Біз студент болып жүрген жылдары әдебиетке азды-көпті қатысы бар ақын-жазушылар, жай ғана жаңа кітапты қадағалап оқып жүретін көзіқарақты оқырманның бәрі отырған жерде осы романды талқылап жататын. Құдайдың махаббатын қабылдамаған ежелгі грек мифологиясының ханшайымы Кассандраны қырғыз жазушысы қайта тірілтіп, қарғысқа ұшыраған сұлудың аты тоқсаныншы жылдардағы әдеби ортаның тамсанып айтатын ең сәнді сөзіне айналды. Жақында М.Әуезов атындағы Ұлттық драма театр даңқы мен дақпырты қатар жүрген сол «Кассандра таңбасын» репертуарына енгізіп, премьерасын жарнамалай бастағанда, «сахнаға лайықталып жазылмаған күрделі дүниеден қандай пьеса тууы мүмкін» деген сұрақ күмән туғызып, әп-сәтте әуестік билеп алғаны рас.
Өзі өмір сүріп отырған ортаға жанашырлығы жоқ адам қатыгездігінің асқынғаны сонша, табиғатпен жалғанған тамырын өз қолымен қиып, өзі отырған бұтақты кесіп, енді өзін-өзі талқандауға көшті. «Технологияның дамуы жер бетіндегі адамды қайда бастап барады? Шектеу, тыйым болмаса, адамды азғындыққа әкелмей ме? Даму арқылы біз өзімізді жойып жібермейміз бе?» деген сауалға алаңдамайтын адам жоқ. М.Әуезов театрының жас режиссері Әридаш Оспанбаева «футуристік трагедия» жанрындағы жаңа спектаклінде осы сұраққа жауап іздейді. Футуролог Роберт Борк, оның әйелі Джесси, космостық монах Филофей, президенттіктен үміткер Оливер Ордак және тұтқындағы әйел Руна, спектакльге жан беретін осы бес кейіпкер болғанымен, көпшілік сахнасы ауқымды және олардың көтеретін жүгі де жеңіл емес. Роман мен пьеса аралығында айырмашылық көп, диалогтері күрделі романды дәлме-дәл қотарса, Айтматовтың сөздері сахнаға сыймайтын еді. Тақырыптың өміршеңдігіне қызыққан режиссерлер көп болған, бірақ қоюға жүрегі дауаламаған, ал осы қатпары қалың романның желісін сақтай отырып, сахнаға лайықтап ықшам нұсқасын ұсынған белгілі жазушы-драматург Мадина Омарова.
Сайлаушылардың көп дауысына ие болу үшін сайлауалды кампаниясында уәдені үйіп-төгіп жүрген Оливер Ордак «Кассандра-шарананың» проблемасын өз мансабына пайдаланғысы келеді. Ордакты кейіптеген Қ.Демеуовтің сөзінен сужұқпастық, әрекетінен алаяқтық білінеді. Адам денесі іспетті киім киген адамдар асығып-аптығып, қарғып, құлап, ерсілі-қарсылы жүрді де, кенет көрермендер тізбегін құрап, телевизияның ток-шоуынан табыла кетті. Тақырып күйіп тұр – жасанды түсік, жасанды интеллект, жасанды адам жасау мәселесі. Аяғы ауыр әйелдің маңдайына айрықша таңба түссе, бұл – құрсаққа біткен баланың өмірге келгісі келмейтінінің белгісі. Кассандра таңбасы. Филофей Жерге үндеу жариялайды: «Мен жатырда жатқан шарана өзі пайда болғаннан кейінгі алғашқы апталарда-ақ алдағы өмірде өзін не күтіп тұрғанын алдын ала түйсініп, болашақ тағдырына деген көзқарасын білдіре алады деген тоқтамға келдім. Егер өзі өмірге келуді қаламаса, шарана бұл көзқарасын ерекше белгі беру арқылы білдіреді. Бұл белгі болашақ нәрестесін құрсағында көтеріп жүрген әйелдің маңдайындағы титімдей таңба ретінде көрініс береді. Бұл белгіні мен Кассандра таңбасы деп, ал қарсылық белгісін берген шарананы Кассандра-шарана деп атадым». Ал олардың бас тартуының себебі, Жер планетасында ақырзаманның белгілері пайда бола бастады. Соғыс, зұлымдық, аштық, ашкөздік, әділетсіздік шараналардың үрейін туғызып жатыр, сондықтан мұндай ортада олардың өмір сүргілері келмейді. Бұдан шығудың жалғыз жолы бар – түсік жасату. Ал одан да сорақысы, адамды қолдан жасап алу. Генетик ғалым Роберт Борк – Елжан Тұрыс Кассандра таңбасымен туылған нәрестелердің жер бетін зорлықшылар мен қиянат жасайтындардан құтқара алатынына күмәнмен қарайды. Е.Тұрыс мәдениеті биік, зиялық қоғамның ғылым мен ұятты бір ұғым деп білетін адал, ойшыл, елгезек мінезді ғалымын бейнеледі. Құнының қаншалық қымбатқа түсетініне қарамай ғаламды сақтап қалу адамзат баласына парыз-аманат екенін әркімге барып жанұшыра түсіндіргісі келеді.
Спектакльдегі есте қалатын рөлдердің бірі – Руна бейнесі. Есту қабілеті зақымданған адамның ым-ишарамен сөйлейтін қабілетін сенімді жеткізді. Рунаның тілі ғана емес, жаны зақымдалған, сырт көзге нәзік көрінгенімен, ішкі жан дүниесінің қуаты тегеурінді. Рунаны махаббатпен бейнелеген Айша Ағымбай актриса ғана емес, балетпен кәсіби түрде айналысқан мықты биші екенін пуантеге тұрып, яғни сахнада ұзақ уақыт башпайының ұшымен жүріп, періште іспетті жанұшыра адамдарды оятқысы, құтқарғысы келетін жанашыр ниетін байқатты. Адамзат өздерінің өмір сүру салтын қайта електен өткізіп, ізгілік, мейірім сияқты жаңа сапаға көтерілуі керек. Бірақ әлем Рунаның ыммен түсіндіргісі келетін дыбыссыз жанайқайын естімейді. Жауыздық, жеккөрушілік пен зорлықтың берік шеңберін бұзып шығу мүмкін емес...
Романда Айтматов ежелгі мифологияға көбірек жүгінсе, спектакльде де қасиетті Інжіл кітабына өте көп символикалық «сілтемелер» жасалады. Уақыт пен кеңістік арасындағы шекара бұзылып, ежелгі пайғамбарлық дәуір мен бүгінгі ХХІ ғасыр қасіреті мидай араласып, барлық дәуірге ортақ күнә, кінә, сатқындық, құрбандық алдыға шығады. Кездескен кезде Иуда Исаны сүйді. Досын тиынға сатып тұрған Иуда: «Мен кімді сүйсем, сол Иса» деп ескертеді жанындағыларға. Жендеттер Исаны тұтқындап, мойнына тұзақ салып, айырағашқа асты. Ақырзаман орнайтын кезде жерге Тажал түсіп, Иса екінші рет туылады дейтін белгілі тәмсілмен тәпсірлесек, Руна – Иса, Филофей – Тажал, Ордак – Ібіліс. Бұл – ұзын-сонар оқиға желісін кейіпкер бойына жинақтаған режиссердің сәтті шешімі. Өркениеттің екі-ақ жолы болады – бірі биікке бастайды, өркендетеді немесе тұңғиыққа апарып тіреп, жер бетінде жан баласын қалдырмай қиямет-қайыммен ұшырастырады. Шамасы, режиссердің жеткізгісі келген ойы осы.
Ғалым Борк пен Филофей зерттеулерін сараптамадан өткізеді. Романның соңында Филофейдің қауіпсіздік органында қызмет ететіні, жасанды ұрпақ өсірумен айналысқаны белгілі болады. Балалар үйінде тәрбиеленген Филофей үшін мұндай тірлікпен, яғни Х ұрпақ жасаумен айналысу жат емес. Жасырын зертханада Х ұрпақ, тексіз ұрпақты өмірге әкелу оның бойына моральдық жағынан да, діни тұрғыдан да жат болмағандықтан, қауіпсіздік органының тапсырмасын орындап, осы жобаға басшылық жасайды. Тұтқын әйел Рунаның құрсағына Х ұрпақтың ұрығын орналастырып, тексіз ұрпақты туғызып алып, тұтас әскер дайындамақ. Осылайша, әйелдің, отбасының, әулеттің қадағалауынан тыс, «айтқанға көніп, айдағанға жүретін», басқаруға оңай, тамыры, тегі жоқ халықты дүниеге әкелмек.
Спектакльдің ең әсерлі сәті – сүйкімді балалардың қолына аппақ шар ұстап шыққаны. Өмірге келмеген баланы түсік тастатып, жарық дүниеден айыру Жаратушының әмірінсіз жүріп жатыр. Сахнада сансыз шар жарылды. Әр шар – бір шарана. Шар жарылған сайын көрерменнің жүрегі бірге жарылғандай аһ ұрды.
«Мен, Кассандра-шарана, бұл дүниеге келгім келмейді. Мен Кассандра-шарана, жарық дүниеге келуден бас тартамын». Көмекейге кептелген ащы жас көзден сырғыды. Шардың бәрі жарылды. Үміт сәулесі қалмады. Зұлымдықты айыптаған ізгілік туралы қойылымды сахналап отырып, қаталдыққа барған режиссерге ренішіміз де болмай қойған жоқ...
«Қырғыз жазушысының әлемдік әдебиетті толықтырып кеткен туындысының жазылғанына отыз жылға жуықтады, бірақ шығармада қозғалған проблема бүгінде он, тіпті жүз есе үдеп кетпесе, кеміген жоқ. Сол кезеңде пайда болған ЭКО деген атпен белгілі жылтыраған құты ішінде бала ұрықтандыру, жат жатырдан ұрпақ өндіріп алатын суррогаттық тәсіл бүгінде жасанды интеллектіні жетілдіру, адамды зертханада қолдан жасап алу мүмкіндігіне дейін жетіп, Айтматов өмір сүрген уақыттан әлдеқайда асып кетті. Әзірге бұл мәселе моральдық-ізгілік тұрғысынан қолдау таба алмағандықтан ғана адамзатқа тоқтау салып тұрғаны белгілі. Адам табиғатына жасалып жатқан зорлық ғаламның зауалына алып келеді. Айтматовтың басты дабылы сахна арқылы жеткізілді деп ойлаймын. Егер адам аман-есен өмір сүргісі келсе, егер ол өркениеттің ұшар шыңына шыққысы келсе, онда алдымен адам өзіндегі жамандықты жеңуге тиіс», дейді драматург Мадина Омар.
Қылдың үсті, қылыштың жүзінде тұрған адамзат тағдырына кім араша тұра алады? Жер беті, оны мекендеген адамзат ұрпағына қандай қорқыныш, қауіп туғанын келешекті болжаған кемеңгердей айна-қатесіз дәлелмен күйіп-пісіп ескерткен Ш.Айтматов ойын көркем тәсілмен тереңдетіп, Ұлттық театрдың деңгейіне лайық интеллектуал спектакль ұсынуға талпыныс жасаған режиссер ізденісі құрмет туғызады. Адамзатты қатерге бастап бара жатқан ғаламдық апатты тоқтатуға шақыра отырып, «сен не істесең де, өзіңе қайтады, ешнәрсе ізсіз кетпейді және бәрінің де жауабы болады!» деген ойды жалаң баяндап қоймай, кейіпкерлердің әрекеті мен мінезі арқылы жүйелеп ширата білді. Сахна аспан үстіндегі ғалам кеңістігімен байланыстыра кейіптеліп, қоршаған орта, дүниенің Айтматовша тануға тұнып тұрғаны – сахна суретшісі Қ.Түстікбаевтың еңбегі. Композитор Ә.Омарованың музыкасы да спектакльдің көркемдік сапасын жоғары көтеріп тұрғанын атап өткен ләзім. Шынында да, талантты шығармашылық шоғыр ұсынған «Кассандра таңбасы» фантастикалық сипаты басым болғанымен, бұл – нағыз бүгінгі өмірдің драмасы.
АЛМАТЫ