Қоғам • 13 Сәуір, 2023

Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуаттылығы екі есе артады

421 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов Шымкент қаласын дамытудың өзекті мәселелері және осы жылдың 27 қаңтарында мегаполиске жұмыс сапары аясында берілген тапсырмалардың орындалу барысы жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz Үкімет баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуаттылығы екі есе артады

Премьер-министр Энергетика министрлігіне Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуаттылығын бұрын жоспарланғандай жылына 9 млн тонна емес, қазіргі 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін арттыру тәсілдерін қайта қарау қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ бұл жұмысты жаңадан салынатын қайта өңдеу кәсіпорындарының құрылысымен қатар жүргізу керек.  

«Бізге шала-шарпы жұмыстың керегі жоқ. Бұл жобаға қомақты қаржы құйылады, сондықтан қуаттылықты жылына 6 млн тоннаға дереу арттыру қажет. ЖЖМ-ге деген сұраныс жылдан жылға артып келеді. Экономика өсуде, халық саны көбейіп, кәсіпорындар өздерінің айналымын арттыруда. Бұл процестердің бәрін, оның ішінде ЖЖМ өндірісін ұлғайту арқылы қолдау қажет», деді Әлихан Смайылов. 

Сондай-ақ кеңесте жаңа мәдени-ағарту нысандарын ашу, несиелік тұрғын үйлерді сату, сатып алудағы жергілікті қамту үлесін арттыру, «Қайнарбұлақ» тұрғын алабын газбен қамтамасыз ету, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың жер телімдерін беру тетігін жетілдіру және тағы басқа бірқатар шаралар қаралды.

«Мемлекеттік органдар қала әкімдігімен бірлесе отырып, осы тапсырмаларды уақытылы әрі сапалы орындау үшін барлық тиісті шараларды қабылдауы қажет», деп түйіндеді сөзін Премьер-министр.