02 Маусым, 2010

ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

573 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қызылорда қаласында қарттар мен мүгедектердің интернат-үйі жанынан өмірдің қиын жағдайына тап болған балаларға арналған  “Мей­­ір” оңалту орталығы есік ашты. Орталықтың ашылу рәсімінде облыс әкімі Болатбек Қуандықов сөз сөйледі. – Халқымыз ежелден-ақ жетімін  қанатының астына алып, желеп-жебеп жүрген. Қараусыз баланың қоғамнан шеттеп, жат қылықтарға үйірсек болатыны белгілі. Ондай жағ­дайлар өмірде бар. Бұл мейірім­ділік үйі қиын жағдайда қалған балаларды тәрбиелейді, күтімге алады, бағыт сілтеп, жөн жолға тү­сі­реді. Осыдан біраз бұрын “Азамат­тық Альянс” қауымдастығы, “Игі­лік” кооперативтік қоры және облыс әкімдігі арасында бірлескен іс-қи­мыл мен әріптестік жайлы үшжақты меморандум қабылданған болатын. Осы келісімде 42 жоба бекітілген, соның 17-сі іске асып отыр. Бүгінгі оңалту орталығы – соның бір көрінісі, – деді әкім. Оңалту орталығы қадағалаусыз қалған балаларды үш ай мерзім ішін­де жан-жақты күтімге алады, оқы­тады. Онан соң оларды ата-ана­сына не басқа да тиісті орындарға табыстайды. Бұл үшін арнайы пси­холог мамандар, әлеуметтік педа­гог­тар және дәрігерлер қызмет етеді. Ор­талық әзірше он бес орынға ар­нал­ған. Асхана, демалыс, жатын ор­ын­дарымен жабдықталған. Осы мақ­сатқа бюджеттен тыс қаржы көз­де­рінен 6 млн. теңге бөлініп отыр. Өмірге келген жаңа орталықтан негізгі ұстанымы – адамгершілік қағидаларын биік ұстап, саналы ұрпаққа сара жол көрсету. Еркін ӘБІЛ. Қызылорда.