Парламент • 12 Сәуір, 2023

Парламент ашық болуға тиіс

216 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Отырыста сенаторлар Төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың қауіп-қате­рін азайту жөніндегі орталықпен келісімді ратификациялау туралы мәсе­лені қарады.

Парламент ашық болуға тиіс

Палата отырысын ашқан Мәулен Әшім­баев Мемлекет басшысы белгілеп берген міндеттерді орындау аясында жа­ңарған Парламент жұмысының негізгі басымдықтарына назар аударды.

«Бүгін сегізінші сайланған Парла­менттің бірінші сессиясынан кейінгі алғашқы Сенат отырысын өткізіп отырмыз. Сессияның ашылуына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, бір­қатар өзекті әрі маңызды мәселені көтерді. Мемлекет басшысы Парламент пен Үкі­метке нақты міндеттер жүктеді. Соған сәйкес кеше Палата бюросының отырысында жаңа сессияға арналған жұмыс жоспарын бекіттік», деді М.Әшім­баев.

Сонымен қатар Сенат төрағасы заң шығару қызметінде жаңа тәсілдерді қолданудың және мүдделі органдармен, сарапшылармен, өңірлердегі белсенді азаматтармен тығыз байланыс орнатудың маңызды екенін айтты. Палата спикерінің айтуынша, мұндай жұмыс форматы әзір­леніп жатқан құжаттарды жан-жақ­ты талдауға және олардың сапасын арт­тыруға ықпал етеді.

«Заңдарды қарау кезінде талқылау үдерістерін барынша ашық, инклюзивті, жария түрде өткізуіміз керек. Мұндай қадам Парламенттің ашықтығын артты­руға септігін тигізеді. Президенттің бас­та­ма­ларын сапалы әрі уақытылы жү­зеге асыру үшін Мәжіліс, Үкімет, сарап­шылар және басқа да мүдделі тараптармен бірлесіп жұмыс істейміз. Сенат жұмысында өңірлердің және шалғай ауылдардың тұрғындарын алаңдатқан мәселелер, сондай-ақ сенаторлармен кездесулер кезінде көтерілген проблемалар ескерілуге тиіс. Бұл – біздің негізгі міндетіміз», деді Мәулен Әшімбаев.

Отырыс барысында сенаторлар «Қа­зақстан Республикасының Үкіметі мен Төтенше жағдайлар және дүлей зіл­залалардың қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталық арасындағы Қазақстан Республикасының аумағында оның болу шарттары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қарап, мақұлдады.

Келісім төтенше жағдайлар саласын­дағы ынтымақтастықты жүзеге асыру үшін құрылған арнайы Орталықтың қызметін реттеуге бағытталған. Нақты айт­­қанда, бұл құжат Халықаралық ұйым­ның Қазақстан аумағындағы қызмет шарттарын айқындайды. Заңды тал­қы­лау кезінде аталған келісім төтен­ше жағ­дайлардың алдын алуға және осы ба­ғыт­тағы халықаралық ынтымақтастықты ны­ғайтуға оң әсерін тигізуі керектігі айтылды.

Заң жобасы жөнінде баяндама жасаған сенатор Геннадий Шиповскихтың айтуынша, келісім Төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталықтың жұмысын реттемек.

«Келісімнің 3-бабына сәйкес Орта­лық заңды тұлға мәртебесіне ие. 2016 жылдан бастап Орталық өңір мемлекет­терінің төтенше ведомстволарымен, халық­аралық және үкіметтік емес ұйым­дармен бірлесіп, зілзалалар мен төтенше жағдайлардың қаупін азайту саласында, оның ішінде атқарушы агенттік ретінде 30-дан астам бағдарлама мен жобаны іске асырып жатыр. 11 жоба Қазақстан Республикасының дамуына тікелей үлес қосады», деді Г.Шиповских.

Келісімге сәйкес, Орталықтың мүлкі мен активтеріне әкімшілік және соттың араласуына тыйым салынған. Сондай-ақ үй-жайлары мен көлік құралдары, архивтері мен құжаттары, оның ішінде қыз­меттік хат-хабарлары қай жерде тұр­ғанына қарамастан тінтуге, реквизиция­лауға, тәркілеуге рұқсат берілмейді.

Жалпы отырыс соңында сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады. Амангелді Толамисов Балқаш көлінің жағасында туристік-рекреациялық демалыс аймағын салу және оның инфра­құрылымын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Сенатордың пікірінше, бұл қадам Жетісу облысында туризмнің дамуына оң септігін тигізеді.

«Балқаш көлінің жағасында туризм­­ді дамыту мақсатында өңірдің тиісті инженерлік инфрақұрылымын қамта­масыз ету талап етіледі. Ол үшін жобалау-сметалық құжаттама әзір­ленген болатын. Жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге жергілікті бюджеттен 120 млн теңге бөлінді. Жобаның жалпы құны 4,9 млрд теңгені құрайды», деді сенатор.

Бірақ бюджеттік бағдарламалардың орталық деңгейдегі әкімшісі әлі анық­талған жоқ. Себебі бұрынғыдай: мемле­кеттік органдар бір министрліктен екін­шісіне жіберу арқылы орындау жауап­кершілігін өз мойнына алғысы келмейді.

«Сондықтан осы мәселені тиімді шешу жолдарын қарастырып, бюджеттік бағдарламаның әкімшісін анықтап, жобаны іске асыруды қолдауыңызды сұраймын», деді сенатор.

Сенатор Андрей Лукин Премьер-министрдің атына жолдаған депу­­таттық сауалында Алматы қаласы­ның таулы және тау бөктеріндегі аудандарында жеке құрылысқа тыйым салуды ұсынды. Депутат Лукин Алматының тау бөктеріндегі заңсыз және ретсіз құры­лыстар жұртшылықты толғандырып отырғанын атап өтті. Сонымен қатар құ­рылыстар салу мен алма бақтарын құр­туға байланысты даулы жанжалдар да басылмай келеді.

«Жекеменшік құрылыс компаниялары бизнесті тексеруге мораторийді алға тартып, шаруа қожалығы мен бау-бақшаға арналған жердің мақсатын жеке тұрғын үй салуға өзгертіп алады және тау бөктеріндегі аймақтарда көп­қа­батты тұрғын үй кешендері құры­лысын салуды жалғастырып келеді. Тау бөктерінің жұмсақ құрамы күрделі құрылысқа жарамсыз екені белгілі. ТЖМ бұл учаскедегі құрылыс техногендік си­паттағы көшкіндерге әкелуі мүмкін екенін бірнеше рет хабардар еткен болатын», деді сенатор.

Сенатор мұның бәрі жайдан-жай еместігін және мұндай құрылыс тек біреу­дің салғырттығынан немесе қам­қорлығымен болуы мүмкін екенін атап өтті. Андрей Лукин осыған байланысты Үкіметке Алматы қаласының таулы және тау бөктеріндегі аудандарының және облыстың қалаға іргелес аудандарының жерлеріне жан-жақты түгендеу жүргізуді, қолданыстағы заңнамаға жеке құрылысқа толық тыйым салуды көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізуді, жерді тү­гендеу аяқталғанға дейін және тиісті НҚА-ны қабылдағанға дейін жер беруге мораторий жариялауды, сондай-ақ елді мекендердің рекреациялық аймақтарында жан-жақты жоспарлау жобаларын бекіту арқылы жердің нысаналы мақсатын пайдалануды өзгерту тәжірибесіне тыйым салуды ұсынды.

Нұрлан Бекенов Мемлекет басшы­сының Көкшетауда ЖЭО салу жөніндегі тапсырмасын орындау кейінге қалдырыл­ғанына алаңдаушылық білдірді. Қазіргі таңда облыс орталығындағы жылу көз­дері – 1978 жылы іске қосылған қазан­дықтар.

Бекболат Орынбеков елімізде жүргізі­ліп жатқан құрылыс жұмыстарының сапасын бақылаудың төмен деңгейіне назар аударды. Депутат жаңа ғимарат­тардың құлау қаупін азайту және құры­лысшылардың тиісті нормаларды сақтауы үшін қолданыстағы заңнамаға бірқатар нақты өзгеріс енгізуді ұсынды.

«Президенттің 2019 жылдың қараша айындағы кеңесінде Ақмола облысын әлеуметтік-экономикалық дамыту жө­ніндегі берген тапсырмасына сәйкес, Көкшетау қаласында ЖЭО салу мәселесі қарастырылуға тиіс еді. Мемлекет басшысы, сондай-ақ 2023 жылдың ақпан айында Көкшетау қаласына барған кезде қала тұрғындарына берілген уәдені орындау қажеттігін айта келіп, ЖЭО салуға кірісу туралы айтқан-ды. Осылардың нәтижесінде Қазақстан Республикасы Президентінің хаттамалық тапсырмасы 2019 жылдан бері неге орындалмайды және кешіктіріле береді деген сұрақ туындайды», деді сенатор.

Ғауез Нұрмұхамбетов Қостанай облысындағы қосымша қаржыландыруды қажет етіп отырған «Арқалық ауылшаруа­шылық тәжірибе стансасы» ЖШС-ға қатысты проблемаларды көтерді.

Шәкәрім Бұқтұғұтов Өнеркәсіпті дамыту қорын қайта құру қажет екенін айтты. Осыған орай ол өңдеу өнеркәсібін қолдау стратегиясын әзірлеу және Қорды ИИДМ құрылымына беру мәселесін тілге тиек етті.

Руслан Рустемов ауылдық клубтар­дағы үйірме басшылары тегін жұмыс істеуге мәжбүр екенін айтты. Бұған Мәде­ниет және спорт министрлігінің ереже­лері мен бұйрықтарындағы даулы нормалар себеп болып отыр. Соған байланысты сенатор оларды қайта қарауға және тиісті өзгерістер енгізуге шақырды.

Евгений Болгерт жер қойнауын пай­далану бойынша инвестициялар сала­сындағы проблемаларға және аукцион­дарға жосықсыз қатысушыларға назар аударды. Сенатордың пікірінше, Үкімет жер қойнауын пайдалануға арнал­ған келісімшарттар бойын­ша әлеу­меттік төлемдер сомасын біркелкі қалып­тас­тыруға бағытталған заңнамалық өзге­рістер енгізуге тиіс.

Бибігүл Жексенбай азаматтық қорғау жүйесіндегі өрт сөндірушілер мен әскери бөлімдердің тапшылығына байланысты проблемаларды атап өтті. Осыған байланысты сенатор Ақмола облысында ор­наласқан Төтенше жағдайлар министр­лігіне қарасты М.Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының жаңа кешенін салу үшін бюджеттен қосымша қаржы бөлуді сұрады.