09 Шілде, 2014

Велосипед доңғалағындағы есірткі

206 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Талай брифингті көріп жүрген журналис­тер бұл жолғы басқосуға айрықша асыққандай көрінді. Оның өзіндік себебі де бар еді. Ақмола облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал майоры Жайлаубек Халықұлы күні кеше құрықталған наркошабарман мен ол облыс аумағымен алып өтпек болған ірі көлемдегі есірткі жайында кеңінен әңгімелеп беру ниетінде екен. Тәркіленген таза героиннің салмағы 9 кило 362 грамды құрайды. Бұл өңірде бұрын-соңды болмаған төтенше оқиға ретінде тіркелген. Генерал бізге 2 шілде күнгі 22.00 сағат шамасында, жедел іздестіру шаралары барысында, «Қарағанды – Астана» күре жолының бойындағы Аршалы кентіне жақын маңайда «Фольскваген-Гольф» жеңіл көлігінің тоқтатылғанын хабарлады. «Лада» атты қызметтік-іздестіру итінің көмегімен көлікті тінту барысында бір-біріне мұқият жапсырылған 9 велосипед доңғалағы тәркіленген. Оларды ашып қарағанда ақсұр түсті, өзіндік иісі бар ұнтақ табылды. Сот-медициналық сараптаманың қорытындысы бұл заттың аса қатты әсер ететін «героин» екендігін анықтаған. Осы ретте героиннің әр грамының «қара базардағы» құны 1000 теңгеден екендігі айтылды. Тексеріс барысында жеке көлік жүргізу­шісі, 1987 жылы туған наркошабарман Қырғыз Республикасы Ыстықкөл облысының Қызыл су ауылының тұрғыны болып шықты. Ол Ресей Федерациясының Қорған қаласына бағыт алып бара жатыр екен. Аталған оқиғаға байланыс­ты ҚР ҚК 259-бабының 3-бөлімімен (есірткі заттарын заңсыз тасымалдау) қылмыстық іс қозғалып, Қырғызстан азаматы уақытша оқшаулау орнына қамалды. Осы орайда, жыл басынан бері облыс аумағында 45 жедел-іздестіру шаралары өткізіліп, 104 есірткі қылмысы анықталғанын айта кеткіміз келеді. Сондай-ақ, есірткіні заңсы сақтағаны үшін 211 әкімшілік іс қозғалып, есірткі қолданып көлік жүргізген 60 адам ұсталған. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы.