Музей • 13 Сәуір, 2023

Ұлттық музейдің іргесі кеңіді

414 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда Ұлттық музей ауқымды мәдени жобаларды іске асыратын алаңға айналып отыр. Мәдениет ошағында қоғамды, руханият пен экономиканы дамытудың маңызды ресурсы ретінде отандық музейлердің рөлін күшейтуде түрлі іс-шаралар жүзеге асырылып келеді. Осы орайда аталған мұражайда «Қолөнершілер орталығы» мен «Палеонтология» залының ашылу салтанаты болды.

Ұлттық музейдің іргесі кеңіді

Жаңа ашылған «Қолөнершілер орталығы» Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі рефор­малар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауы шең­берінде іске асырылған. Аталған Жолдауда Үкіметке өнердің дарынды өкілдерін, оның ішінде суретшілер мен мүсіншілерді қолдау жөніндегі іс-шаралар кешенін әзірлеу тапсырылған болатын. Орталық отандық қолөнерді қолдауға, сауда аймағын құруға, сондай-ақ сәндік-қолданбалы өнер саласындағы музей маркетингі мен менеджментін дамытуға бағытталған.

Салтанатты жиынға қатысқан Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов әлемге тек таңғажайып табиғатымызбен ғана танылып қоймай, тамыры терең тарихымызды да, ұлттық қолөнер жауһарларымызды да қоса насихаттауымыз қажет еке­нін айтты.

«Музейге тарихымызды тамашалай келген әрбір қонақ ұлттық қолөнер туындыларын естелікке сатып алатын болса, біз екі саланың да дамуына бірдей серпін береміз. Жалпы осындай дәстүрлі қолөнерімізді дамыту арқылы тарихи санамызды жаңғыртамыз. Тіпті ана тіліміздің де аясын кеңейтуге ат салысамыз. Мысалы, қамшы өру өнері арқылы – қазақтың небір ескі сөздерін қайта қолданысқа әкелеміз. Ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлеріміз есімізге түседі. Өткенде білесіздер, Пре­зи­дентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Таразға сапары бары­сында, осындай ұлттық қол­өнер орталығының бірін аралап, жергілікті шебердің өз қолы­нан қамшы сатып алып жатты. Мұның барлығы – біздің дара дәстүрлерімізді, ұлттық қол­өнерімізді қолдау деп түсінуіміз қажет», деді министр.

Сондай-ақ ол Қазақстан ТМД-ға өзінің төрағалығы аясында 2022 жылды – Халықтық өнер және қолөнер жылы деп жариялағанын, осыған орай былтыр тұңғыш рет Umai ұлттық сыйлығы аясында қолөнер ше­берлері үшін «Үздік сәндік-қол­дан­балы өнер туындысы» сый­лығы тағайындалғанын атап өтті.

«Қолөнершілер орталығы» экспозициясы екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде Ұлттық музейдің кәдесый және имидждік өнімдері, ал екінші бөлімінде жұрт­шылықтың назарына еліміз­дің заманауи шеберлері жасаған үздік сәндік-қолданбалы өнер туындылары ұсынылады.

ыва

«Палеонтология» залы та­рихқа дейінгі кезеңдегі Қазақ­стан жануарлар әлемінің алуа­н түрлілігі мен байлығын насихаттауға, сонымен қатар әртүрлі геологиялық дәуірлерде өмір сүрген омыртқалы тіршілік иелерінің эволюциясын көр­сетуге арналған. Онда тираннозавр, үш саусақты гиппарион жылқысы, үлкен мүйізді бұғы, алып мүйізтұмсық (ин­дри­котерий), мамонт секілді ежелгі тарихқа дейінгі кезең жануарларының және Қазақстан аумағында палеонтологтер мен геологтер тапқан басқа да тір­шілік иелерінің қаңқалары жинақталды. Экспозицияда жалпы саны 263 экспонат ұсы­нылып отыр. Бұл зал заманау­и ақпараттық құралдармен жаб­дықталған.

Белгілі археолог Зейнолла Самашев музей іргесінен ашыл­ған тарихи залдың маңызы терең екеніне тоқталды.

«Ұлттық музей құрылған уақыттан бері жетіспей тұрған бір дүние осы «Палеонтология» залы еді. Бүгін қазақ мәдениетінің, ғы­лымының күнтізбесінде үл­кен оқиға орын алып отыр. Дино­заврлар заманының жұр­нақтарын осы күнге жеткізіп, оны жұртшылыққа мәдени түрде ұсына білу де ауқымды іс. Тақырыптық жағынан да, хронологиялық жағынан да бұл Ұлттық музейдің өрісін кеңейтеді. Мұражай, ең алдымен, халықтың жиі келетін орны. Сондықтан өскелең ұрпақты өткен ғасырлармен таныстырып, мәдени сауатын ашуда музейдің маңызы арта бермек. «Қолөнершілер орталығы» да қоғамды ұлттың өнерімен, дәстүрімен таныстыруға мүм­кіндік береді», деді З.Самашев.

Зал экспозициясын жасау­да Париж Палеонтология музейі (Франция), Филд Жараты­лыс­тану тарихы музейі (АҚШ), Лондон Жаратылыстану му­зейі (Ұлыбритания), Берлин Жа­ра­тылыстану музейі (Гер­мания) секілді әлемдегі алдың­ғы қатарлы музейлердің тәжі­рибелері пайдаланылды. Соны­мен қатар залдың ғылыми тұ­жырым­дамасын дайындауға В.Алия­сова, Б.Байшашов сынды та­нымал отандық және шетелдік палеонтолог ғалымдар қатысты.

«Палеонтология» залы мен «Қолөнершілер орталығы» елорда тұрғындары мен қонақтарына Қазақстанның бай және ерекше көне тарихын жақынырақ білуге, еліміздің рухани және материалдық мәдениетімен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ елімізде мә­дени-танымдық туризмді дамы­туға ықпал етеді.