АҚШ пен Қытай арасындағы жасанды интеллект бойынша бірлескен зерттеулердің саны 2010 жылдан бері шамамен 4 есе өскен.
Бұл саладағы Ұлыбритания мен Қытай ынтымақтастығының жалпы көлемі 2,5 есе артқан
Бұған дейін жасанды интеллект индексін шығару мақсатында және аталған саладағы әлемдік прогресті бақылау үшін көптеген ұйымдармен ынтымақтастық орнатылған еді. Мұндай ұйымдардың қатарында: Джорджтаун университетінің Қауіпсіздік және жаңа технологиялар орталығы, «LinkedIn», «NetBase Quid», «Lightcast» және «McKinsey» бар.
Биылғы есепте «Foundation» модельдерінің (үлкен деректен үйреніп, басқа қосымшаларға бейімделетін ЖИ моделі) жаңа талдаулары, оның ішінде геосаясат пен оқу шығындары, жасанды интеллект жүйесінің қоршаған ортаға әсері, жасанды интеллект білімі және осы саладағы қоғамдық пікір тенденциясы қамтылған. Бұл индексте жасанды интеллект саласындағы әлем елдерінің заңнамаларындағы өзгерістерді бақылау жұмысы 2022 жылғы 25 елден 2023 жылы 127 елге дейін кеңейтілген.
Жасанды интеллект индексін шығаруда «NetBase Quid» 500 миллион дереккөз бен әлеуметтік желідегі пікірлерді қарап, салаға қатысты әлемдегі оң және теріс пікірді сараптайды. АҚШ пен Қытай арасындағы жасанды интеллект бойынша бірлескен зерттеулердің саны 2010 жылдан бері шамамен 4 есе өскен. Бұл саладағы Ұлыбритания мен Қытай ынтымақтастығының жалпы көлемі 2,5 есе артқан. Алайда, АҚШ пен Қытайдың келісімдері 2020 жылдан 2021 жылға дейін тек 2,1%-ға өсіп, 2010 жылдан бергі жылдық өсімнің ең төменгі көрсеткішін көрсетті.
Соңғы уақытта резонанс тудырған бастама – ChatGPT жасанды интеллекті. Ол университет деңгейіндегі түрлі тақырыпта эссе жазуға қабілетті және музыка шығара алады. Бұған қоса адаммен күнделікті сөйлесіп, кез келген сұрағына жауап береді. Чат-бот іске қосылғалы, бастапқы бірнеше айдың өзінде белсенді қолданушылар саны 100 миллионға жетті. Осылайша онлайн дос тарихтағы ең жылдам дамып келе жатқан тұтынушы қолданбасына айналып үлгерді. Кейін ChatGPT-дің шығарылымы мен техникалық мүмкіндіктері ғалымдар арасында жасанды интеллектінің адамзаттың болашағына тигізетін әсері туралы сұрақтар туғызды.
2021 жылы жасанды интеллектінің компьютерлік көру бағыты бойынша ең көп басылым шығарған қытайлық 10 ғылыми орталық болды. Осы тақырыпта ҚХР ғылым академиясы 562 мақала жариялаған.
Кестеде былтыр жасанды интеллект саласы бойынша ең көп ғылыми еңбек шығарған әлемдегі топ 10 орталық көрсетілген.
Бүгінде адам өмірінің көптеген саласы жасанды интеллектімен байланысты. Оған дәлел де жеткілікті. Қазір жасанды интеллектінің адам келбетін танудағы техникалық жүйелері 100% жетілген. Сондықтан ол қауіпсіздік шараларын сақтау мақсатында ірі мегаполистерде, әуежай мен вокзалдарда және адам көп жүретін қоғамдық орындарда қолданылып жүр.
Сондай-ақ жасанды интеллект жүйелері медицина саласында зақымданған ағза органдарын сегменттеп, операцияның сәтті өтуіне, дәрігерлердің дұрыс шешімді жылдам әрі тиімді қабылдауына көмектеседі. Технократтардың болжауынша, келешекте күрделі операцияларды жасанды интеллектімен жабдықталған роботтар жасайды.
Бұдан бөлек, технологияның дамуымен шет тілдерінде жазылған мәтіндер өзге тілдерге сапалы аударыла бастады. Тіпті адам даусымен айтылған сөздерді мәтінге түсіру саласында айтарлықтай жетістіктер бар. Ғалымдардың бағдарлауынша, болашақта екі елдің азаматы жасанды интеллект функцияларымен жабдықталған құлаққап арқылы бір-бірін аудармашысыз түсінетін болады.
Былтыр мәтінді жасанды интеллект арқылы бейнеклипке айналдырудың бірнеше жоғары сапалы модельдері шықты. 2022 жылдың мамыр айында Цинхуа университеті мен Бейжің жасанды интеллект академиясының зерттеушілері мәтінді бейнеге түрлендіру үшін UCF-101 сынағында сол кездегі ең жоғары бастапқы баллды көрсеткен COG video үлгісін жасап, ұсынды. 2013-2022 жылдар аралығында жасанды интеллект саласын дамытуға салынған инвестиция көлемі бойынша АҚШ алда келеді. Екінші орында Қытай, одан кейін Ұлыбритания тұр.
Сүйіндік ҚАБЫЛ,
«Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ сарапшысы