Жұмыс • 11 Сәуір, 2023

Кадр тапшылығы қалай шешілмек?

593 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еңсесін енді тіктей бастаған Абай облысында мемлекеттік қызметкерлер құрамын нақтылау, өз ісінің білікті мамандарын табу әлі күнге дейін өзекті мәселе болып отыр. Қазір де лайықты кадр табуды былай қойғанда, облыс орталығында басқармаларды ғимаратпен қамтамасыз ету, лайықты кеңсесін табу да күн тәртібінен түспей тұр.

Кадр тапшылығы қалай шешілмек?

Дегенмен, кадрлық тапшылықтан арылудың жолы да, жөні де табылып, олқылықтың орны тола бастағаны қуантады. Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Абай облысындағы филиалының ашылуы – соның айқын дәлелі. Семей политехникалық колледжінің ғимаратында орналасқан академия филиалының ашылуына қатысқан Абай облысы әкімінің орынбасары Шалқар Байбеков бұл бастаманың кадр мәселесін шешудегі маңызды қадам екендігін атап өтті.

– Өйткені облыстағы көптеген мемлекеттік қызметшілер, негізінен бұл салаға енді ғана келген жас мамандар. Академияда оларға білімін кеңейтіп, дағдыларын дамыту үшін үлкен мүмкіндіктер бар. Мұнда департаменттер мен басқармалардың мамандары дайындалады. Қазір мұнда 68 мемлекеттік қызметкер білім алып жатыр. Олардың барлы­ғы қызметтегі мамандар. Бірден 17 түр­лі ведомствоның қызметкерлерін табу мүмкін емес. Сондықтан кадр мәселесін шешуге жете мән беріп отырмыз, – дейді Шалқар Байбеков.

Жалпы, жаңа облыстың дамуына жауапкерші­лік­пен қарау мем­лекеттік қызметтегі сапалы кадр­ларды шыңдауға да байланысты еке­ні түсінікті. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша депар­таментінің басшысы Әділбек Мұқашевтың айтуынша, облыста 3,5 мыңға жуық мемлекеттік қызметкер жұмыс істейді. Филиалдың ашылуы олардың біліктілігін арттыруға, қайта даярлықтан өтуіне де жол ашады.

Облыс құрылғанға дейін семей­лік мемлекеттік қызметшілер білім мен білігін арттыру үшін Өскемен қаласына шапқылайтын. Енді ол күндер артта қалды. Бұдан былай аудан әкімдіктерінде, басқармалар мен бөлімдерде қызмет атқарып жүрген мамандар облыс орталығы мәртебесін алған Семей қаласына келіп, Мемлекеттік басқару ака­де­миясының филиалында білімін жетілдіре алады.

 

Абай облысы