Әдебиет • 13 Сәуір, 2023

Жарты аспан жалп еткендей...

1465 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әуелі сөз болса, ол да дыбыстан шығады. Дыбыс, дауыссыз сөз бола ма? Бірақ жүректің үні дыбыссыз да құдіретті емес пе? Оны есту үшін құлақ емес, жүрек керек. ХХ ғасырда «кісілік күйде ғана қалды» деп Әуезов тегін айтты дейсіз бе? Біздің далада төрт аяғын тең басып күй мен сөз қатар туғанға ұқсайды. Ескен самал, көшкен аңыз, дескен әңгіме, жырмен жеткен күйді тыңдағанда әлгіндей ойға жетелейді. Көңілдің күйінен туады да бәрі.

Жарты аспан жалп еткендей...

Күй атасы Құрманғазының «Қайран шешем» күйінің тұңғыш тыңдарманы туралы әңгіме көп. Соның бірінде алғаш тыңдап, көзіне жас алған күй атасымен бірге түрмеде отырған орыс еді делінеді. Солай да шығар, күйді түйсіну үшін қазақ, орыс болу шарт па? Ғажабы сол, «Қайран шешем» күйінде ғаламат сыр тұнбалардың кесек-кесегімен түсіп жататынында сияқты. Көздің жасы емес, көңілдің түйдек-түйдек сырлары түйе-бұлттардай төбеден түсіп кетіп жатқандай. Көңілдің сыры емес, көктің бір шеті омырылып, жарты аспан жалп еткендей. Үлкен-үлкен елес­терге көмеді. Ірі, кесек-кесек шалыстар. Ашық аспанның бір шетінде салбырап тұрған үйдей ақ бұлттың бір жағы ырсиып тұрушы еді ғой, сондай бір сезімдер қылаң береді. Мұның бәрі құр сөз дейсіз бе? Олай емес. Аталған күйді, әсіресе Дина апаның орындауында тыңдасаңыз ғажап болар еді. Меніңше, қазақтың қасиетті қара домбырасының табиғи үні сол кісілер ұстаған аспаптардың дыңылы мен тербелісінде қалып қойған. Сол кісілер дегенім, Әбікен, Дина, Мағауия... болып кете береді.

Жұмекен Нәжімеденовтің «Күй кітабы» осы «Қайран шешемнен» басталады. Шедеврден шедевр туады да. Ұлы Жұмекен күйді «тәпсірлеп» берген.

«Не көрсеттім мен саған, азапты

ойдан өзге не?

Көріп едің, анажан, мен секілді «кезбеден».

Әр күн сайын басыңа бір уайым тосылды,

Әр түн сайын шашыңа бір уыс ақ қосылды.

Ұл тіледің құдайдан – алдың оны зорға, ана,

Ар тіледің құдайдан – жоқпын арды қорлаған;

ақ тілеуің құдайдан – жалғыз мен ғой,

балаң ғой,

бақ тіледің құдайдан – құдай оған сараң ғой;

көрмейтінін құдайдың –

көріп қайтіп шыдадың,

бермейтінін құдайдың – неге ғана сұрадың» дейді. Күйдің басы тура осылай: «от басар орны отаудай» болып желе-жортып отырады да, әрі қарай екпін ала түседі.

«Қайран шешем, аяулы анам, тісті едім мен –

тұмша жапты.

Салмаса егер бұғау маған,

бұлқынбас ем мұнша қатты!

Қайғырма, ана, серттемін –

бал берсе де айныман,

Күйім болар шерткенім –

жан берсе де айныман.

Суық едім, жан ана, –

тыншытпады күй деген,

туып едім далада – өсіп келем түрмеде;

бұлқынбасам қаттырақ –

мүшем де ұйып барады,

ханға бермес қолымды – кісен қиып барады,

Жылау салса жаныма – торыққаны деп түсін,

бұғау салса қолыма – қорыққаны деп түсін!».

Мұқият тыңдаса күй ортан белінен ойсырағанда бұлқынған жанның сезімін аңғартады, бірақ ыш­қынған емес. «Бұлқынбасам қаттырақ – мүшем де ұйып барады, ханға бермес қолымды – кісен қиып барады» деген жол байқатып тұрған жоқ па бәрін?

Ал күйдің тууына түрткі болған оқиға бұдан да отты. Құрманғазы қамауда бірге отырған Лавочкинге өзінің осы жолға шығардағы басынан кешкен бір әңгімесін баяндап береді: «Ақбаевтың атарман-шабармандары ұстап алып, көк арбаға тіркеп, енді жүргізейін деп тұрғанда шешем Алқа келе жатқанын көрдім. Әлпештеп өсірген анама әлі күнге бір қызмет ете алмай, оны үнемі қауіп-қатерде, жоқшылықта ұстап келгенмін. Енді, міне, көп жылдан соң келгенде тағы да оны пұшайман етіп кетіп бара жатқаным ойыма түсіп, шыдай алмай көзімнен бір тамшы жас шығып кетті. Сонда, қайран шешем менің қасыма келіп: «Мен ұл таптым деп жүрсем, жаман, жасық неме екен ғой туғаным. Кімнің алдында көзіңнің жасын шығарып тұрсың? деп жағымнан шапалақпен тартып-тартып жіберді. Сонда ғана мен ағаттық жасағанымды сездім. Анама күле қарап қош айтыстым», дейді.

Мүмкін Тәңір осындай ананың құрсағына сала ма екен ұлыларды?..