Олардың арасында күміс медаль иегерлері Ләззат Күнгейбаева мен Карина Ибрагимова, сондай-ақ қола жүлдегерлер – Алуа Балқыбекова, Надежда Рябец, Валентина Хальзова және Фариза Шолтай бар.
Спортшылардың әлемдік біріншілікте лайықты өнер көрсетуімен құттықтап, бокстан әйелдер құрамасының бас бапкері Шамиль Сафиуллинге алғыс хат табыс етті.
Кездесу барысында Париж Олимпиадасына дайындық пен олимпиадалық лицензия алу мәселесі талқыланды.
«Бокс – Қазақстандағы басты және ең танымал спорт түрлерінің бірі. Еліміз әлемге көптеген чемпиондарды сыйлағандықтан, қазақстандықтар әрбір турнирден алтын медаль күтіп, боксшыларымыздың өнерін жіті қадағалайды. Әйелдер құрамасына алдағы жарыстарда жарқын жеңістер мен табыс тілеймін», деп жазды министр А.Оралов.