Құқық қорғау мамандары интернеттің мүмкіндігін қылмыстық іс-әрекеттерін жүзеге асыру үшін оңтайлы пайдаланып жүрген алаяқтардың әдіс-тәсілдері күн сайын өзгеріп отыратынын айтады. Былайша айтқанда, кибер-қылмыскерлер де уақыт талабынан қалмайды. Облыстың тәртіп сақшылары күн сайын заңсыз контенттерді анықтау мақсатында интернет желісіне мониторинг жүргізіп, күмәнді сайттар мен сілтемелерді «киберқадағалау» жүйесіне енгізіп жібереді. Жыл басынан әлгіндей мазмұндағы 77 сілтеме анықталған екен. Полиция өкілдері өткен жылмен салыстырғанда алаяқтық фактілерімен күресуде оң үрдіс байқалатынын айтады әрі бұл профилактикалық жұмыстардың нәтижесі деп санайды. Алайда күмәнді ресурстарда жарқ етіп шыға келіп, көзді арбайтын түрлі жалған «инвестициялар» мен алаяқтардың одан өзге де айла-шарғыларына халықтың иммунитеті қалыптаспай отырғаны анық.
Еліміздің Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов интернеттегі алаяқтық шын мәнінде қазіргі полицияның алдында тұрған үлкен проблема екенін айтады. Оқиғалар саны бір жыл ішінде 10 есеге өскен. Тіркелген қылмыстар ішінде ұрлықтан кейін екінші орынға шығып үлгерді. Құзырлы органдар бұл мәселеде заманауи технологиялардың көмегіне көбірек сүйенбекші.
«Мәселен, былтыр қызметкерлеріміз Украинаның Днепропетровск қаласына арнайы сапармен барып, Қазақстан азаматтарын зар илетіп отырған колл-орталықты жабуға қол жеткізді. Ол жерде кәдімгі алаяқтар тобы құрылып, жұмыс істеген. Соның нәтижесінде алаяқтардың 8,5 млн қоңырауы қазақстандықтарға дейін жетпеді. Бұл топ отандасымызды арбау жолымен 15 млрд теңгені шетел асырып, жымқырған. Бүгінде елдегі барлық оператормен келісім жасалды. Енді шетелден жалған нөмірмен қоңырау шалатын болса, ол біздің азаматтардың телефонына түспейтіндей еттік. Жалған жарнама таратып, халыққа күмәнді сілтемелер жіберетін 1 112 сайт бұғатталды. Жуық уақытта еліміз Еуропа кеңесінің компьютерлік қылмыстар жөніндегі конвенциясына қосылады. Сол уақытта 66 елдің интернет-провайдерімен шұғыл түрде ақпарат алмасуға мүмкіндік туып, байланыс операторлары үшін техникалық қалқан пайда болады», дейді министр.
Сондай-ақ түрлі ресурс арқылы синтетикалық есірткі сату үдей түскен. Есірткі бизнесі кез келген елдің заңынан бүркемелене алатын киберкеңістікте тамырын мықтап жайып, тарату нарығы «жанасусыз» әдістің арқасында гүлденіп отыр деуге толық негіз бар.
«Осы жылдың басында 10 тонна синтетикалық есірткі тәркіленді. Бұл дегеніміз 20 млн доза болар еді. Ал ақшаға шаққанда 200 млрд теңге. Заңсыз бизнеспен айналысушылар еліміз бойынша әлгі есірткіні тарататын 3 мыңнан астам адамды дайындаған. Ел бойынша 21, соның ішінде Павлодарда 2 зертхана жасырын жұмыс істеп келгенін анықтап, жолын кестік. Ендігі кезекте біз бұл кесапаттың себебімен күресуге дайындық жүргізіп отырмыз. Мысал үшін елде есірткіге тәуелділерді емдейтін орындар аз. Екібастұз қаласына жаңадан емдеу мекемесін салу, ал Павлодардағысын кеңейту қажет. Оқушыларды жыл сайын есірткі бойынша скринингтен өткізу көзделіп отыр. Дәрігерлер есірткіге тәуелділерді 1-2-кезеңде толықтай қалыпты өмірге қайтаруға болатынын, ал 2-3-кезеңге өткендердің 10 пайызын емдеп шығу мүмкін екенін айтады. Кесапат шын мәнінде ұрпағымыздан мәңгүрт азаматтар жасап отыр», деп қынжылады Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов.
Ғылыми зерттеулерге сүйенсек, қылмысқа әсер ететін 250 фактор бар екен. Оның 11-і ғана полицияның құзырына жатады. Өзгесі әлеуметтік, экономикалық, географиялық, миграциялық, табиғи, мәдени, демографиялық және басқа да себеп-салдарлар. Мәселен, қылмыстық заңнамаға енгізілген соңғы өзгерістердің нәтижесінде елімізде мал ұрлығы 3 есеге азайған. Бұрын қолға түскен ұрылардың істі қарау барысында түлік иесімен бітімге келуіне жағдай жасайтын заң талаптары бар еді. Жаңа заңнамада олардың әрекеті бірден ауыр қылмысқа телінетіні көрсетілген. Яғни бітімгершілікке жол жоқ. Екінші тұрғыдан бұл жерде жауапкершіліктің екінші ұшы мал иесінде болуы керек деп санайды мамандар. Малды қараусыз қалдыру былай тұрсын, түлікті сырғалау, оларға арнайы чип енгізу, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру талаптарын орындамайды. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетедінің» кері бұл. Сондықтан алдағы уақытта заң шығарушылар бұл бағытты да қамтуға кіріседі деп күтіліп отыр. Әйтпесе ұрлықты былай қойғанда, айдың-күннің аманында күре жолда малдың кесірінен көлік апатына ұшырап, көз жұмып жатқандар аз емес.
Айтпақшы, Ішкі істер министрлігі қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен серіктестікте қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасын әзірлеуге кірісті. «Халықтың сенімі біздің қызметімізді трансформация жасауға итермелейді», дейді тәртіп сақшылары. Сондықтан жаңа тұжырымдама қоғамның талқылауымен жүзеге асады деп күтіліп отыр. Қазір ол өңірлерде талқыланып, жұрттың талап-тілегі ескеріледі.
Жуырда Павлодарда Қазақстан бойынша алғаш рет сервистік қызмет көрсететін учаскелік полиция пункті ашылды. Мұнда азаматтар полицияның құзырындағы кез келген қызметті ала алады. Қоғамдық орындарда полицияның тұрақты болуына және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған сервистік орталық 57 мыңнан астам адам тұратын «Усолка» шағын ауданында орналасқан. Нысанда азаматтарды қабылдауға және жұртшылықпен жұмыс істеуге арналған бөлмелер, ана мен бала бөлмесі, мәжіліс залы, қызметтік, демалыс және тамақтануға арналған бөлмелер бар. Орталықта жалпы саны 16 тәртіп сақшысы қызмет көрсетеді. Әлгіндей сервистер жуық арада еліміздің өзге де қалаларында ашылады деп жоспарланып отыр.
Павлодар облысы