02 Маусым, 2010

АПТА АЙШЫҚТАРЫ

516 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
ҮЗДІК МҰРАЖАЙЛАР АНЫҚТАЛДЫ Жеңістің 65 жылдығына орай қаладағы Жауынгерлік даңқ мұра­жайлары арасында конкурс өткізілген еді. Жуырда қалалық офицерлер үйінде оның қорытындысы шығарылды. Конкурсқа 30 мұражай қатысты. Солардың бәрі семейліктердің майдандағы және тылдағы теңдесі жоқ ерліктері мен қажырлы еңбектері жөнінде мол мағлұматтар жинағаны бірден аңғарылып тұрды. Солардың ішінен жоғары оқу орындары бойынша медицина ака­демиясындағы Мәншүк Мәметова мұражайы, ал колледждер арасында геологиялық барлау және көлік колледжінің, орта білім ордалары бойын­ша №30, 29, 43 мектептердің мұражайлары жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, бірқатар қоғамдық ұйымдар мен мекеме, кәсіпорындардағы жауынгерлік даңқ мұражайларының игі жұмыстары да атап өтілді. Жеңімпаз мұражайлар бағалы сыйлықтарға ие болды. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. СЕМЕЙ. “ЕЛДІҢ КӨРКІ — ЕЛІМЕН, ОТАН КӨРКІ — ЖЕРІМЕН” Өткен жұма күні “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалының жетекшілері өңірде “Елдің көркі – елімен, Отан көркі – жерімен” атты акцияның басталғанын хабарлады. Акция аясында аудан, қала орталықтарынан бастап шағын елді мекендерге дейін көгалдандыру, көріктендіру жұмыстары қолға алынбақ. Ол жұмыстар “Ең көркем ауыл”, “Ең көркем көше” және “Сиқырлы саябақ” сияқты байқауларға ұласпақ. Қазақстан Республикасының 20 жылдығына дейін жалғасатын акцияның қорытындысы Тәуелсіздік күні қарсаңында шығарылып отырмақшы. Тараздық жасотандықтар игі істі Қарахан мазары маңындағы әсем бау мен “Жеңіс” саябағынан бастайтындарын жеткізді. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Жамбыл облысы. АРНАУЛЫ ӘНГЕ БАЙҚАУ ЖАРИЯЛАНДЫ Бұл күнде кеншілер шаһарында “Біздер – қарағандылықтар” фестивалі өтіп жатыр. Осы шара аясында “Қарағанды, саған арнаймыз әнімізді” байқауы жарияланды. Оның негізгі талабы бойынша қала туралы ән таңдалып алынады. Бұған бастамашы болушылардың бірі Әлия Шошақованың ұйымдастыруымен жергілікті теле және радио арналар арқылы аталған тақырыпқа арналған әндер жұртшылыққа таныс­тырылуда. Байқау қорытындысы 10 маусымда шығарылады. Қала тұрғындарының қатысуымен таңдалған ән алдағы үлкен мерекелік шаралардың бірінде шырқалады. Ол қала әнұранына айналады. Сөзін жазушы мен әнін шығарушыға және алғаш орындаушыға арналған жүлде жеңім­паз­дарын күтіп тұр. Айқын НЕСІПБАЙ. ҚАРАҒАНДЫ. ӘУЕ ЖОЛЫ ҚАТЫНАСЫ ҚАЙТА ОРНАДЫ Сәрсенбінің сәтіндегі таңғы сағат 4.55-те Қостанайға Мәскеуден “Боинг-737” жолаушылар ұшағы келіп қонды. Бұл қостанайлықтардың екі жылдан бері күткен қуанышы еді. Ресей астанасымен Қостанайдың арасын үш-ақ сағат етіп жалғаған “Трансаэро” авиакомпаниясы басшыларының айтуынша, жолаушылар ұшағы тек науқандық емес, екі ортаға жыл бойы қатынайтын болады. Таңертеңгі сағат 6.15-те қайта ұшып кететін ұшақ Мәскеуге қолайлы кезде жетеді. Жолаушылар Ресейдің өзге қалалары мен Еуропаға, Азияға ұшатын ұшақтарға еркін үлгереді. Екі жыл үзілістен кейінгі алғашқы жолаушылар ұшағын аэропортта облыс әкімінің орынбасары Виктор Мейстер күтіп алып, “Трансаэро” компаниясының директоры Дмитрий Ерзаковичке халқымыздың дәстүрімен сый-сияпат жасады. Жолаушы ұшағы Қостанайға сәрсенбі, жексенбі күндері қатынайды. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. ҚОСТАНАЙ. АЛЫСТЫ ЖАҚЫНДАТҚАН ГЕРМАНИЯ Талдықорған қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы әмбебап кітапханада Германияның Қазақстандағы жылына орай “Алысты жақындатқан Германия” атты әдеби кеш ұйымдастырылды. Кеште “Видербург” қоғамының өкілі Людмила Итерман Германияның кешегісі мен бүгіні жайлы сыр шерткен мазмұнды әңгімесін бейнебаян материалдарымен толықтырды. “Ардагер әжелер” ансамблі екі ел арасындағы жарасымды рухани жалғастықты Абай мен Гетенің үндестігінен табатын шығармалармен айшықтады. Халықтың рухани жағынан шыңдалуына бағытталған басқа да мәселелер жалғасын тауып, ұлтаралық татулық пен халықтар достығын нығайту және осы сезімдерді жас ұрпақтың жүрегіне ұялату бағытындағы шаралардан оқырмандар әдемі әсер алды. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы. ЧЕМПИОНДАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ Осыдан бірер ай бұрын Өскеменде қысқы спорт түрлерінен еліміздегі жоғары оқу орындары арасында Универсиаданың аяқталғаны белгілі. Онда Бейбіт Мамраев жетекшілік ететін С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері 32 жоғары оқу орындары арасында қара үзіп, топ жарған-тын. Атап айтқанда, олар 63 алтын, 16 қола медальді жеңіп алған еді. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтті. Ванкуверде екі бірдей бесінші орынды жеңіп алған А.Полторанин, аталмыш оқу орнының түлектері Р.Савицкий, С.Черепанов, И.Закурдаев, тағы басқаларға алтын алқа тапсырылды. Алматыдан келген ұлттық орталықтың жауапты қызметкері С.Әубәкіров, бірінші проректоры Ғ.Әділғазинов жеңімпаздарды марапаттап, чемпиондар құрметіне әннен шашу шашылды. Оңдасын ЕЛУБАЙ. ӨСКЕМЕН. “АҚМОЛА ЖҰЛДЫЗДАРЫ” МӘРЕГЕ ЖЕТТІ Көкшетауда тоғызыншы рет өткізілген “Ақмола жұлдыздары” халық шығармашылығы байқауының қорытындысы шығарылды. Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған аумақтық өнер сайыстарына төрт жас пен 80 жас арасындағы 34 мыңға жуық адам қатысты. Көрермен жаңадан құрылған 93 ұжым мен сахнаға бірінші рет шыққан 80 әншінің ұмтылыстарын бағалауға мүмкіндік алды. Соңғы тоғыз жылда байқаудың марапаттау қоры да айтарлықтай ұлғайды. Бұл ән мен жырдың өлкесінде көпэтносты халықтық өнерге үлкен маңыз артылатынын білдіреді. Оны “гран-при” жеңімпаздары атанған Аршалы ауданы мен “Көкшетау” мәдениет сарайы ұжымдарының әрқайсысына “ГАЗель” шағын автобустары тапсырылуынан аңғаруға болады. Бақберген АМАЛБЕК. Ақмола облысы.