Жақында ғимараттың іске қосылу рәсімі өтті. Іс-шараға облыс әкімі Айдарбек Сапаров пен еліміздің бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы қатысты. Қасиетті Рамазан айына тура келген іс-шараға қала тұрғындары көп жиналды.
«Біз әрқашан өз тарихымызды, ата-бабаларымыздың қасиетті ислам дінін таратудағы еңбегін ұмытпауымыз керек. Бүгін бабаларымыздың еңбегін жаңғыртып отырмыз. Осы жерде ислам діні кеңінен қанат жайған. Халықтың жүрегіне иман ұялатқандығының белгісі осындай тарихи мешіттер», деді бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Мешітті қалпына келтіру жұмыстарының қалай жүргізілгеніне тоқталған облыс әкімі Айдарбек Сапаров: «Реставрация кезінде ғимараттың бастапқы келбетін сақтауға баса мән берілді. Бұл – тарихымызға тағзым жасап, рухани құндылықтарды дәріптеудің жарқын белгісі. Рухани орда дәстүрлі ислам тарихы мен мәдениетін насихаттауға елеулі үлес қосады деп сенеміз», деді.
Мешітті қалпына келтіру жұмыстары 2021 жылдан бері жүргізіліп, оның іші-сыртын безендіру шаралары да іске асырылды. Қаланың қақ ортасында орналасқан ғимарат маңында тағы екі мешіт бар. Енді олар «Ислам мәдениетінің мұражайы» деген атау алған тарихи мешіттің жаңғырған ғимаратымен толықты. Музейде өткен ғасырларда Петропавлға әкелінген қасиетті Құран кітаптар, хадистер жинағы, шаһарда өмір сүрген ислам ғұламаларының тұтынған заттары, өмірбаяндары мен атқарған істері жазылған құжаттармен танысуға болады. Әзірге облыстық өлкетану музейінің бір бөлімі ретінде ашылған музей болашақта өз алдына бөлек шаңырақ көтеруі мүмкін.
Петропавл – тарихтың талай сырын жасырған ежелгі шаһар. 1886 жылы қаланың бас дәрігері Ц.Белиловский былай деп жазған екен: «...население города Петропавловска состоит из четырех народностей: татар, киргизов вместе – 6 517, русских – 7 528 и евреев – 275». Демек, сол жылдардағы мұсылмандардың үлесі 46 пайыз болған. Мұндағы орыстардың ішіне қамалдың казармаларында тұратын солдаттар мен драгундар да болды. Егер оларды бейбіт тұрғындардың есебінен шығаратын болсақ, қала халқының басым көпшілігі мұсылмандар екенін көрер едік. Сондықтан да қаланы көшіп келуші орыстар тұрғызған деген пікір түбірімен қате екеніне көз жеткіземіз. Олардың салғаны қорған ғана, ал қала қорғаннан өскен жоқ, Есілдің бойындағы осы қолайлы жазықты ежелден қоныстанып, осы төңірекке қыстау салған қазақтар есебінен өскен. Бұл жазықтың «ен қыстау» деп аталғаны да содан. 1759 жылы осы жерде жәрмеңке өткізу туралы Абылай ханның патшаға жазған хаты да бар. Ал 1765 жылы дөңге салынған Абылайдың ақ үйінің маңына қоныстанған бейбіт халықтың саны тіпті арта түскен. Бұл халықтың ішінде қазақ, татар, орыстан басқа қоқандықтар да, сарттар да болған.
1914 жылғы дерекке қарасақ, Қызылжарда 7 мешіт, 6 шіркеу, 1 синагога болған. Осының өзінен-ақ мұсылмандар үлесінің артық екенін байқауға болады. Ал 1921 жылғы дерекке қарағанда, мешіттер саны 9-ға жеткен. Демек, жеті жылда мұсылмандар көбейгендіктен, тағы 2 мешіт салынған. Олардың бәріне атау берілген. Мәселен, 1857 жылы салынған жоғарыдағы мешіт «4-соборлық мешіт» деп тіркелген. Бұл мешітті тұрғызуға бастамашы болған Дәулеткелдиев деген татар көпесі деген сөз бар. Бірақ мешіт тұрғызуға біреу бастамашы болғанымен, қазақ байлары жылу жинап, құрылысқа өздерінің сүбелі үлесін қосқан. Облыстық архивтің директоры Сәуле Мәлікова бұл мешіттің Дәулеткелдиевтің атында емес екенін, тек «Соборлық мешіт» деп тіркелгенін де құжаттармен дәлелдеп берді.
Атеистік көзқарастың салдарынан мешіт үшін тұрғызылған қаншама әсем архитектуралық ескерткіш бұзылды немесе мал қораға, қоймаға айналдырылды. 1942 жылы Петропавлға Александров қаласынан №641 құпия зауыт эвакуацияланып, ол жерден әскери радиостансалар, радиопеленгаторлар, радиоқабылдағыштар шығарған. Зауыттың кеңейтілген аумағына енгізілген қасиетті мешіт ұзақ жылдар бойы оның қоймасы ретінде пайдаланылған. Кейін тіпті құрылысы қирай бастаған еді. Енді, міне, ислам мәдениетінің мұражайы болып қайтадан түледі.
Петропавл