Көрме Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Жұмақын Қайрамбаевтың 70 жасқа толған мерейтойына орай өткізіліп отыр. Қазақстан бейнелеу өнеріндегі көрнекті тұлға, айтулы ұстаз Ж.Қайрамбаевтың есімі бүгінгі таңда баршаға танымал. Ол қырық үш жылдан астам уақыт аралығында Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында ұстаздық қызмет атқарып, 150-ден астам шәкірт тәрбиелеген. Оның шеберханасынан шыққан әрбір суретші өнерде өз жолын тапқан, қазақ өнерін елімізде ғана емес, сонымен қатар әлемдік алаңдарда танытып жүрген шеберлер. «Шәкірттерімнің үлкені жақында зейнетке шықты, ал кішісі – 30-да. Біздің «Іздер» шығармашылық тобының ізі қазақ бейнелеу өнерінде сайрап жатыр деп ойлаймын. 70-ке келгенімде осындай кең көлемді көрме ұйымдастырылып жатқанына ризамын», деп шәкірттеріне шын көңілмен тебіренісін білдірді.
Көрменің «Періште ізі» атауы терең мәнге ие. Ата-бабаларымыз тұлпар тұяғының ізі қалған бір уыс топырақты «Періште ізі» деп атаған. Осы топырақтан ырымдап бесіктегі нәрестенің жастығының астына салған. Кейде оның емдік қасиеті бар деп, жаңа туған шақалақты шомылдыратын суға да қосып отырған. Қазақ халқы үшін жылқының орны ерекше болғанының дәлелі, еліміздің әр аймағындағы тауларда жылқының бейнесі кескінделген тастардың сақталғаны. Осы сияқты жылқы тұяғының ізі бейнеленген тастарды барлық жерде «тұлпартас» деп атаған.
Көрменің ерекшелігі – алғаш рет Қазақстан бейнелеу өнері тарихында қазақ үшін қасиетті жылқы жануарына арнайы көрме арналып, терең қамтылуы. Ғасырлар бойы жылқы адамның ең жақын серігі, тұлпары, оның өмірінің ажырамас бөлігі болғаны дәлел. Көркем туындылардың барлығы көрмеге арнайы жазылып, «реализмнен» бастап, түрлі заманауи бағыттарды да қамтиды.
Тарихы 2003 жылдан басталатын «Izder»-дің алғашқы көрмесі Ә.Қастеев атындағы өнер музейінде өтті. Арада жиырма жылдан кейін биыл төртінші көрмесі ұйымдастырылып отыр. Көрмеге ұстаздың 20 шәкіртінің жалпы саны 55 туындысы бір кеңістікте ұсынылды. Ұлттық сурет өнерінің жарқын шығармашылық тұлғаларына айналған Досбол Қасымов, Мейіржан Нұрғожин, Талғат Тілеужанов, Азат Табиев, Сәуле Дүйсенбина, Әсемқұл Бейбіт, Нұрахмет Нұрбол, Орақбай Алмас, Бақыт Сейсенханұлы, Алмас Нұрғожаев, Қабөке Оралбек, Әлишер Жүргенов, Дулат Үсенбаев, Аққали Зaкир, Мөлдір Сағындықова, Мадина Нарбаева, Дарья Қайрамбаева, Ұлан Даубай, Данияр Сарбасовтың шығармаларында қазақ үшін қастерлі жылқы жануары түрлі ракурста үлкен сүйіспеншілікпен бейнеленген. Сондай-ақ көрмеге Қазақбай Әжібекұлы, Бахытнұр Бүрдесбеков, Әли Бақтыгереев, Серік Таинов, Ералы Оспанұлы, Нуршидин Баратов, Нұрлан Қилыбаев, Caид Атабеков секілді қонақ суретшілер де қатысты. Мұндай пішінде ұйымдастырылған көрме қалыптасқан көркемсурет мектебі мен дәстүрін одан әрі сабақтастыруға және шебер мен оның ізбасарларының шығармашылық ізденісін үйлесімді өркендете түседі.
АЛМАТЫ