Ғылым • 19 Сәуір, 2023

Дамудың жаңа моделі

290 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент жа­нын­дағы Ғылым және технология­лар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында «барлық уақытта дамудың басты кілті ғылым болып саналғанын» атап өтті. Бұл тезис қарапайым болса да, егжей-тегжейлі негіздемені қажет етеді.

Дамудың жаңа моделі

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Шынында да, ғылым ғасырлар бойы қоғамның дамуындағы негізгі фактор саналады. Ғылыми-зерттеулер, жаңалықтар мен инновациялар технология, медицина, экономика, қоршаған орта, әлеуметтік ғылымдар секілді өмірдің негізгі аспек­тілеріне әсер ету арқылы адамзат прог­ресінде маңызды рөл атқарады. Бірақ қазіргі ғылым өзекті мәселелерді шешіп қана қоймай, адамзаттың болашақ даму жолдарын айқындауда да маңызды. Ғылымның әртүрлі саласындағы ғылы­ми-зерттеулер мен инновациялар бола­шағымызды қалыптастырып, оның бағытын айқындайтын әлеуетке ие. Осы орайда санаға түйіп, қабылдауға тиіс дүниелер бар. Соның ең бастысы, ғылым мен оның адамзаттың дамуына әсері жаһандық деңгейде ғана емес, сонымен қатар жекелеген елдер деңгейінде де орын алады. Бұл үдеріс біздің елде де жүріп жатыр. Ғылыми-зерттеулер жаңа технологиялар мен инновацияларды әзірлеуге, халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, отандық өнеркәсіпті және экономиканың ғылымды қажетсінетін салаларын дамытуға, сондай-ақ елдің халықаралық аренадағы ғылыми әлеуеті мен беделін арттыруға жол ашады.

Ғылыми-зерттеулерді қаржылан­дыруға, ғылыми орталықтар мен зертханалар құруға, ғылыми инфрақұрылым мен ғы­лы­ми-техникалық білім беруді да­мы­ту­ға мемлекеттік тұрғыдағы қолдаудың маңы­зы ерекше. Ел Президенті 2019 жылдан бастап білім және ғылым саласын күшейтілген қолдаудың жос­парлы саясатын жүргізіп келеді. Мәсе­лен, қазір 2023-2025 жылдарға арнал­ған бюджеттен ғылымды қаржы­ландырудың жалпы көлемі 3,5 есе өсіп, 640 млрд теңгені құрайтынын көріп отырмыз. Әлбетте, енді жоспарланған қаржыландыруды тиімді пайдалану мәселесі бірінші орынға шығады. Осы мақсатта елде ғы­­лымды басқару моделі өзгеріп жатыр. Бұрын ғылыми саланы басқару жұ­мыл­­дыру моделіне негізделді. Онда мем­лекет­ке орталық рөл берілген. Ғылым то­лы­­ғымен бюджетке тәуелді болды. Бұл өндіріс тарапынан ғылымға деген сұраныстың төмендеуіне, ғылыми сала­ның құлдырауына және оны қазіргі шын­дықтан алшақтатуға әкелді. Қазір «ғы­лымның ашық моделі» енгізілу үстінде.

Отандық ғылым сандық және сапа­лық тұрғыдан айтарлықтай өсуі керек. Бұл үшін саланы бюджеттен қар­жы­ландыруды көбейтудің өзі жеткіліксіз болмақ. Ендігі жерде ғылыми-зерттеу­лерге тапсырыс­тар мен олардың бизнес бағытындағы нәтижелері ғылыми-зерт­теулерді қаржыландырудың негізіне ай­налуға тиіс. Яғни бизнесті ғылыми-зерттеулерге тарту алдыңғы орынға шыға­ды. Бизнес тарапынан ғылыми-зерттеулерге жасал­ған тапсырыстар негізгі жоба­лар­ды қаржы­ландырудың көзі­не айнала­ды. Сон­дай-ақ ғылыми әзір­леме­лер­ді нақты инно­вациялық өнімдер мен техно­логия­ларға көшіруге ықпал етеді.

Ғылыми мекемелер мен бизнес-сектор арасындағы ынтымақтастық өзара тиімді болмақ. Бизнес-сектор жаңа өнімдерді әзірлеуге, технологияларды жақсартуға, өн­діріс үдерістерін оңтайландыруға және оның қызметіне байланысты басқа да мәселелерді шешуге бағытталған ғы­лы­ми-зерттеулерге мүдделі. Өз кезегінде ғылыми мекемелер мен университеттер ғылыми әзірлемелерін іс жүзінде қол­дануға қаржылық қолдаумен қол жеткізе алады. Бизнестің тапсырысы ғылыми ұйымдарды бизнес үшін қызығушылық тудыратын нақты міндеттер мен мәселе­лерді шешуге бағытталған қолданбалы зерттеулерді орындауға ынталандырады. Бұл жаңа өнімдерді, технология­ларды, өндіріс әдістерін әзірлеуді, үде­ріс­терді оңтайландыруды және нақты экономикалық қызметте қолданылуы мүмкін басқа да бағыттарды қамтиды.

Бизнес қаржыландырса да, ғылыми-зерттеулердің тәуелсіздігі мен әділдігін қамтамасыз ету маңызды. Бұлар – алын­ған нәти­желердің объективтілігі мен сенімділігіне кепілдік беретін ғылыми қызметтің маңызды принцип. Ғылым мен бизнес арасындағы ынтымақтастықты ынталандыру үшін Ғылым және жоғары білім министрлігі қолданбалы ғылыми-зерттеулердегі жағдайды түбегейлі өзгерту мақсатында тиісті шараларды қабылдап жатыр. Ғылыми-зерттеулерге және олар­дың нәтижелерін енгізуге, ғылым мен биз­нес арасындағы өзара іс-қимылды жеңіл­дететін және ғылыми әзірлемелерді не­ғұрлым тиімді коммерцияландыруға ықпал ететін инновациялық орталықтар, технологиялық парктер мен инкубаторлар құратын бизнеске елеулі салық жеңілдіктерін енгізу көзделіп отыр. Бұл бизнес тарапынан ғылыми-зерттеу мен конструкторлық жұмыстарға деген жаппай сұранысқа әкеледі. Олардың шығыстары қолданбалы ғылыми-зерттеулердің 70 па­йыздан астамын жабатын болады. Бизнес-әріптестер тарапынан қаржыландырудың ай­тарлықтай ұлғаюынан бөлек, жал­ған ғылыми-зерттеулерді жүргізу шекте­ле­ді. Осылайша, бизнес-секторды ғылы­ми-зерттеулерді қаржыландыруға және ғы­лыми әзірлемелерді коммерция­лан­ды­руға тарту ғылымды дамыту үшін ресурс­тардың маңызды көзі бола алады. Инновациялық өнімдер мен технология­ларды құруға ықпал етеді. Бұл елдің эко­номикалық өсуіне септігін тигізеді. Сон­дай-ақ ғылыми орталықтар мен универ­ситеттердің саны мен сапасын жақсартары сөзсіз.

Іргелі ғылыми-зерттеулер – ғылым мен технологияны дамытудың маңызды құ­рамдас бөлігі. Ол айналамыздағы әлемді түсінуге және білімімізді арттыруға не­гіз­делген. Практикалық мәселелерді тіке­лей шешуге бағытталмайды. Іргелі ғылыми-зерттеулер қолданбалы зерттеу­лер мен технологиялық инновациялар құ­рылатын білім базасын жасайды. Олар нақты практикалық есептерді шешуде қолдануға болатын іргелі принциптерді, теорияларды және тұжырымдамаларды ұсынады. Білімнің жаңа салаларын дамы­туға ықпал етеді және ғылыми-зерттеулер үшін жаңа көкжиектер ашады. Жаңа құбылыстардың, заңдылықтардың немесе технологиялардың ашылуына бастайды. Іргелі ғылыми-зерттеулер ғылыми кадр­лар­ды дамыту мен оқытуда маңызды рөлге ие. Олар ғылыми дағдыларды, сы­ни ойлауды, проблемаларды шешуге шы­ғармашылық көзқарасты ұстануға және жас ғалымдардың әлеуетін дамытуға ық­пал етеді. Бұл – елдегі ғылым мен тех­но­­­ло­гияның ұзақ мерзімді дамуының не­гіз­­­­гі факторы. Іргелі ғылыми-зерттеулер болашақта қоғамға пайда әкелетін ұзақ мерзімді нәтижелерге ие. Бұдан алынған кейбір жаңалық­тар мен идеялар қазіргі уақытта тікелей қолданылмауы мүмкін. Бірақ жаңа техноло­гияларды дамытуға немесе болашақта түрлі мәселелерді шешуге негіз бола алады.

Іргелі зерттеулерді қаржыландыру көптеген елде мемлекеттің маңызды функ­­циясы болып саналады. Ол ғылым мен технологияны дамыту үшін тұрақты базаны қамтамасыз етеді. Бұл өзінің ірге­лі және әрқашан тікелей қолданбалы сипа­тына байланысты жеке сектордан немесе басқа қаржыландыру көздерінен қаржыландыруға қолжетімді болмауы мүмкін. Дамыған елдердегідей, бізде іргелі зерттеулерді қаржыландыру ірге­лі ғылыми-зерттеулерді, ғылыми грант­тарды, бағдарламалар мен стипендия­ларды жүзеге асыратын ғылыми-зерттеу институттарын тікелей қолдау сияқ­ты түрлі тетіктер арқы­лы жүзеге асы­ры­лады. Олардың мақ­саты – әртүр­лі ғылыми пәндер мен білім салаларын­дағы ғылыми-зерттеулерді қол­дау. Мем­лекеттік қаржыландыру зерт­теушілерге коммерциялық немесе қысқа мерзімді мүдделермен шектелмей, зерттеу тақы­рыптары мен әдістерін таңдауда тәуелсіз етеді. Ұзақ мерзімді перспективада іргелі зерттеулерді қолдауға жол ашады. Ғылыми жобалармен айналысуға мүмкіндік тудырады.

Ғылыми-зерттеулерді мемлекеттік қар­­жы­ландыру тұтас ғылымды қолдау­дың маңызды көзі болып қала береді. Мем­лекеттік ғылымды қаржыландыру бағ­дар­ламалары бизнес үшін онша тартым­ды болмауы мүмкін. Бірақ негізгі және іргелі зерттеулерге қолдау көрсете­ді. Әр­түр­лі қаржыландыру көздері арасын­дағы тепе-теңдікті сақтау және ғылыми-зерттеулерге бөлінген қаржыландыруды бөлу кезінде тәуелсіздік пен этикалық нор­ма­ларды қамтамасыз ету маңызды. Ғылым­­­ды дамыту және оның деңгейін нақты әлемдік деңгейге көтеру бағытында үлкен жұмыстар күтіп тұр. Әрине, бұл жол оңай емес. Туындаған мәселелерді неғұрлым тиімді шешу үшін ел Президенті жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды. Оған түрлі ғылыми бағыттағы жетекші отан­дық және шетелдік ғалымдар кірді. Бұл бүкіл ғылыми саланы дамытудағы маңызды қадам. Ғылыми қоғамдастық пен ел басшылығы арасындағы пәнаралық көзқарас пен тәжірибе алмасуға ықпал етеді. Кеңес әлемдік ғылыми трендтер және экономика мен қоғамның қажет­тіліктерін талдау негізінде елдің ғылы­ми дамуының стратегиялық басымдық­тарын айқындай алады. Бұл ғылым мен технологияларды дамытудың ұлттық бағдар­ламаларын тиімді әзірлеуге мүмкіндік береді.

Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес жұмысының тиімділігі оның ресурстық қамтамасыз етілуіне, шешім қабылдаудағы тәуелсіздігі мен ашық­тығына, сондай-ақ кең ғылыми қоғам­дастықтың пікірін ескеруге және оның өкілдерінің ғылым мен технологиялар­ды дамыту стратегиялары мен бағдар­лама­ларын әзірлеуге қатысуына байланыс­ты. Сондай-ақ ғылыми саланы дамытуда және жаһандық сын-қатерлерді шешуде ең жақсы нәтижелерге қол жеткізу үшін мүдделі құрылымдар арасындағы өзара қатынасты қамтамасыз ету маңызды.

Ұлттық ғылым академиясының мәр­тебесін көтеру елдің ғылыми өмірін­дегі маңызды оқиға болды. Оған «Президент жанындағы Ұлттық ғылым академия­сы» мәртебесі берілді. Аталған қадам біздегі «академик» атағын оңды-солды беруге тыйым салады. Ел Президенті бұл туралы ашық айтты да. Әлбетте, мұның бәрі айтуға ғана оңай. Бірақ Жаңа Қазақстанда «жалған академиктерді» өткенге қалдырып, барлық жалғандықтан бас тартуымыз керек. Елдің ғылымы мен ғылыми әлеуетін қолдау қазіргі заман­ның сын-қатерлерімен күресуге және ұлт­­тық қоғамдастықтың өркендеуін қам­та­­ма­сыз етуге қабілетті орнықты және иннова­ция­лық даму үшін маңызды фак­тор болып саналады. Сондықтан ғылым­ды дамыту және ғылыми әлеуетті қолдау мемлекет, бизнес-сектор және жалпы қоғам үшін басым міндеттер болуға тиіс.

 

Махмұд САДЫБЕКОВ,

Математика және математикалық модельдеу  институтының бас директоры, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты