Адам өзіне берген жастық шақ, денсаулық пен уақыттың қадірін түкке тұрғысыз дүниелерге айырбастай салатыны өкінішті. Мәселен, жуырда 19 жастағы студент Алматының ең қымбат мейрамханасынан тамақ ішем деп қыршынынан қиыла жаздады.
– Бұл да сол букмекерлік кеңселер мен онлайн ойындардың кесірі. Құмар ойындарына барын салып, банктердің алдында қарызға белшеден батып, батпақтап жүргендердің жасы болсын, кәрісі болсын тығырыққа әбден тірелгенде, суицид жасау әрекеті жиіледі. Жақында дәрігерлер 19 жастағы студентті ажалдан аман алып қалды. Кәдімгі ауылда өскен бала. Алматыға келіп, өзі таңдаған оқу орнында оқып жүрген. Қарапайым отбасында тәрбиеленген жігіт қалталы құрдастарына еліктеп, қымбат киініп, қымбат мейрамханадан ас ішу үшін мол қаржы табудың жолын іздейді. «Іздегенге – сұраған» дегендей, интернет арқылы адамның табыс көзін тексермейтін микрокредиттік ұйымдар, банктерден несие алып, онлайн казинода ойнап, тәуліктер бойы ғаламторға байланады. Қанша рет ұтылғаны өзіне ғана мәлім. Себебі ойынқұмарлар әдетте ұтылысын жасырып, олжалы болса асырып айтады, – дейді Алматы қалалық психикалық денсаулық орталығының бас дәрігері Сапар Рахменшеев.
Ал жоғарыдағы студент өстіп жүріп, мейрамханада қарнын бір күн тойғызып, думандатады. Ертесіне есін жиғанда орасан қарызы есіне түсіп, төлейтін бір тиын таппай қалтасын сипап қалады. Орталық директоры мұндай адамдар берешегінен құтылу үшін жақындарын өлемін деп қорқытып, бопсалау мақсатында өз өміріне қол жұмсайтындығын айтады.
Қала бас психиатрының айтуынша, жылдам әрі оңай жолмен баюды көздеп, интернеттегі құмар ойындарының шырмауынан шыға алмай, банктің қарызына белшеден батқан құмарпаздардың арасында студент қыздар да бар екен. Ойынпаздыққа шырматылғандар өзіне қасақана зақым келтіріп, жақындарын қорқытып, аяушылықтарын оятып тірі қаламын деп ойлайды. Өкінішке қарай, компьютердегі ойын мен шынайы тіршілікті шатастырып жүргендер кейде шындығында да жарық дүниеден өтіп кетеді.
– Ойынқұмарлықпен мемлекеттік деңгейде күресу керек. Бұқаралық ақпарат құралдары, сайттарда онлайн казинолар, букмекерлік компаниялардың жарнамасы қаптап кеткен. Радионы қоссаңыз да жарнамасы айқайлап тұрады. Қаланы аралап көріңізші, онлайн казиноға шақырған жарнамалар өте көп, – деп басын шайқайды осындай келеңсіздіктерді күнде көріп отырған орталық директоры.
Ал енді ақыл-есін тоқтатқан кезде «өрмекшінің торына» түсіп жатқандарды қалай ақтауға болады?
– Жасым 60-та. Екі жыл бұрын онлайн казиноның тұрақты клиентіне айналдым. Ойын ойымнан бір сәт кетпейді. Жұмыста, үйде, қонақта жүргенде де тағы бір бағымды сынап көрсем деген дәмелі үміт маза бермеді. Ұтамын деген ой санамды қамшылаған сайын, компьютерге қалай кіріп, басқа әлемге қалай сүңгіп кеткенімді байқамай қаламын. Бастапқыда әйелім, балаларыма бұл қылығымды білдірмеуге тырыстым. Өкінішке қарай, құмар ойынның қызығын көру үшін мол қаржы керек. Әйелімнің алтын әшекейлерін ломбардқа өткіздім, карточкасындағы ақшаға қол салдым. Балаларым ұрсып, емдетуге тырысып еді, түк шықпады. Ақыры жұбайыммен ажырасып тындық. Балаларым да менен теріс айналды. Қазір менде банктің миллиондаған қарызынан басқа түк жоқ. Сөйтіп, осы өмірмен қоштасу туралы шешім қабылдадым, – дейді Есен деген кісі күмілжіп.
Осыған ұқсас үйреншікті оқиғалардың талайын мысалға келтіре алатын суицидолог Мария Токарева: «Әне ұтамын, міне ұтамын, бүгін олжалы боламын деген ой олардың қыр ізінен қалмайды. Олардың санасында есірткіге еліткендей тәуелділік, құмарлық басталады. Ойынпаз есірткі татып көрмесе де, оның ағзасында эндорфиндердің көп мөлшерде бөлінетіні байқалады. Онлайн ойыннан олжалы болғанда көңіл-күйі шаттанып, рақаттанады. Бұл – тәуелділіктің айқын белгісі. Бірнеше мәрте ақша тігіп, ұтқан кезіндегі сезімді аңсайды. Адам өзінің әбден жеңілгенін, отбасы алдындағы жауапкершілігі мен қарыздарын есіне алған кезде жантәсілім етуді ойлай бастайды. Бұл – өте күрделі мәселе», дейді.
Мамандар онлайн ойындардың жарнамасына тыйым салып, оны тоқтатпаса, түбі жақсылыққа апармайтынын қайта-қайта айтуға мәжбүр.