Аймақтар • 18 Сәуір, 2023

Ормандағы өрт қауіпсіздігі

309 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Еліміздің қай қиырынан келген қонақтар болса да, Қызылжардың ақ қайыңды ормандарын көргенде тамсанып жатады. Облыстағы ормандардың жалпы аумағы 560 мың гектар жерді құрайды.

Ормандағы өрт қауіпсіздігі

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Алайда орман қанша көп болса да оны қорғау керек, қалпына келтіріп, оталғандардың орнына жаңасын егіп отырған дұрыс. Ормандардың қазіргі жай-күйін, қалпына келтіру шараларын білмек үшін жуырда біз облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бейбіт Исмановқа жолыққан едік.

«Ормандар оттегін бөліп, ауа­ны тазартумен қатар шаруа­шы­лықтарға да зор пайдасын тигізеді. Олар егісті өткір желдер мен дауылдардан қор­ғайды. Сөйтіп, климатты рет­тейді, суды шұғыл кеуіп кетуден сақтап, ылғалды алып қалып, топырақтың құнарын ұшырмайды. Тіпті санитарлық-гигиеналық, сауықтыру және басқа да пайдалы функция­ларды орындап, өңіріміздің эко­логиялық және әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қолдауда маңызды рөл атқарады», деп бастады ол өзінің орман туралы сөзін.

2020 жылдың 1 қыркүйегінде жариялаған Жолдауында Мемле­кет басшысы орман қорын то­лық­тыру үшін 2 млрд түп ағаш отыр­ғызуды тапсырған еді. Осы тап­с­ырманы орындау үшін біздің облыста 2021-2025 жылдар аралығында 20 мың гектар алқапқа 100 млн түп ағаш отырғызу туралы кешенді жос­пар құрылған. 2021 жылы 869 мың гектар жерге 3,6 млн түп ағаш отырғызылды. Бұл – осы жылға белгіленген жоспарды 102 пайызға орындаған сөз. 2022 жылы 1 652 гектар алапқа 6,9 млн түп ағаш отырғызылған, бұл бел­гіленген жоспардың 11 пайызға артық орындалғанын көрсетеді. Биылғы меже – 4 100 гектар жерге 23,1 млн түп ағаш отырғызу.

Қазір отырғызылған жаңа түп­терді отап кететін қалың мал жоқ. Ауылдың қосалқы шаруа­шылығындағы малдар көп емес, сондықтан өскіндердің тез жетіліп кетуіне қолайлы жағдай бар. Алайда өскіндерді дайындайтын тұқымбақтардың қуаты жетпей қалуы мүмкін. Биыл Есіл ауда­нында 28 гектар аумақты алатын жаңа тұқымбақ ашу көз­делген, алайда оған 284 млн теңге қаражат керек. Осыған облыс бюд­жетінен қаражат табылса, тұқымбақтардың қуаты арта түсер еді. Қазір облыс әкімдігіне қайрылған хат қаралу үстінде.

Орманды өздерінің шаруаларына пайдалану үшін адамдар бір жағынан кессе, екінші отағышы – өрт. Жаңбырсыз, ыстық жазда қаңсып тұрған орман алабында болмашы шоқтан көтерілген өрт ешкімге әл бермей, сол алаптың орманын, жануарлар мен өсімдіктер әлемін түгел жалмап, микроклиматты өзгертіп, экологиялық апат жасап кетеді. Сондықтан орманды күтетін, қорғайтын, өсіре­тін қыз­меттердің бәрінің бір бүйі­рінде аптап жаздағы өрттен сақтану мазасыздығы жүреді.

Қазір өртке қарсы күресу үшін орман шаруашылықтары қажетті техникалармен мүмкіндігінше қамтамасыз етілген. Барлық шаруашылықты қоса есептегенде 25 өрт сөндіргіш машина, 87 трактор, су сақтайтын 30 үлкен сыйымдылық, жедел хабар­лағыш 798 радиостанса алынған. Әрине, бұлар да қалың орманды облыс үшін әлі де аздау. Жоғарыдағы құралдардың ішінде соңғы төрт жылда облыстық бюджеттен 372 млн теңге бөлініп, оған 12 өртсөндіргіш машина, 21 трактор алынған. Биылға тағы да 160 млн теңге бөлініп отыр.

Халықты өрттен қорғауға шақыру, орманда өрт қауіпсіздігін сақтау туралы алдын алу шаралары үнемі жүргізіліп тұрады. Көрнекі жерлерге «Өрттен сақ болайық, орман – біздің бай­лығымыз» деген сияқты жазулар қойылған. Қалың орман арқылы қосылып жатқан Ресейдің Ом­бы, Қорған, Түмен сияқты об­лыстарындағы әріптестермен екі мемлекет арасында қол қойыл­­ған экономикалық ы­нты­мақ­тастық аясында орман өрті кезінде бірлесе іс-қимыл жасау жө­нінде келісім бар.

Ормандағы өрттің тез жа­йылы­п кетпеуіне тосқауыл болатын минерализациялы жолақтар тарту да – үнемі назарда. Мұ­ның мәнісі – орманның іші мен сыртында жырту әдісімен үлкен жолақтар тарту. Мұндай жо­лақ­тарға тірелген өрт әрі қарай жайыла алмайды. Былтыр 1 551 шақырымға созылатын осын­дай жолақтар тартылған. Со­нымен бірге облыстағы орман шаруашылығының 11 мекемесіне ормандағы өртті бақылап отыратын 16 интерактивті кешен алынып, олар 20-22 метр биіктікке дейін көтерілген мұнараларға орнатылған.

«Кейінгі жылдарда болған өрттердің себебіне сараптама жасағанда олардың негізгі се­беп­шісі адамдар екені анық­талған. Күн түсіп, найзағай ұш­қынынан болған өрттің саны шамалы ғана. Адамдар ашық даладағы былтырдың қау шөбін, ескірген сабанын өрт қауіпсіздігін сақ­тамай күйдіреді. Мұндай істер шаруашылық үшін керек шығар, бірақ өрттейтін жерді айналдыра кемінде 4 метрлік жерді жыртып, сақтық жолағын жасау міндеті орындалмайды. Соның кесірінен қатты желмен немесе дауылмен күшейген өрт орман алаптарына жетіп, тілсіз жау бәрін жайпап кетеді. Қаншама материалдық шығынға, тіпті адам өліміне жол беріледі. Барлық өрттің 60 пайыз­ы осындай­дан туған. Тағы 30 пайызы орманға барып, от жақ­қан адам­дардың өрт қауіпсіздігін сақ­тамағандығынан болған. Қал­ғаны автомобиль жолдарының маңын­да минерализдендірілген жо­лақтарды тартпаған орман шаруа­шылықтары қызметкер­лерінің өз ісін тиянақты атқар­мағанынан туған. Сондықтан өрт қауіп­сіздігін сақтау – бар­шаның мі­ндеті. Би­ыл шамамыз келген­ше өрт қа­уіпсіздігін қатаң сақтап, оның зар­дабын барынша азайтуға тырысамыз», дейді Б.Исманов.

Солтүстік Қазақстан облы­сы­ның халқы мен кәсіпорындары жыл сайын 550 мың текше метр ағаш өнімдерін тұтынады. Соның ішінде үй жылыту үшін қол­данылатыны 350-380 текше метр болса, қалғаны ағаш бұйымдарын жасауға жұмсалады. Облыстың ағаш бұйымдарын жасайтын кәсіп­орындары республикалық бар­лық талаптың 30 пайызын қа­на­ғаттандырады. Жыл сайы­н 120 мың текше метр ағашты өңдейтін «АБД-Орманы» ЖШС, «Глазок» ЖК, «Ақмолдин» ЖК, «Петерфельд Агро» ЖШС, «Базилик» ЖШС және бас­қа­лары. Осындай жалға алу­шылар бюджетке кейінгі жылдары 1,3 млрд теңгенің кірісін ен­гізген және 14 мың гектар жер­дің ор­манын қалпына кел­тір­ген. Қазір Солтүстік ормандары­нан жасала­тын тауарлардың ассор­тименті 30-дан асқан.

 

Солтүстік Қазақстан облысы