Үкімет • 17 Сәуір, 2023

Өңірді өркендететін – өндіріс

228 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Премьер-министр Ә.Смайылов өткен аптада Ұлытау облысына жұмыс сапарымен барып, Жезқазған мыс зауытында, Анненск кенішінде, Жезқазған жылу-электр орталығында, Сәтбаев орталық ауруханасында болды. Бұдан басқа да нысандарды аралап көріп, жұртшылықпен кездесіп, пікір алмас­ты. Сапар соңында орталық мемлекеттік органдар және өңір әкімдігі басшылары қатысқан Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері бо­йынша кеңес өткізді.

Өңірді өркендететін – өндіріс

Жол жөнделсе, бәрі де жақсарады

Премьердің алғашқы назар аударғаны Ұлытауды еліміздің басқа өңірлерімен байланыстыратын көлік жолдарының жай-күйі болды. Ұлытау облысының республикалық маңызы бар автокөлік жолының жалпы ұзын­дығы 961 шақырымды құрайды. Осы жолдың халықты әбден қажытып жүрген тұсы ұзындығы 208 шақырым болатын Жезқазғаннан Қызылордаға қарай шығатын жол. 420 шақы­рымға созылған жолдың Қызылорда жағында өткен жылдан бері жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Былтыр «2022 жыл­дың сәуір, мамыр айларын­да Жезқазған жағынан да жөндеу жұмыстары басталады» деп елең­деп жүрген елдің үміті ақтал­мады. 2022 жылғы 13 сәуірде тендерлік ұсыныстар­ды қарағанда, қатысушылардың ешқайсысы да жоспарланған бағамен келіспеген болып шықты. Сөйтіп, жарияланған конкурс жойылды. Биылғы 31 наурызда бағаның өсуі, т.б. жағдайлар ескерілген тендер қайтадан жарияланды. Егер былтыр 90 млрд қарастырылған болса, биыл бұл соманың көлемі 130 млрд тең­гені құрап отыр. Тендер 8 лот бо­йынша жүргізіледі. Мамыр айы­ның соңына таман тендер жеңім­паздары анықталып, жұмыс басталатын тәрізді.

«Біз республикалық ма­ңы­зы бар жолдарды жөн­деу, реконструкциялау және салуға басымдық беріп отырмыз. Бұл үшін 420 млрд теңге қарастырдық. Бұл қаражат ел бойынша 3,6 мың шақырым жолды жөндеуге жұмсалады. Соның белгілі бір бөлігі Ұлытау облысына да қатысты. Айталық, Жезқаз­ған-Қызылорда бағытындағы жолдың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін өте қажет екенін жақсы түсінеміз. Жол құрылысына жергі­лікті құрылыс компанияларын тартуды назарда ұстағаны­мыз жөн», деді Үкімет басшысы.

 

Жезқазған ЖЭО-сын жөндеу

Өткен қыстан жезқазған­дық­тар да әупірімдеп шықты. Жылу электр орталығының негізгі құрал-жабдықтарында өткен қыста 88 технологиялық ауыт­қу болған екен. Бұл 2021 жылмен салыстырған 7-ге көп. Неге бұлай? Өйткені ЖЭО-да кейінгі үш жылда тек екі, яғни 2020 жылы – №5 қазандықта, 2021 жылы  №6 қазандықта ғана күрделі жөндеу жүргізілген. №8 және №10 қазандықтарды модернизациялау 2020 жылдан бері созылып келеді. Алдағы қыста қиналмай жұмыс істеу үшін ЖЭО-ның 2016 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген №4 қазандығына және 2019 жылы күрделі жөндеу жасалғанына қарамастан №9 қазандықты да қайтадан күрделі жөндеу жасамаса болмайды. 2018 жылы күрделі жөндеу жасалған №7 қазандық та кең көлемді ағымдағы жөндеуді қажет етеді. Әрине, бұл жұмыстарға ауқымды қаражат қажет екені анық. Нақтылап айт­қанда, 2,3 млрд теңге керек екен.

Жылу орталығы қазандық­тарының орташа тозу деңгейі 74%-ті құрап отыр. Демек жағ­дай шын мәнінде күрделі. Шұғыл түрде шешім қабылдамаса болмайды. Үкімет басшысы мә­селенің шешімін «Биыл ЖЭО-дағы жөндеу жұмыстарын то­лықтай қаржыландыру қажет. Қаражат «Тарифті инвести­ция­ға айырбастау» бағдарлама­сы аясында қайтарылады», деп нақтылады.

Сол сияқты, Ә.Смайылов облыс орталығына іргелес Сәтбаев қаласындағы жылу беру жағдайын да оңынан шешу қажеттігін атап көрсетті.

 

Халықтың талабы – таза су

Облыс орталығы тұрғындары­ның талайдан бергі арманы – таза су ішу. Көптен бері айтылып жүр­генмен әлі нақты шешімін тап­пай келе жатқан бұл мәселені ше­шудің қазір 4 түрлі жобасы қарас­тырылып, іске асырылып жатыр.

2021 жылғы қазан айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жезқазғанға келген сапарында бұл мәселеге баса назар аударып, «Ауызсумен қамту мәселесін алдағы бір жарым жылда Үкімет әкімдікпен бірлесіп шешуі керек. Өйткені алдымызда тұрғындарды таза сумен қамту міндеті тұр. Бұл мәселеге келгенде мен қатаң көзқарас танытып, шешу барысын жеке қадағалаймын», деген еді. Содан бері қозғалыс жоқ емес, бар. Мысалы, қазір қалалық гидроцехта суды мембраналық әдіспен тазалау технологиясына көшу жұмыстары қолға алына бастады. Бұрынғы ескі технологиялар­дың орнына осы заманғы еуропа­лық технологиялар орнатыла­ды. Әрине, жоба қымбатқа түседі. Бірақ халыққа таза су ұсыну – бас­ты мақсат.

Сондай-ақ Есқұл, Үйтас-Айдос, Қожамсейіт жерасты суларын қалаға таза күйінде жеткізу үшін жан-жақты жұмыстар жүргізілуде.

Бұл жұмыстар Үкіметтің әрқашан назарында. Қаржылай көмек те көрсетіледі.

– «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында шаруашылық ауыз су тазарту құрылыстарын жаңғырту мақсатында бюджеттен 6 млрд теңге қарастырылған. Әкімдік сол бөлінген қаражатқа жоспарланған жұмыстардың сапалы атқарылуына жауапты», деген Премьер-министр халықты таза сумен қамтамасыз етуге қатысты жобаларды әрқашан қолдайтынын, бірақ жергілікті әкімдік тарапынан тиісті құжат­тардың дер уақытында дайындалуы қажеттігін қатаң ескертті.

 

Қымбатшылық құрсауы

Қашан болсын халықты ең қатты ойлантатын мәселе – қымбатшылық. Әсіресе азық-түліктің қалтаға күш түсір­мейтіндей бағада болғаны. Бірақ баға ырық берер емес. Бұған кейде жергілікті әкімдіктердің шаруаны ұйымдастырудағы ұқыпсыз­дық танытуы да себеп болып жатады. Жүргізілген сараптама Ұлытау облысындағы азық-түліктің басым бөлігінің бағалары Астана, Алматы қалаларына қарағанда қымбат екенін көрсетті. Неге? Себеп қандай?

Өйткені еліміз бойынша белгіленген азық-түліктің әлеу­меттік маңызы бар 19 түрінің Ұлытау облысында тек үшеуі ғана өндіріледі екен. Қалғанының бәрі сырттан тасымалданады. Әрине, мұндай жағдайда облыстың бағаны реттеуге, тұрақтандыруға ықпал ете қоюы екіталай.

«Облыстың ішкі нарығын осында өндірілетін өнімдер­мен толықтыру бойынша іс-шаралар қабылдау өте маңызды. Мұны әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін өндіруге және сақтауға баса назар аудара отырып, агроөнеркәсіп кешені саласындағы жобаларды іске асыру арқылы жасауға болады», деп атап көрсетті Премьер-министр.

Қымбатшылық құрсауы өз өнім­дерімізді өндіру арқылы ғана сеті­нейді. Бұл бұрын да айтылмай жүрген сөз емес еді, Үкімет бас­шы­сының Ұлытау облысында мұны қайталай айтуы бекер болмаса керек. Өйткені Ұлытау – мал және егін шаруашылықтарын дамытуға өте қолайлы өңірде орналасқан облыс. Өсір де өндір және өңде! Сосын қолжетімді бағамен ұсын!

 

Облыстың ертеңі қандай болмақ?

Әлихан Асханұлына сапар барысында облыс орталығының бас жоспары да таныстырылды.

Ширек ғасыр шетқақпай қалған қаланы облыс орталығы мәр­тебе­сіне лайықты дамыту – күн тәр­ті­бін­дегі өзекті мәселе. Жаңа ғи­ма­рат­тар, тұрғын үйлер, нысан­дар са­лы­­натыны анық. Бұл ретте көз­дел­ген жоспар, жоба бар. Жез­қаз­­­ған халыққа қолайлы қалаға ай­­на­луға тиіс. Бұл ретте де Үкімет бас­­шы­сы жаңа об­лыс орталығын да­­мы­туға қажетті барлық көмектің көр­­се­­ті­­летініне сендірді. Бұған қыр­уар қаржы керектігі айтпаса да түсінікті.

Облыстың ертеңі қандай болмақ? Қалай дамиды? Қандай өн­діріс орындары ашылады? Тү­йін­ді тұстар бар ма? Болса мәсе­ле неге тіреліп тұр?

Облыс аумағында негі­зінен үш ірі компания – «Қазақмыс», «Қазмырыш», «Ар­селор Миттал» компаниялары жұ­мыс істейді. Өнеркәсіп өнімдерін өн­­діруде өсім бар. Айталық, 2022 жыл­­дың қаңтар-наурыз айларында тау-кен өндірісінің өнімі 28,1 млрд тең­гені құраса, биылғы осы мер­зімде 58 млрд теңгеге жетті. Өң­деуші өнеркәсіп өнімі тиісінше 218 млрд теңгеден 238 млрд теңгеге өскен.

Облыс өндірісті одан әрі ұл­ғай­туды ойластырып отыр. «Жез­қазған мыс» зауытында жаңадан күкірт-қышқыл цехын ашу және зауыттың техника­лық және аспирациалық газ жүйе­сін реконструкциялау, Сәтбаев қаласында селективті экстракция әдісімен мыс өңдеу, Үлкен Ақтай кен орнында темір-марганец өңдеу, электролиттік марганец және полиметалл мен бағалы металдар өңдейтін кешен тұрғызу тәрізді жобалар қазірдің өзінде қолға алынды. Бұлардан басқа Үкіметтің араласуын қажет ететін де бірнеше жоба бар.

Бұлардың арасында сағаты­на 11,1 мың текше метр газ қажет ететін «Жезқаз­ған мыс» зауытын газдандыру арқылы модернизация­лау, тәжі­рибелік-өндірістік мақ­сатта 4 млн тоннаға дейін өн­діруге Үкімет тарапынан рұқсат кү­тіп отырған «Ашықтас» кен ор­нында құрамында алтын бар кен­дерді шаймалау кешені және т.б. жобалардың да облыстың эко­но­­ми­калық тұрғыдан дамуына тигі­­­зе­тін оң ықпалы зор болмақ. «Қазақмыс» корпорациясының бас­қар­­ма төрағасы Н.Нұриев те Үкімет бас­шысына компанияның ал­д­ағы уақытта жаңа жұмыс орын­дарын ашу жоспарымен бөлісті.

Жаңа жобалардың жай-жап­сарын ықыласпен тыңдаған Әли­хан Смайылов: «Әрбір жаңа өндіріс – жаңа жұмыс орны, бюд­жетке түсетін қо­сым­ша табыс. Демек өңір өндірі­сі­­мен өркен­дейді. Сондықтан Үкі­мет бұл бағыт­тағы барлық дерлік бас­тама­ны қолдайды, көмегін көр­сетуге әзір. Әсіресе жаңадан құры­лып жатқан облыс үшін инвести­ция тартуға ұмтылған жөн, табыс­тың жаңа көздерін іздестіру керек»,  деді. Бұл Үкімет басшысы тара­пы­нан облыс басшылығына берілген нақты тапсырма десе де болғандай.

 

Абдолла Дастанов,

журналист

 

Ұлытау облысы