Реформа • 18 Сәуір, 2023

Өңірлік басқаруды өзгертетін бастама

319 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Биыл еліміз тағы бір маңызды кезеңді бастан өткермек. Алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдері тікелей сайланады. Осылайша, Конституциялық реформадан басталған саяси өзгерістің тағы бір сатысына қадам басамыз.

Өңірлік басқаруды өзгертетін бастама

Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды

Саяси партиялар өз өкілдерін, партияластарын өңірлер­дегі билікке әкелу арқылы респуб­лика­лық деңгейдегі беделін көтере­ді. Тікелей шешім қабыл­дауға тікелей әсер ете алады. Мұның нәтижесінде жалпы Қазақ­стандағы саяси бәсекел­ес­тік, саяси билік үшін күрес нығая­ды

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында еліміздегі сайлау жүйесін жетіл­діру­дің қажеті туралы бірнеше рет мәлімдеді. Осындай саяси рефор­ма аясында 2021 жылы ауыл әкім­дерін тікелей сайлау меха­низмі іске қосылды. Содан бері көптеген елді мекен­де жа­ңа әкімдер қызметіне кіріс­ті. Осы өзгерістердің заңды жалғасы – аудан әкімдерін сайлау болмақ. Президент Тоқаев VIII шақырылған Парламенттің бір­лескен отырысында бұл мәселеге ерекше назар аударды. Мемлекет басшысының пайымдауынша, мұндай өзгерістер ел болашағы үшін ауадай қажет. Заң үстемдігі, халық бірлігі, әлеуметтік әділдік және ішкі саяси тұрақтылық іргелі құндылықтарға айналуға тиіс.

«Биыл алғаш рет 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау өтеді. Содан кейін еліміздегі барлық аудан әкімдерін сайлайтын боламыз. Осылайша, биліктің барлық инс­­титуттары жаңарып, тың қар­қын­­мен жұмыс істей бастайды. Біз сая­си үдерісті демократияланды­рып, азаматтардың мемлекетті бас­­қару ісіне қатысу мүмкіндігін ке­ңей­те береміз», деді Қ.Тоқаев де­­пу­тат­тар алдында сөйлеген сөзінде.

Ендеше, елімізді тағы бір маңызды сәт күтіп тұр. Аудан әкімдерін биыл пилоттық режімде сайласақ, келесі жылдан бастап жаппай қолданысқа енбек. Сонымен қатар ауыл әкімдерін сайлау да жалғасады. Яғни екі деңгейлі атқарушы билік өкілдерін халық таңдайды.

Ал ауыл әкімдерін тікелей сайлау 2021 жылы басталды. Тұрғындар саяси бәсекеге белсене қатысты. Жаңа форматта ұйымдастырылған саяси науқан тиімділігін дәлелдеді. Таңдау берілген елді мекен тұрғындары ауылының болашағына бейжай қарамайтынын аңғардық. Негізі елімізде ауыл әкімдерін сайлау тәжірибесі бұрыннан бар. Елді мекендердегі мұндай саяси дода 2013 жылы басталған-ды. Төрт жылдан кейін, 2017 жылы 24 тамызда 14 облыстағы аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдарының әкімдері сайланды. Дегенмен бұған дейін ауыл әкімдері жанама дауыс беру арқылы, яғни жергілікті мәслихат депутаттарының шешімі арқылы сайланып келген. Енді елді мекеннің басшысын тұрғындар тікелей дауыс беру арқылы анықталды.

Сарапшылар ауыл әкімін сайлау демократиялық өзгеріске жол ашатындығын айтады. Сондай-ақ халық әкімнің атқарған жұмысының нәтижесіне қарап баға бере алады. Яғни керек сәтінде қолдап, кез келген уақытта арыз шағымын айта алады. Мұндай пікірді «Жас заңгерлер палатасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, тәжірибелі заңгер Сағи­долла Баймұрат та қолдай­ды. Оның айтуынша, ауыл әкі­міне сол аймақтан шыққан немесе сол өңірге қатысы бар адам сайлануға тиіс. Яғни елді мекен­нің ерекшелігі мен ахуалы­нан хабардар үміткер ғана ауылды дамытуға мол үлес қоса алады.

Экономикалық сарапшы Жасұлан Кушебаев ауыл әкім­дерін сайлаудан мол үміт күтеді. Өйткені ауылдардың көр­кеюі жалпы елдің көркеюіне әкеле­тінін алға тартады. Ендеше, оларды сайлау, белгілі бір деңгейде дербестік беру жұмыс аясын кеңейтпек.

«Ауылды көркейтуге, сол жердегі әлеуметтік эконо­ми­калық мәселелерді шешуге ең біріншіден ауыл әкімі жа­уапты екенін ескеруіміз керек. Алайда көптеген ауыл әкімдері өздерінің міндеттерін түрлі себептерге байланыс­ты дұрыс атқара алмай келе жатыр. Осы жерде атап өтетін ең басты себеп – ауыл әкімдері­нің қаржылық мүмкіндіктері шектеулі, ауыл мәселелерін шешуге қажетті қаржы көлемін тартуда және басқаруда тәуелсіз­дігі жоқ. Әрине, еліміздегі ауыл әкімдерін сайлау және оларға жекелеген салықтарды өндіру бойынша қосымша өкілеттіктер беру секілді реформалар өте уақытылы әрі дұрыс жасалып жатыр. 2021 жылдың қорытындысы бойынша жергілікті өзін-өзі басқару бюджетінің кірістері 187 млрд теңгені құрады. Соның 32 млрд теңгеге жуығы немесе 17,1 пайызы өздерінің жинаған кірістері. Ал 155 млрд теңгесі жоғары тұрған бюджеттен трансферт ретінде алған», дейді Ж.Күшебаев.

Сарапшының айтуынша, дербес бюджетті қалыптастыру әкімдердің жергілікті маңызы бар өзекті мәселелерді шешу мүмкіндігін және азаматтардың өз ауылын, елді мекенін дамытуға бағытталған шешімдер қабылдау үдерісіне қатысуын кеңейтуге мүмкіндік береді. Қазіргі күні ауыл әкімдеріне төрт салықтан (табыс, мүлік, жер, транспорт салықтары) түскен ақшаны және салықтық емес табыс көздерін өздеріне қалдырып жұмсауға рұқсат берілген.

«Бұл орта есеппен ауылдар­дың бюджетінің 15 пайызын ғана құрайды. Бұл статистика­дан әлі күнге дейін трансферт көлемі жоғары екенін бай­қай­мыз. Бұл ауыл әкімдерінің ауыл бюджетінің жергілікті кіріс көздерін тартуда әлсіз жұмыс жасап жатқанын білдіреді. Сонымен қатар қазіргі күні ауыл әкім­дерінің бюджет көздерін басқаруда қаржылық білімдерінің жетіспеушілігін де атап өткен жөн», дейді Ж.Күшебаев.

Қазақстанның стратегиялық зерттеу­лер институты Әлеу­меттік-саяси зерттеулер бөлімі­нің аға ғылыми қызметкері Жанар Санхаева ауыл әкімдерін тіке­лей сайлау шешімдердің сапа­сы мен тиімділігін жақсарта­тынын алға тартады. Өйткені бұл – мемлекеттік басқаруды орта­лықсыздандыру және жергілікті өзін-өзі басқару мен жергілікті демократия институттарын күн­делікті тәжірибеге енгізудегі маңызды бағыттардың бірі.

«Ауыл әкімдерін тікелей сайлау жергілікті жерлерде қа­былданатын шешімдердің сапасы мен тиімділігін арттырғаны анық. Бұған екі фактор септі­гін тигізеді. Біріншіден, қабыл­данатын шешім әрбір ауылдың қажетіне байланысты жүзеге асады. Қазақстанда бір-бірімен айырмашылығы бар 2 мыңнан астам ауыл бар және ауыл әкім­дерін тікелей сайлау институты олар­ды басқаруда бірегей әдіс қалыптастыру­ға септігін тигізеді. Екіншіден, ауыл басшысының келесі мерзімге қайта сайлануы ауыл тұрғындарына тікелей байланысты», дейді Ж.Санхаева.

Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы, саясаттанушы Риззат Елу­баевтың айтуынша, ауыл әкім­дерін сайлау секілді бастамалар орталықсыздандыру саяса­тын тиімді жүргізуге жол аша­ды. Яғни билік пен ресурс­тарды ор­талық биліктен жергілікті билік органдарына, өзін-өзі басқару органдарына және азаматтық қоғамға ішінара беріледі.

«Кәсіби кандидаттар тобының қалыптасуы маңызды. Сайланған әкім өз қызметі туралы тұрақты түрде есеп беру, жауапкершілікті жүктейді. Бірқатар зерттеуде орталықсыздан­дыру міндеттерді жақсырақ орындауға, жергілікті атқарушы органдардың сапасы мен есеп беруін арттыруға, азаматтардың қажеттілігі мен үмітіне жақсы ден қоюға, олар­дың жергілікті шешім қабыл­дау үдерісін кеңейту­ді ілгеріле­т­у­ге септі­гін тигізеді», дейді Р.Елубаев.

Сарапшы екі жыл бұрын басталған ауыл әкімдері сай­лауының маңызы ерекше екеніне тоқталып, бірақ қоғам назарына жеткілікті түрде ілінбеге­нін алға тартады. «Мысалы, бірінші кезеңде өткізілген ауыл әкімдерін сайлау қорытындыларына назар аударсақ, үміткерлердің көбі өзін-өзі ұсынған. Солардың басым бөлігі мұндай қызметке бірінші рет сайланған екен. Осы орайда, сайланған әкім жергілікті қауымдастық, жергілікті жұрт­шылыққа тәуелді екенін мойындау керек. Өкінішке қарай, БАҚ беттерінде ауыл әкімдерін сайлау кампаниясы жеткілікті деңгейде жариялаған жоқ», дейді саясаттанушы.

Жалпы, дамыған елдерде мұндай тәсіл бұрыннан бар. Мәселен, АҚШ-та губернаторлар, қала мэрлерінен бөлек, елді мекендердің басшыларын дауыс беру арқылы анықтайды. Тіпті мұхиттың арғы бетінде жергілікті үндіс тайпалары­ның көсемдері сайлау арқылы анықталады. Жаңа Зеландияда да аймақтық, ауылдық әкімдерді тұрғындар сайлайды. Сарапшы Жасұлан Кушебаев шетелдік тәжірибеге сүйенсек, көп нәрсеге қол жеткізуге болатынына назар аударады.

«Жергілікті өзін-өзі басқару ор­ган­дарының бюджеттерін басқаруда автономдық беру Еуропа елдерін­де сәтті қолда­нылады. Мысалы, Ауст­рия­да муниципалитеттер жергілікті бюджеттерді қалыптастыру көздеріне кәсіпкерлік қызметке, жылжымайтын мүлікке, жалақы­ға, сусындарға, ойын-сауық ин­дустриясына салынатын салық­тар, сондай-ақ айыппұлдар, ли­цензиялық алымдар және жер­гілікті қорға түсетін басқа да түсім­дер жатады. Ал Венгрияда ауыл бюджетінің бір бөлігін азаматтардан алынатын салықтар, жер рентасы, демалыс және мәдени іс-шаралар орындарынан алынатын ренталар және басқа да жергілікті түсімдер құ­райды», дейді Ж.Күшебаев.

Осы орайда, Президент тапсырмасына байланысты сайлау жүйесіне көптеген жаңашылдық енгізілгенін атап өткен жөн. Кез келген саяси жаңғырудың басты мақсаты азаматтардың мем­лекетті басқару ісіндегі рөлін арттыру. Осы бағытта бей­біт шерулерді ұйымдастыру тәр­тібі өзгертілді. Бұрынғы рұқсат алу қағидатын хабардар ету қағи­датына ауыс­тыру, саяси пар­тия­ларды тіркеу үшін оның мү­шелерінің саны жөніндегі талап­ты 40 мыңнан 20 мың адам­ға азайту, сайлау кезіндегі пар­тиялық тізімде әйелдер, жастар және мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін 30 пайыздық квота қарастыру, парламенттік оппозиция институтын енгізу секілді бастамалардың өзі бір төбе.

Ал 2021 жылғы 25 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Респуб­лика­сындағы сайлау туралы» Конс­титуциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Соған сәйкес ауыл әкімдерін елді мекен тұрғындары тікелей дауыс беру арқылы сайлау құқы­ғын иеленді. Сондай-ақ бұл лауазым­ға тұрғындардың өзін-өзі ұсынуына мүмкіндік жасалды. Бюллетеньдерде «бәріне қарсымын» деген тармақ қосыл­ды. Мұның бәрі тиімді болғанын уақыт көрсетіп отыр.

Сондай-ақ Президент ұсынған аралас сайлау жүйесі биылғы нау­рызда іс жүзінде жүзеге асты. Соған сай Мәжілістің депу­тат­тық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайы­зы мажоритарлық тәсілмен жасақ­талды. Бұдан бөлек, аралас сайлау үлгісі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихаттар сайлауына да енгізілді. Аудандық және қалалық мәслихаттарға сайлау толығымен мажоритарлық жүйеге көшірілді. Бұл елдегі саяси жүйені одан әрі жетілдіріп, демократияландыруға бағыт­талған соны қадам деуге болады.

Саясаттанушы Қазыбек Майгел­динов ауыл әкімдеріне қарағанда аудан әкімдерін сайлаудың орны бөлек екенін айтады. Өйткені ауылдардағы жол, су, электр жарығы секілді негізгі мәселелер бюджеті ауданда бекітіледі. Сондықтан ауданның маңызы зор.

«Аудан әкімдерін тікелей сайлау – жалпы өзін-өзі басқару жүйесінің маңызды бөлігінің бірі. Сондықтан аудан әкімін тікелей сайлаудың нәтижесі өте маңызды. Бұл бір жағынан сайланатын әкімнің жауапкершілігіне байланысты. Екінші жағынан халықпен қарым-қатынастағы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасының шын мәнінде жүзеге асуына толықтай өз үлесін қосады», дейді Ұлттық құрылтай мүшесі Қ.Майгелдинов.

Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы, саясаттанушы Риззат Елубаев ауыл әкімдерін сайлау кезінде сая­си додаға 1,2 миллион адам араласқанын, ал аудан әкімдерін сайлау кезінде бұл көрсеткіш ұлғаятынына назар аударады.

«Соның нәтижесінде, халық­тың көпшілігі аймақтағы оқиға­ларға тікелей жауапты адам­ды өзі таңдайды. Яғни жер­гілікті басқару қызметі тікелей тұрғындарға тәуелді болады. Бұл қаржылай, әкімшілік мүмкіндіктерді кеңейтеді. Өңірлерді басқарудың жаңа әдістерін іздеуге тиіс. Сондықтан аудан әкімдерін сайлау кезінде кандидаттар соған сай болуы қажет. Сондай-ақ кәсіби, саяси бәсекелестік нарығы қалыптасу керек. Қазақстандағы бүкіл қоғамдық қызметтердің сайланбалы болуы елдегі демократияны нығайтуға әсерін тигізеді. Әрине, бастапқы кезеңде аташылдық, жершілдік деген мәселелер туындайды. Бірақ, оны үлкен реформа жолындағы бір саты ретінде қарастыру керек. Одан да өтеміз», дейді Р.Елубаев.

Сондай-ақ саясаттанушы әкім­дер­дің сайланбалы болуы партиялық бәсекелестікті де арттыратына назар аударып отыр. «Саяси партиялар өз өкілдерін, партияластарын өңірлер­дегі билікке әкелу арқылы респуб­лика­лық деңгейдегі беделін көтере­ді. Тікелей шешім қабыл­дауға тікелей әсер ете алады. Мұның нәтижесінде жалпы Қазақ­стандағы саяси бәсекел­ес­тік, саяси билік үшін күрес нығая­ды», дейді ол.

Қорыта айтқанда, елімізде басталған саяси реформалар жал­ғасып, ендігі жерде соны жү­зеге асыруға кірістік. Ауыл әкімдерін сайлау – халықты саяси өмірге белсене араластырудың алғашқы сатысы болса, аудан әкімдерін дауыс беру арқылы анықтау – келесі қадам. Осы­лайша, еліміз демократиялық даму даң­ғылының кезекті белесін бағындырмақ.