Театр • 16 Сәуір, 2023

Жыр көрігін қыздырды

485 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Менің пірім – Сүйінбай» халық­аралық жас ақындар айтысы өз мәресіне жетті. Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінің 95 жылдығына арнал­ған аламан айтыс Алматы қаласы мәслихатының депу­та­ты, белгілі кәсіпкер Дулат Тастекеевтің демеушілігімен өтті.

Жыр көрігін қыздырды

Биыл жетінші рет шымылдығын түрген жыр додасына республика аймақтарынан, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай және Моңғолиядан кеудесіне жыр толған жүйріктер қатысты.

Дүбірлі доданы университет бас­шысы Дархан Біләлов ашып, қаты­сушыларға сәттілік тіледі. Ректор өз сө­зінде Абай университетінің 95 жыл­дық тарихы, шығармашылық өмірі мен ғылыми жетістіктеріне тоқта­лып, отансүйгіштік, ұлттық сана-се­зім, туған жер тақырыбы орақ тілді айтыс­керлердің шығармашылығына арқау болса, осынау дәстүрді бойына сіңірген жастарымыз ел ертеңі үшін адал қызмет етсе деген тілегін арнады.

Қазақстанның еңбек сіңірген қай­рат­кері, Халықаралық «Айтыс ақын­дары мен жыршы-термешілер» ода­ғының басқарма төрағасы, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Жүрсін Ерман жыл сайын өтетін осынау өнер додасының жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңыздылығын атап өтті.

Аламан додаға түсетін жас ақын­дардың айтысына Парламент Мәжі­лісінің депутаты, ақын Ринат Заитов, «Алаш» халықаралық әдеби сый­лы­ғының лауреаты, белгілі ақын Серік Қалиев, филология ғылымдары­ның докторы, профессор Балтабай Әбді­ғазыұлы, Ұлытау облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқар­масының басшысы, айтыскер ақын Әнуар Омар секілді өнер майталмандары қазылық етті.

Іс-шара барысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек­тің құттықтау хаты оқылды. «Хал­қымыздың сан ғасырдан келе жатқан қасиетті айтыс өнеріне деген құрметі айрықша. Бұл – кешегі Сүйінбай мен Жамбыл, Біржан мен Сара, Кемпірбай мен Шөже бабала­рымыздан қалған асыл өнер. Ұлт­тық болмысымызды, қазақи құнды­лығымызды дәріптейтін айтыс өнері тәуелсіз ұрпақтың ұлттық қазынасы деп білемін. Сүйінбай бабамыз атындағы жыр додасының дәстүрлі түрде ұйымдастырылуы, жастардың бойындағы ақындық дарынды дамытып, суырыпсалма қабілетін шыңдауға, ақындық мектептің қалыптасуына негіз болатын, қазақ руханиятына қосылатын үлкен мұра болатыны сөзсіз» делінген құттықтау хатта.

Екі кезеңнен тұратын айтысқа 18 айтыскер жолдама алды. Жыр­дан шашу шашып, жыр көрігін қыз­дырған жүйріктердің өнеріне екі күн бойы көпшілік тәнті болды. Қазылар алқасының шешімімен «Менің пірім – Сүйінбай» дәстүрлі VII халықаралық жас ақындар айтысының бас жүлдесін Көкшетаудан келген Нұрмахан Жақып иеленсе, I орын Қазақ ұлттық өнер университеті­нің студенті Айым Асылбекқызына ­бұ­­йырды. Қырғызстаннан келген Ұлан Тоқтосынов пен Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының студенті Ердәулет Сардар II орынды еншілесе, III орынды Батыржан Кәдірбай, Жамбыл Бақытәлі және Қуандық Кенжебекұлы өзара бөлісіп, арнайы жүлделер мен ақшалай сыйлықтарға ие болды.

 

АЛМАТЫ