Ғимараттың іші-сырты талапқа сай жабдықталған. Негізінде ғимарат жергілікті бюджет есебінен сатып алынып, оған жалпы сомасы 200 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізілген. Қажетті жабдықтарды «Қамқорлық» корпоративтік қоры сатып әперіпті. Директоры Марат Бакиевтің айтуынша, ыңғайлы болу үшін оңалту орталығындағы екі ауысымда – түске дейін және түстен кейін 4,5 сағаттан әлеуметтік қызметтер көрсетіледі.
Өңір әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, орталықта сенсорлық, музыкалық, процедуралық кабинеттер, емдік денешынықтыру, физиотерапия, массаж, роботтехника, еңбекке баулу, жеке және топтық жұмыс кабинеттері, сондай-ақ логопед, психолог, дефектолог кабинеттері, қыш шеберханасы бар. Басты міндеті – туындаған әлеуметтік проблемаларды еңсеруге және қоғам өміріне араласудың тең мүмкіндіктеріне жағдай жасауға бағытталған қызметтер кешенін ұсыну. Бұл облыстағы осындай алғашқы орталық болмақ.
Дұрыс қоғам ешкімді алаламайды. Қазақ обал, сауап деген түсінікке ерекше көңіл бөлген. Ендеше өзіміздің айырылмас бір бөлшегіміз, әртүрлі жағдайға байланысты қимыл-қозғалысы шектеліп қалған бауырларымызға жәрдем беру, қолдау – азаматтық парызымыз. Кейінгі уақытта экологиялық жағдайға байланысты ма, ішкен астан ба, қолданған дәрі-дәрмектен бе, ешкім себебін тап басып айта алмайтын кеселдер көбейді. Соның бірі – балалар арасында психикалық бұзылыстары бар, аутист дертіне шалдыққандар санының көбейгені. Ерекше балаларға өз деңгейінде қамқорлық керек.
Мәселен, «Қамқорлық» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мүмкіндігі шектеулі балаларға әлеуметтік-медициналық қызмет көрсетеді. Психикалық бұзылыспен дүниеге келген балалардың толыққанды өмір сүруіне барлық жағдай жасалған. Жатын орын, ойын алаңы талапқа сай жабдықталған. Ішім-жемнен таршылық жоқ. Мейірім үйінде жылыжай бар. Онда гүлдің сан алуан түрі өсіріледі. Қыстың күні балалар еркіндікті қалап, өзімен-өзі болғысы келетін кездері болады екен. Сонда осы жылыжайға келіп, топырақпен ойнап, гүлдерге сүйсініп, өсімдіктерді суарып, табиғатты тамашалап, көңіл күйі көтерілетін көрінеді.
«Бүгінгі жаһандық ақпараттық өзгерістер жағдайында қазіргі ата-аналардың бала тәрбиесіне қарауына уақыты жетпейді. Сондықтан балаларымызды смартфон, виртуалды әлем тәрбиелеп жатыр. Осы орайда ата-әжелердің ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі ерекше. Сіздердің тәрбиелеріңіз арқылы балалар жанашырлыққа, түсіністікке, өзара бір-бірін қолдауға үйренеді. Сондықтан өскелең ұрпақты, қазіргі жастарды тәрбиелеуде сіздердің көмектеріңіз аса қажет», деді Б.Исабаев.
«Тең қоғам» деп аталатын орталық мүгедектігі бар адамдарға жан-жақты көмек көрсетуге арналған. Олардың құжаттарын ресімдеп, интернет арқылы керек-жарағын сұратуына жәрдем беріледі. Орталықта Санжар Жақсылықовтың шаш қию, тырнақ бояу әмбебап орталығы таныстырылды. Жас кәсіпкерлер «Jas project» жобасы аясында бизнесін қалай жүргізіп жатқанын айтып берді. Мысалы, Санжар 1 млн теңге сомасына грант алып, политехникалық колледж базасында шаштараз, маникюрлік косметологиялық қызметтер көрсетілетін шағын сұлулық салонын ашқан. Бастапқыда Санжар мен жанындағы тағы 2 жас шебер көрсеткен қызметтері үшін ақы алмаған, осылайша біраз тәжірибе жинақтап барып, кейін табыс таба бастаған. Ал Назерке болса, грант қаражаты есебінен өзінің аспаздық ісін қолға алыпты.
Шынында, рухани және материалдық көмекті сезінген адамның шаттанған сәтін көрудің өзі – бір бақыт. «Жігер» мүгедектердің қоғамдық бірлестігі, «Алпамыс» ҚБ, Талдықорған саңыраулар қоғамының Оқу-білім беру кәсіпорны және бірқатар жеке кәсіпкер де өз өнімдерін, атап айтқанда, өздері тіккен былғары аяқкиім, төсек-орын, арнайы киім, салған суреттерін, түрлі декор мен тұрмыстық заттарын көрсетті. Өнімдердің көпшілігі әлеуметтік желілер арқылы сатылады. Дегенмен заманауи тігін машинасын сатып алуға қолдау қажет, аяқкиім жасау цехы мен сауда базарындағы орын үшін тегін бөлме бөлу, цех үй-жайын жөндеу, медициналық көмек көрсетуде де проблемалар бар. Бұл ретте облыс әкімі барлық айтылған мәселе бойынша, ең алдымен сауықтыру мәселелерінде тиісті қолдау көрсетілетінін айтты.
Әлеуметтік қызмет көрсету нысандарын аралаған соң Бейбіт Исабаев кәсіпкер Ердос Баялышбаев ашқан «Асар» жаңа спорттық-оңалту кешенінде болды. Заман талаптарын ескере отырып салынған орталықта тірек-қимыл аппаратында бұзылысы бар адамдарды оңалтуға барлық қажетті жағдай жасалған. Дәрігер, логопед, психолог кабинеті, үлкен тренажер залы, кинезотерапия және ЛФК залы, массаж, емдеу кабинеттері, физиотерапия жүргізуге арналған кабинет, буфет, ыңғайлы дәретхана бөлмелері қарастырылған.
Орталықтың директоры Елдос Баялышбаевтың сөзіне сүйенсек, орталықты ресми түрде маусым айының басында ашу жоспарланып отыр, ал қазіргі техникалық ашылуы барысында жабдықтар тексеріліп, іргелес аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
«Біздің орталықтың құрылып бастағанына 4 жылға жуық уақыт болды. 2015 жылы орталық ашу туралы ой келіп, оны кезең-кезеңімен сала бастадық. Түрлі мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, соның арқасында гранттар ұтып, өз бизнесімді дамытып, жеңілдікті шарттармен несие алдық. Жапония елшілігінің қолдауымен екі рет грант жеңіп алдым. Сол арқылы Италиядан, Польшадан заманауи жабдықтар сатып алдық. Енді бізге оңай басқарылатын, көпфункциялы экзоскелеттер Испаниядан әкелінетін болды. Сонымен қатар физиоаппараттар, магнитотерапия, электростимуляция, оңалтуға арналған аспалы жүйелер және тағы басқа да жабдықтар келушілерді оңалтуға септігін тигізеді. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың нәтижесінде орталықтағы барлық қызмет тегін көрсетіледі», деді Елдос.
Оның айтуынша, орталық 400 адамға арналған, онда 27 маман жұмыс істейді. Бұл ретте «Қаратал» шағын ауданында орналасқан «Асар» бірінші орталығы балаларды оңалту орталығы ретінде қайта жабдықталмақ, осыған байланысты онда тиісті жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Қасиетті Рамазан айындағы мүмкіндігі шектеулі жандармен кездесу ерекше өтті. Дәл осы күні қаладағы жүріп-тұруы қиын адамдарды тасымалдауға жаңадан 3 инватакси берілді. Заманауи үлгідегі такси пайдаланушылардың көңілінен шықты. Жылы жүздесу көп жанның үмітін ұштады.
Жетісу облысы