Елдегі қоғамдастық «Нұр Отан» партиясының сыбайлас жемқорлыққа
қарсы жаңа бағдарламасының жобасын талқылауға тартылады
Партияның Орталық аппаратындағы Жұмыс тобының отырысында «Нұр Отан» партиясының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының жобасы таныстырылды.
2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының жаңа жобасы қоғамдастық, интернет-пайдаланушылар, сарапшылар, үкіметтік емес ұйымдар мен партия мүшелерінің талқылауы мен ұсыныстар енгізуі үшін nurotan.kz ресми сайтында жарияланады. Ұсыныстар мен толықтыруларды anticorruption@nurotan.kz электрондық поштасына жіберуге болады.
Отырысты ашқан партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек: «Бес айлық жұмыстан кейін біздің қолымызда бағдарлама жобасы бар, біз оны Мемлекет басшысының тапсырмасымен қалың бұқараның талқылауына ұсынып жатырмыз. Қалаған адам өзінің пікірі мен ұсынысын жолдай алатын арнайы пошталық мекенжай құрылды, бұл партияның стратегиялық және маңызды құжатының қалың қауымның талқылауының көмегімен жасалған алғашқы оқиға емес. Біздің саяси Доктринамыз да дәл осылай жазылған болатын. Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасына орай келген әрбір хатқа, кез келген ұсынысқа риза боламыз», деді.
Сыбайлас жемқорлықтың көрінісімен емес, оны туғызатын себептермен және жағдаймен күрес бағдарламаның ең негізгі қағидаттарының бірі болып табылады. Әлемдік озық тәжірибенің негізінде отандық заңнаманы жетілдіру ұсынылады.
Жаңа бағдарламада қоғамда сыбайлас жемқорлық пен оның көрінісіне төзбейтін мәдениет қалыптастыруға, сондай-ақ, мемлекет, азамат және бизнестің тең және жауапты әріптес ретіндегі қарым-қатынасының сапалы жаңа сипатын қалыптастыру қажет
тілігі туғандықтан, еліміздің барлық аймағындағы түрлі мақсатты топтармен және азаматтық секторлармен қарым-қатынас орнатуға басымдылық беріледі.
Бағдарламада алғаш рет сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл үшін қоғамның және әр азаматтың жауапкершілігі бекітіледі.
Отырыс барысында Б.Байбек аталған бағдарламаның азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа деген санасы мен көзқарасын өзгертуге себепкер болатынын түсіндірді. Бағдарламаны іске асыру мемлекеттің азаматтардың мүддесіне тиімді қызмет етуі мен жауапты азаматтық қоғамның құрылуына, сондай-ақ, күшті қазақстандық бизнестің дамуына жағдай туғызады. Партияның саяси Доктринасында көрсетілгендей, осы элементтердің өзара жауапкершілігі мен шынайы әріптестігі Қазақстанның болашақтағы тыбыстылығын анықтайтын болады.
Құжатты қатарында белгілі заңгерлер, сарапшылар, қоғам қайраткерлері, Бас прокуратура мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің өкілдері бар Жұмыс тобының дайындағанын еске салғымыз келеді. Сарапшылар тобының жұмысына Парламент Мәжілісіндегі партия фракциясының мүшесі Нұрлан Әбдіров жетекшілік етті.
Бағдарламаны жүзеге асырудың іс жүзіндегі механизмі ретінде әр бесжылдыққа сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың Жол картасы мен жыл сайынғы шаралардың жоспары әзірленетін болады.
Жалпыәлемдік үрдістер есепке алына отырып, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы партиялық бағдарламаның нәтижесі Мемлекет басшысына таныстырылатын және БАҚ-тарда жарияланатын болады.
Бұл құжаттардан сыбайлас жемқорлыққа қарсы саладағы күрестің толық сипаты көрініп, онда сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың саны және оның деңгейінің бағалануы туралы ақпарат қамтылатын болады.
«Егемен-ақпарат».