Жастар • 14 Сәуір, 2023

Жастар саясатының жай-жапсары

796 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жастар саясатын жаңғырту – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бас­тамасымен елімізде жүзеге асып жатқан саяси реформаның негізгі бағыт­та­ры­ның бірі. Бұл бастама көпшілік қолдауына ие болып отыр. Өйткені бола­шақ­қа алаңдайтын әрбір саналы адам жастар саясатына бейжай қарамауы керек.

Жастар саясатының жай-жапсары

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Әлемдік тәжірибені алып қарайтын болсақ, бүгін жастар саясатын ұйым­дастыруда негізгі 3 модель дамып келеді: либералдық, континенталдық, азиялық. Либералдық модельде жастар саясаты жеке сала ретінде қаралмайды. Жастар саясаты негізінен азаматтық қоғам арқы­лы іске асады. Бұл саясат жекеменшік компаниялар және жеке адамдармен (демеушілермен) қаржыландырылады. Континенталдық модель бойынша жастар саясаты жеке сала ретінде қарастырыла­ды. Ол арнайы мемлекеттік орган тарапынан ұйымдастырыла­ды. Қаржыландыру мемлекет тарапынан ­жасалынады. Саяси партиялар жастар саясатына араласпайды. Азиялық модельде жастармен жүргізілетін жұмыс мемлекеттік саясаттың жетекші бағыты ретінде алынады. Бұл жұмыспен жеке мемлекеттік орган айналысады.

Қазақстандық модельге қарасақ, мұнда континенталдық және азиялық жүйелер­дің негізгі элементтерін кездестіруге болады. Тәуелсіздік алғаннан кейін 1999 жылы жастар саясатының тұжырымдама­сы қабылданып, құжат 2012 жылға дейін қолданылды. Бұл құжат өз міндетте­рін орындады және қазіргі күн талапта­рына сай келмей қалды. Негізінен, 1999 жылғы тұжырымдама ұйымдастырыл­ған (оқушы және студент) жастарға арнал­ған еді. Ал олар жалпы жастар­дың тек жартысын құрайды. Жастар­дың екінші жартысы (қалған 50%) бұрын­ғы тұжырымдамада ескерілген жоқ: бұл жұмысшы жастар, ауыл жастары, өзін-өзі ұйымдастырған жастар, маргинал­дық жастар және т.б. Сол себептен 2012 жылы «2020 жылға дейінгі мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы», «Қазақстан 2020: келешекке жол» деп аталатын жаңа құжаттар қабылданды. Тұжырымдаманың негізгі өзгешелігі – құжатта жастардың барлық категориясы қамтылды. Осы құжаттың негізінде 2015 жылы «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» жаңа заң дайындалып, қабылданды.

Мәселелер де аз емес. Біріншіден, қо­ғамдағы жастар саясатына деген көз­қа­расты өзгерту керек. Жастар саясатын бір күндік акцияларға, шулы пиар-компанияларға айналдыруға болмайды. Қазіргі кезде күнделікті, жүйелі және ке­шенді негізде нақты жұмыстарды іске асыру қажет. Сонда ғана жастар саяса­тында кездейсоқ, фрагментарлық іс-ша­ралар қысқарады. Сонымен қатар сан жағынан неғұрлым көп және жастардың барлық категориялары қамтылады. Биыл «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгі­зілді. Соның ішінде жастардың орта жа­сы 35-ке дейін ұлғайтылды. Яғни елі­мізде жастардың үлесі 6 миллионнан асты. Әрине, бүгінде жастар саясаты сала­сын­дағы жұмыстар қайта жаңғыртылып келеді. Қазіргі таңда «жастар үшін» қағи­датынан гөрі «жастармен бірге» қағидаты маңызды рөлге ие.

Екіншіден, жастарды қолдау мақса­тында «әлеуметтік лифтілерді» құру үлкен мәнге ие. Оның мысалы ретінде қабі­летті жастарды мемлекеттік қызметке тар­ту және жастардың волонтерлық орта­лықтарын құруға байланысты жоба­лар іске асты. Ендігі кезде әр аймақта «әлеу­меттік лифтілерді» қалай құрамыз және оның нақты механизмі қандай болады деген мәселені шешу қажет. Өкінішке қарай, бұл мәселе бүгінге дейін толық шешімін тапқан жоқ.

Үшіншіден, кейінгі жылдары жастарға арналған «Жастар тәжірибесі», «Жасыл ел», «Дипломмен – ауылға!», «Жастар кадрлық резерві», «Мемлекеттік қызмет мек­тебі», «Жастар – Отанға» жобалары дамып келеді. Десек те қазіргі таңда жас­тардың барлық категорияларын қамтитын, оларды біріктіретін жаңа жобалар қажет.

Төртіншіден, «Жұмыспен қамту», «Бизнес жол картасы-2025», «Қолжетімді тұрғын үй» секілді әлеуметтік жаңару бағдарламалары да іске асырылып келеді. Жаңа мемлекеттік жастар саясатын осы әлеуметтік бағдарламалармен дұрыс ұштас­тыру қажет.

Бесіншіден, бүгін жастардың әр категориясына мысалы, қалалық және ауылдық жастарға, жастардың этностық топтарына, формалдық емес көшбасшыларына нақты адрестік тәсілдер пайдалану қажет.

Алтыншыдан, жастардың бойында кәсіпкерлік мәдениетті қалыптастыру мәселесіне ерекше мән бергеніміз жөн. Қоғамда әрбір жас өзіне лайықты орынды табуы үшін оларды мектеп, колледж, университет қабырғасынан бастап шағын және орта бизнеспен айналысуға дайындаған дұрыс.

Бірнеше жыл бұрын Жамбыл облыстық кәсіпкерлікті дамыту басқармасының жанынан құрылған комиссия «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлерге грант беру туралы мәселені қараған еді. 3 млн теңге көлеміндегі грант өз кәсібін бастап жатқан азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау (старттық капитал) ретінде берілетін. Өкінішке қарай, сол кезде конкурсқа қатысқан көп азаматтар кәсіпкерге қажетті негізгі сұрақтарға (бизнес-жоспар, жобаның жаңашылдығы, қосымша жұмыс орындарын ашу) жауап беруге қиналды. Бұл олардың кәсіпкерлік мәдениетінің төмен екендігін аңғартады. Сондықтан жастарды кәсіпкерлікке да­йындау қажет. Польшадағы Краков ұлт­тық техникалық университетінің кіре­­бе­ріс қабырғасында үлкен әріптермен: «Біз бизнестің экономистерін емес, бизнестің инженерлерін дайындаймыз» деген сөз­­дер жазылған. Өкінішке қарай, бізде кәсіп­кер болу үшін экономикалық білім қажет деген пікір қалыптасқан. Ал әлемге ең әйгілі бизнесмендер – техникалық білім алған азаматтар. Жалпы, бүгінгі жастарды мамандығына қарамай шағын және орта бизнеске бейімдеу қажет.

Жастармен кездескенде бір мәселені жиі айтамын. Қазақта «Өмір қамшы­ның сабындай қысқа» деген теңеу бар. Ал жастық жылдары одан да қысқа. Осы жыл­дарды жастарымыз өздері үшін тиім­­ді пайдалануға тиіс. «Бүгін болмаса, ертең болады» деген жастардың арасында жайба­сарлық көзқарас болмауы керек. Өйткені жастарға жайбасарлық жарас­пайды. Барлық нәрсені (оқу, ғылым­мен айналысу, спортпен шұғылдану, қоғам­дық жұмысқа белсене қатысу, т.б.) бір­дей жақсы жасауға болмайды. Бірақ жастарда бір нәрсені басқалардан нәтижелі іске асырамын деген ұмтылыс болуға қажет.

Қазақ жастарының арасында дарынды әрі талантты, қабілетті әрі шығармашыл ұл-қыздарымыз көп. Сол әлеуетті орнымен ұтымды пайдаланып, халыққа паш ету үшін ең алдымен жастарға қажетті жағдай жасау.

 

Махметғали САРЫБЕКОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, педагогика ғылымдарының докторы, профессор