Су тасқыны • 16 Сәуір, 2023

«Есіл тасып барады, жардан асып»...

518 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстанда осы күндері үзілмей соққан қара жел Есілдің тасуынан белгі беріп тұр. Биылғы қардың күндіз-түні тұрақты еруі 23 наурызда басталған. Бұл былтырғымен салыстырғанда 10 күнге ерте деген сөз. Сондықтан қар суының әлегі артта қалды, енді тек Есілдің тасуынан ғана қауіп күтуге болады.

«Есіл тасып барады, жардан асып»...

Бүгінгі таңда облыстың қар суымен толығатын арналары Ғ.Мүсірепов пен Шал ақын аудандарында ең биік деңгейінен өтіп, енді төмендеуге бет алды. Осы екі аудандағы ағын суының үлесі жылда мол болады.

Шал ақын ауданындағы Сергеевка су қоймасында судың ең жоғары деңгейі биыл 996 см-ге жетті. Ал плотинаның қанат­тарынан асуы 196 см болды, бұл қалыпты жағдай. Қазір Шал ақыннан кейінгі Есіл ауданында өзен суының биіктігі 11 метрге жеткенін «Қазгидромет» РМК филиалының директоры Қымбат Мерғалымова айтып отыр. Одан кейін Есілдің суы Петропавл қаласында биіктейді. Болжам бойынша мұндағы су 18-21 сәуір аралығында 10 метр­ден асуы мүмкін. Бұл судың арнадан асып, тасуына соқтырады. Сондықтан Челябі-Новосібір ха­лықаралық тасжолының 528-ші шақырымы, Заречный мен При­­брежное кенттерінің жол­дары су астында қалу қаупі бар.

«Қазгидрометтің» хабарлауына қарағанда, осы күндері облыс аумағына суық циклон қар аралас жаңбыр әкеледі деп отыр. Желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетпек.Ауаның температурасы түнде 5-10 градусқа дейін суытады, ал күндіз 1-3 градусқа дейін жылы болмақ.

Ауа райын болжау орталығы Солтүстікте жылымық тек сәуір­дің үшінші онкүндігінен басталады деп болжауда. Бұл кезде ауаның температурасы түнде 10-11, ал күндіз 16-21 градусқа дейін көтерілуге тиіс.

Есілдің екінші тасуы да сәуірдің 18-21 аралығында бас­талмақ. Оған себеп болатын Ақмола облысының аумағын­дағы Қалқұтан, Жабай өзендері суларының Есілге құйы­луы. Бірақ мамандардың айтуына қарағанда, судың бұл кө­терілуі алғашқыдан қауіпті емес, биіктігі сол деңгейде қа­лады.

Облыстық Төтенше жағ­дайлар департаменті басты­ғының орынбасары Мұрат Қан­ғожинов кейінгі жылдары облыс аумағында 2016 және 2017 жылдары материалдық шы­ғын көп болған су тасқыны болған. «Бұл Есіл өзеніне жер­гілікті салалардан, сондай-ақ Қарағанды және Ақмола облыстарының аумағында орна­ласқан сағалардан және қар суының үлкен көлемі түсуіне байланысты болды», дейді М.Қанғожинов. Сонымен бірге ол температура күрт көте­рілуінен тоң еріп үлгере алмай, сол себепті жерге сіңе алмаған қар суы Есіл өзенінің арнасын қалыптағы жағдайдан асырып жібергенін айтты.

Биыл ондай факторлар жоқ, сондықтан «қауіпті су» туралы айтудың қажеті жоқ. Тек басты назар Есіл өзенінің бассейнінде өтетін су тасқынына аударылады. 24 наурыздан бастап ТЖ департаментінің дағдарыс орталығының базасында жедел штаб ашылды, ол тәулік бойы су тасқыны жағдайының мониторингін және ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алу және жою үшін күштер мен құралдарды үйлес­тіруді ұйымдастыруда.       Су қой­мала­рына ағын судың шектен тыс құйы­луы туралы алдын ала ха­барлау және уақтылы метеорологиялық мәліметтер алу мақсатында Департамент Солтүстік Қазақстан облысы бойынша «Қазсушар» және «Қазгидромет» филиалдарымен, Ресейдің шекара маңы облыстары ТЖМ басқармаларымен жедел ақпарат алмасуды ұйым­дастырды.

Су тасқыны кезеңінде болуы мүмкін төтенше жағдайларды жою үшін облыс бойынша 1 189 бірлік техника, 116 жүзу құралдары, 474 мотопомпалар және жеке құрамның 1 995 адамы, 15 500 тоннадан астам инертті материалдар, 41 000 да­на қапшықтар дайындалды, зардап шеккен тұрғындарға азық-түлік жеткізуге 276 шарт жасалды. Эвакуацияланатын тұрғындарды қабылдау үшін сыйымдылығы 9 500 адам болатын 257 эвакуациялық пункт, 65 шатыр дайындалған. Су тасқыны қаупіне жедел назар аудару үшін құрамында 475 адам және 135 бірлік техника бар ТЖД, полиция және Ұлттық ұлан қызметкерлері қатарынан күштер мен құралдар тобы құ­рылды және олар тұрақты дайындық сапында тұр.

Қазіргі уақытта жергілікті органдар Қызылжар ауданы «Тепличное» селосы мен Петро­павл қаласы «Заречный» кен­тінің ықтимал су тасқынынан қорғау бойынша жұмыс жүр­гізуде «Тепличныйда» 200 метр жер үйіндісі нығайтылды, 10 000 қап балшық төселді және де осыншама жинақталған. Зареч­ныйда 1000 метрлік бал­шықпен нығайту жұмыстары жүр­гізілуде. Қазір екі жерде де барлығы 13 техника жұмыс істейді. Жұмыстардың аяқталуы осы аптаның соңына дейінгі кезеңге жоспарланған.

 

Солтүстік Қазақстан облысы