Қазақстан • 12 Сәуір, 2023

Өнім бөлінісін қайта қарайтын кез келді ме?

318 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазақстан билігі республиканың ірі кен орындарын игеріп жатқан әлемдік мұнай-газ алпауыттарына қатысты халықаралық сот ісін бастады. Шағым сомасы миллиардтаған долларды құрайды. Бұл ақпаратты Bloomberg іскерлік жаңалықтар агенттігі жобаларға қатысы бар дереккөздерден алып жариялады.

Өнім бөлінісін қайта қарайтын кез келді ме?

Bloomberg порталының хабарлауынша, Қазақстанның батысында екі ірі мұнай кенін өндірумен айналысатын шетелдік компаниялар рұқсат етілмеген шығындар бойынша айыптауларға байланысты ел үкіметінен талап-арыз алды. North Caspian Operating Company және Karachaganak Petroleum Operating BV мұнай консорциумдары төрелік сотқа тартылып отыр. Үкімет Қашаған кен орнын игеру жоба­сы­ бойынша серіктестерден 13 мил­лиард долларға жуық және Қарашығанақ жобасындағы серіктестерден тағы 3,5 миллиард долларға жуық қаржыны мемлекеттік бюджетке қайтаруды талап етіп жатыр. Билік компанияларды 2010-2019 жылдар аралығында даму шығындарын әдейі арттырды деп айыптайды. Шағымдар сондай-ақ тендерлік жұмыстарға да қатысты, олардың кейбірі жоғары бағамен жүргізіліп, толық көлемде орындалмаған. Қазақстан екі компания да тендерлік рәсімдерді бұзды, ал Қашаған кен орнына жауаптылар өздеріне тапсырылған барлық мердігерлік жұмысты орындамады деп мәлімдейді.

Талап-арыздар халықаралық эконо­ми­­калық сот ісін жүргізудің ең танымал орын­дарының бірі – Женева және Сток­гольм­ соттарына берілген. Билік өкіл­дері­ сот процесіне қатысты пікір білдір­меді­. Кен орындарын игерумен айналы­са­тын екі консорциум да ешқандай түсі­нік­теме берген жоқ. Үкіметтің тала­бы кон­сорциумдар құрамындағы кей­бір ком­панияларға ма, жоқ әлде тұта­с­тай бір­лес­кен кәсіпорындардың өзд­е­ріне қарсы ма, агенттік ол жағын нақты­ла­ма­ған.

Бұған дейін Қазақстан Қашаған кені­шінің операторынан 2,3 триллион тең­ге (5,1 млрд доллар) экологиялық айып­пұл төлеуді талап етіп, сотқа берді.­ Экология және табиғи ресурстар минис­тр­лігі NCOC-ты өз өндірісінде рұқсат етіл­геннен екі есе көп күкірт сақтады деп айыптады. Ведомство хабарламасында жазылғандай, NCOC-қа 700 мың тонна күкірт сақтауға рұқсат берілген. Ал компания «Болашақ» зауытының алаңына шамамен 1,7 миллион тонна орналастырған. Қашаған операторына қатысты шағым тек күкіртпен ғана шектелмейді. Күкіртті нормативтен тыс орналастырудан басқа, наурыз айының басында Атырау облысы бойынша экология департаменті жүргізген тексеру NCOC күкірт қышқылын сақтаудың уақытша алаңын экологиялық рұқсатсыз пайдаланатынын, тазартылмаған шикі газды алауларға жағып, тиісті тазартусыз ағынды суларды буландырғыш тоғанға ағызғанын, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарын толық көлемде орындамағанын, тағы басқа бұзушылықтарды анықтаған. Аталған фактілер бойынша компанияға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің алты бабы бойынша: 324-бабының 1-бөлігі, 325-бабының 1-бөлігі, 326-бабының 1-бөлігі, 328-бабының 1-бөлігі, 331-бабының 3-бөлігі, 332-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды.

Ал NCOC өз кезегінде күкіртті өн­ді­ру мен сақтауды жауапкершілікпен және Қазақстан заңнамасының талапта­рына, сондай-ақ қолданылатын стандарт­тар мен озық технологияларға сай бас­қара­ты­нын мәлімдеп отыр. Қазіргі сәтте ком­па­нияның өтінішхаты негізінде қозғалған мате­риалдар Атырау қаласының әкімші­лік­ сотында қаралуда.

Әлемдегі ең ірі көмірсутегі нысан­да­рының бірі саналатын Қашағанда баға­ланған алынатын мұнай қоры ‒ шама­мен­ 9-13 миллиард баррель. Бүгінде алып кеніштің аты аталғанда оның қой­на­уындағы қара алтынмен қоса, ой жие­гіне күрделі өндірістік жағдайлар, жиі­ қайталанатын апаттар қатарласады. Бастап­қыда іске қосылуы 2005 жылға жос­пар­ланып, артынан құнының өсуімен бір­неше рет кейінге қалдырылғаны, 2013 жылы өндіру басталмай жатып магистралдық құбырдағы газдың ағып кетуіне байланысты тоқтап қалғаны, құбыр коррозияға шыдамай жарылып, оны ауыстыру қажет болғанда жоба қайтадан қымбаттағаны сияқты ұзын-сонар оқиғалар тізбегі қалың елдің көз алдында өтті. Мұнай өндіру 2016 жылдың күзінде ғана қайта басталды. Жоба акцио­нер­леріне бірнеше мәселені шешуге тура келгеніне қарамастан, проблемалар бола­шақта да азая қоймайтын сыңайлы. Соңғы жылдары мұнай мен газ өндірудің қор­шаған ортаға әсері күрделеніп барады. Сон­дықтан мұнай-газ компанияларының эколо­гиялық жауапкершілікпен жұмыс іс­теуін қамтамасыз ету үшін Үкімет нор­ма­тивтік актілерді қатаңдатып отыр.

Бұқаралық ақпарат құралдары эко­ло­гия­лық айыппұл салу ісі Қазақ­стан­ның атал­ған компанияға бақылауды кү­шейтіп жат­қанын көрсетеді, сондай-ақ­ республи­ка­ North Caspian Operating Company кон­­сорциумындағы үлесін ұлғай­туға баруы мүмкін деп жазады. Мысалы, 2010 жылы салықтық шағым­дар берудің нәтижесінде еліміз «ҚазМұнайГаз» арқылы Қарашығанақта 10 пайыздық үлеске ие болды. Бастапқыда жобада «ҚазМұнайГаздың» үлесі мүлдем жоқ-ты. Содан кейін Қазақстан 2,7 млрд долларға салықтық және экологиялық талаптар қойып, кейін бұл талаптарды кешірді. Сөйтіп, консорциум беретін несиеге 1 млрд доллар төлейтін және нәтижесінде ҚМГ 10 пайыз үлесін алатын болып келісті. Bloomberg ақпарат агенттігінің топшылауынша, ведомство жеңіске жеткен жағдайда Қазақстан кен орындарын игеруден түскен кірістің қомақты бөлігін қазынаға қайтара алады.

Ел үкіметі төрелік арқылы мұнайды сатудан көбірек кіріс алумен қатар, ұлттық экономиканы жергілікті компаниялардың кірістерін ұлғайту арқылы тиімдірек ету үшін мұнай кәсіпорындарын пайдаланатын тендерлер жүйесін өзгертуге ниетті. Осының аясында жергілікті билік Қазақстандағы мұнай-газ саласындағы тендерлерді өткізу ережелерін қайта қарау туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ кейбір ресейлік сарапшылар Қазақстан жаһандық саясатта республика дамуының еуразиялық векторын нығайта түсетін жаңа позицияны іздеу үстінде және саяси реформалар кезеңінде ірі корпорацияларға елдің ішкі ісіне араласпау туралы ескертуде деп пайымдайды.

Бүгінде еліміздегі мұнайдың 80 пайызы негізінен АҚШ пен Еуропаның мұнай ком­паниялары игеретін Қарашығанақ, Қа­ша­ған және Теңіз кен орындарында өн­дірі­леді. Мұнай өндірісінің 65%-ы және газдың 85%-ы ‒ осы үш алыптың үле­сін­де. Келісімшарттар 40 жылға жа­са­л­­ған болса, инвесторлар Қашағанды қос­па­­ғанда, өз салымдарын өтеп үлгерді. Де­мек енді келісімшартты қайта қарап, олар­ды еліміз үшін тиімді ететін кез келді.

Мұнай-газ саласындағы сарапшы­ Олжас Байділдинов еліміз NCOC кон­сор­циумындағы үлесін арттыруы мүмкін деген пікірде. Оның айтуынша, билік консорциум алдына жобаны іске қосудағы кідірістерді, басқа да кемшіліктерді қоюы, сондай-ақ келісімшарттарды қайта қарауды талап етуі мүмкін. Қазақстан Қашаған мұнайын сатудан шамамен 2 пайыз ғана пайда алады.

«2030 жылдардан кейін бізде мұнай-газ­ саласында елеулі дағдарыс бола­ды. Осының аясында мұнай-газ келісім­шарт­тарын ұзартуға негіз жоқ деп есеп­теймін. Мәселен, 10 жылдан кейін Теңіз­ді­ игеру мерзімі аяқталады. Қашаған негі­зінен үлкен кідірістермен жүрді және­ қазір бастапқы мерзімдер кешігіп келе­ді. Қазақстан ‒ мұнай державасы бола­ тұра, қара алтынның жартысынан­ көбі өзімізге бұйырмай, шетелдік компанияларға кетіп жатыр. Біз мұнай-газ келісімшарттары бойынша өз позициямызды қатаң қорға­уы­мыз қажет», дейді ол.

Үкіметтің Қашаған және Қара­шы­ға­нақ кен орындарында мұнай өнді­ре­тін екі консорциумға қойған талап­та­ры төңірегінде ой-пікір білдіру­ші­­лер Bloomberg хабарламаларына тұ­тас­тай сенуге болатынын, беделді агенттік ақпаратты толық тексермей ұсынбайтынын айтады. Сондай-ақ еліміздегі жалпы үрдіс, экономиканы ынталандыру, мемлекеттің табысын арттыру, халықты қолдау мақсатындағы ауқымды реформалар барлық іс-қимыл­дар­да көрініс табатыны сөзсіз. Қазақ­стан­ның­ қазіргі ішкі саясаты мен ұстанып отыр­ған бағыты әділетті қоғам құру қағи­датына негізделген. Оның қатарында ұлт­тық байлық, қаражат пен қазына қара­пайым азаматтардың, болашақ ұрпақтың пайдасына бөлінеді. Жер мен оның қойнауы халыққа тиесілі. Сарапшылар екі мұнай консорциумына қатысты сот Қазақстан Президентінің билікке келу қарсаңында да, одан кейін де жариялаған жалпы бағытына сәйкес келеді деп санайды. Мысалы, Ресейдің ұлттық энергетикалық қауіпсіздік қорының жетекші талдаушысы Игорь Юшковтың айтуынша, талап-арыз ‒ мұндай саясат элементтерінің бірі ғана. Қазақстан үкіметінің жоспары одан ауқымды.

«Ірі мұнай-газ жобаларының салық режімін өзгерту ‒ шетелдік бизнесті осы кен орындарын игеру шеңберінде өнімді бөлу туралы келісімдерді қайта қарауға мәжбүр ететін құрал. Жаңа жағдайда игеру мен өндіруден түсетін ақша шетелдік компанияларға азырақ, ал Қазақстанға көбірек беріледі. Бұл тұрғыда миллиардтаған қаражат ‒ басты нысана емес. Жобаларды жүзеге асыру барысында алдағы онжылдықтар ішінде ел бюджетіне қанша қаражат түсетіні одан маңыздырақ. Сондықтан Қазақстанның жеңісі сырттан қарағанда ымыраға келу сияқты көрінуі мүмкін. Астана кен орындарын игеру туралы келісімдер қайта қаралса, талап қою сомаларын қысқартуға немесе қаржылық талаптардан бас тартуға баруы мүмкін», дейді сарапшы.

Каспий қайраңы ‒ еліміз үшін мұнай мен газдан пайда табудың ерекше мүмкіндігі. Бірақ тәуелсіздіктің елең-алаңында кен орындарын барлауға қаржы да, технологиялық әлеует те болмады. Ол үшін жас елге мемлекет кепілдігімен ғана беруге болатын инвестиция қажет еді. Осының негізінде ірі трансұлттық энергетикалық консорциумдар мұнай-газ саласындағы барлық ірі жобаға (Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған) өнімді бөлу туралы келісімдер бойынша қатысуға келісті. Отыз жыл бұрынғы жағдайда өнімді бөлу туралы келісімдер қолайлы болып көрінді. Бірегей технологиялардың, мол тәжірибенің көмегімен мұнай-газ саласы қарқынды дамыды. Енді ірі мұнай-газ келісімшарттарының аяқталу мерзімі жақындап келе жатқандығын ескере отырып, 40 жыл игерілген бұл кен орындарының Қазақстанға қандай жағдайда берілетінін, мемлекет пен инвесторлардың бір-бірінің алдында қандай міндеттемелері бар екенін бағамдаудың, мұнай алыптары кеткеннен кейінгі болашақты бүгіннен бастап қалыптастырудың маңызы артады.