Әлем • 16 Сәуір, 2023

Алмания атомнан бас тартты

367 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Германияда атом электр стансаларының дауы басылмай тұр. Өткен сенбіде елдегі соңғы АЭС-тің жұмысы тоқтады. Бірақ мамандардың бір тобы бұған қарсы. Оның үстіне, Еуропаның басқа мемлекеттерінде уранды электр энергиясына айналдыруға ерекше ден қойып отыр.

Алмания атомнан бас тартты

Сенбі күні Германиядағы соңғы үш АЭС-тің жұмысы тоқтатылды. Осылайша, елде­гі атом энергиясына нүкте қойыл­ды. Мұны уран­ға қарсы әрекет еткен бел­сенділердің еңбегі десек, артық айтқандық емес. Олар ондаған жыл бойы атомнан азат ел құруға барын салған-ды. Дегенмен кей сарапшылар АЭС-тен бас тартуды асығыс қадамға балап, ақымақтыққа теңеп отыр. Олар­дың пайымдауынша, мұн­дай қадам Еуропаның қазба отындарды таза энергетика көздеріне ауыстыру жоспарына қайшы келеді. Хрис­тиан-демократиялық одағы (CDU) өкілі Йенс Спах­нның айтуынша, бұл Гер­ма­ниядағы климатты қор­ғау­шылар үшін қаралы күн. Сон­дай-ақ бундестагты басқа­рушы коалицияның да бұл мәселеге келгендегі пікірі екі­ге айырылды. Мысалы, Еркін демократтар партия­сы (FDP) атом электр станса­лары­нан толықтай бас тартпай, уа­қыт­ша тоқтата тұру ке­рек еді деген пікірді ұстанады.

«Әлемдегі ең заманауи және қауіпсіз атом электр стансасын жабудың эко­номикалық және эколо­гия­лық салдары ауыр, үл­кен қателік», дейді FDP төраға­сының орынбасары Вольфганг Кубицки.

Жасылдар партиясы мұн­дай пікірге келіспейді. Кли­матты қорғау министрі Роберт Хабек өткен жылы АЭС-тер елдегі электр қуа­тының 4-6 пайызын ғана өндірген алға тартып, олар­дың жұмысын тоқтату энерге­тикалық қауіп­сіздікке әсер етпейтініне тоқ­талды.

Негізі Германия атом электр стансаларынан 2022 жылы бас тартуға тиіс еді. Естеріңізде болса, 2011 жыл­ғы Фукушимадағы апаттан кейін сол кездегі канцлер Ангела Меркель ураннан энергия алудан біржола бас тартуға шешім қабылдаған-ды. Сөйтіп ақырғы мерзім 2022 жыл деп белгіленді. Бірақ Украинада соғыс басталып, Ресейден келетін газға шектеу қойылғандықтан, Жа­сылдар партиясы оны бір жылға шегеруге мәжбүр болды.

Алайда Германия хал­қының көзқарасы кейінгі жыл­дары өзгерді. Тіпті атом энергетикасына қарсы­лар­­дың өзі оны кезең-ке­зеңі­мен тоқтату мерзімі асы­ғыс­тық деп есептейді. Мәсе­лен, YouGov жүргізген сауал­намаға сүйенсек, немістердің төрттен бір бөлігі ғана қалған стансалардың осы аптада тоқ­татылғанын қолдаған. Тұр­ғындардың үштен бірі оның мерзімін уақытша ұзар­ту керек деп есептесе, қал­ғаны асықпауға тиіс деген пікір ұстанған.

Бұл аз десеңіз, Жасылдар партиясын қолдайтындар да бұл қадамға күмәнмен қарайды. Сауалнамаға сәйкес, партияны қолдаушылардың жартысынан астамы, яғни 56 пайызы реакторлардың дереу тоқтатылғанын қолдаған.Бірақ партия басшылығы Германиядағы ядролық энер­­­­гетиканы тоқтатуға бел ше­шіп кірісіп отыр. Тіпті көмір электр стансалары ауаны ластайтыны да оларға ке­дергі келтірмеген сыңайлы. Елде жаңартылатын қуат көз­дерін енгізу жаппай қолға алынғанымен, Германия әлі күнге дейін электр энер­гия­сының үштен бірін көмірден өндіреді.

«Жасылдар партиясының өкілі, Климатты қорғау ми­нистрі қоршаған ортаға зияны аз атом электр стансаларына қарағанда, көмір пайдалана­тын электр стансаларына рұқ­сат беруді жөн көреді», дейді CDU өкілі Спахн. Ол үкіметті «көмір коалициясына» айналды деп айыптайды.

Ал бұған Жасылдар пар­тия­сының айтатын өз уәжі бар. Олар CDU партия­сы ел басқарып тұрғанда жаңар­­тылатын энергетика көзде­рін кеңейтудің орны­на Гер­манияны көмірге тәуелді етті деп санайды. Бірақ Германия реакторларды жабуға кіріс­кенде, көршілес мемлекеттерде кері қадам жасалып жатыр. Мәселен, Фин­ляндияның жаңа «Olkiluoto 3» зауыты сынақтан өтіп, келесі аптада желіге қосылуға дайын. Франция алты жаңа АЭС салуды жоспарлаған. Алда-жалда бәрі сәтті өтсе, тағы 8 реактор орнатуы мүмкін.