрий Фалеев бастаған топтың Алтай жаққа жолға шығу сапарына осы өлкенің тумасы, ауданның ауылшаруашылық саласының дамуына еңбегі сіңген Мойылжан Қанаев үлес қосты.
Облыстан келген делегация өкілдерін Панкрушихинский ауданының басшысы Анатолий Попков бастаған аудан өкілдері құшақ жая қарсы алды. Бұл ауданда 13 мыңдай халық тұрады. Аудандық мәдениет сарайында ықыласты кездесулерге толы жиын, ойын-сауық, концерттік бағдарламалар өткізілді. Новосібір облысынан, Алтай өлкесінен келген, Барнаул, Славгород қалаларында тұратын қандастарымыз, аудан жұртшылығы жиналды. Жергілікті жазушы Владимир Солдатов, фермер Виктор Траутвейн, аудан ардагерлері Петр Скабелкин, Александр Приль, Петр Карноухов, шаруа қожалықтарының басшылары Александр Сукосян, Виталий Куколенко, Николай Толстокоров сөз сөйлеп, бірлік, достық өзегін арқау өтті.
Жиында ауданның ауыл шаруашылығын өркендетуге үлес қосқан А.Ыбыраев пен Ш.Ахметов сынды ардагерлердің есімдері аталды. Мойылжан ағаның айтуынша, аштық жылдары қазақ халқының бір легі Алтайдың Барнаул қаласынан 300 шақырым жердегі тайгаға еніп жатқан орманды өлкеге жетеді. Сөйтіп, сол жақта тұрып қалады. Өлкетанушы ғалым Марк Юдалевич өз зерттеулерінде «Барнаул» атауының түркілік немесе моңғолдық шығу тарихы бар десе, Томск профессоры Андрей Дульзон қаланың атауы «Бороноул», яғни сөздегі «боро» түбірі көптеген моңғол және түркі тілдеріндегі «қасқыр» деген мағынаны, ал «ул» формасы түркі тілдерінде «өзен» деген мағынаны береді деп жазып кетіпті. Осылайша, «Барнаул» атауы «қасқыр өзені» немесе «қасқыр көлі» деген де мағына беруі мүмкін. Ертеректе қасқыр көп болыпты, ал Алтай халқы үшін ол қасиетті аң саналады.
Өлке болып 1937 жылдары құрылған. Сонау бір қиын кездері бірімен бірі «тамыр» дескен орыс, қазақтың бауырластығы жоғалмай, бүгінгі күні де жалғасып келеді. Осы жерде қазақ отбасыларының ауыл-ауылға бас біріктіріп, ұжым қатарына қосылуына Елемес Исекеев, Тасқара Нұрғалиев секілді алғашқы колхоз ұйымдастырушылары еңбек сіңіріпті. Қазірде осы ауданда тұратын қандастарымыз ата дәстүрін сақтап, қора-қора мал ұстайды. Дастарқандары ет пен сүтке, қаймақ пен майға толы. Өйткені, жері шүйгін, малға жайлы, жайылым да жетеді. Күзге салым арнайы сапарға шығып, қандастар тұратын ауылдарды аралап, Алтайдағы ағайындардың өткені, бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы кеңінен жазбақ болып келістік. Ал еліміз Кеден одағы құрамына енгелі бері екі ел арасындағы әріптестік нығая түсті. Сауда айналымы артып, түрлі бірлескен жобалар жүзеге асырылуда.
– Негізі біздің Ассамблеяның Алтай, Омбы, Новосібір облыстарымен байланысымыз жақсы. Мәдени-рухани салада да болсын, басқа да салаларда болсын барыс-келісі жалғасуда. Көршімен тату болу ежелден қазақта бар дәстүр ғой. Біз бұл жақта тұратын қандастарымызға мәдени-әдеби байланысқа сай қазақ тілінде кітаптар, журналдар, ұлттық аспаптар алып барып тарту етеміз. Алтай әуендерін тыңдау да бір ғанибет, қазақтың ескі әндерін жазып алуға болады. Жазушыға жазатын нағыз керекті дүниелер осы шежірелі өңірден табылады. Екі ел арасындағы достық байланысқа шекара ешқашан бөгет болған емес, сондықтан, бір-бірімізге әрқашанда жол ашық, – дейді Сейсенбай Жексенбаев.
– Біз қазақстандықтарды көршілер деп емес, туыстардай қарсы аламыз. Мен өзім осы ауданның Романов селосында өстім. Қазақ балаларымен бірге оқыдық. «Қызыл ту» деген көрші ауылда тұратын қазақ балалары қыста тракторға тіркелген шанамен, күн жылыда жаяулап, кейде арбамен келіп оқитын. Сөйтіп, қиындыққа шыдай жүріп білім алды. Өмірге жол тапты. Қазақ, орыс деп бөлінген емеспіз. Сол балалық достық ержеткендегі үлкен достыққа айналғанына «Жерлестер» ұйымы куә, – деп еске алды өткен күндерін аудан басшысы Анатолий Попков.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ресей Федерациясы,
Алтай өлкесі.