«Басты түйткілдің бірі – балалардың білімін біржақты бағалау. Елімізде білімнің сапасына емес, көрсеткіштің жоғары болуына баса мән беріледі. Оқушылардың бірыңғай ұлттық тестілеуден алған бағасы мен мектептегі бағасы екі түрлі. Айырмашылық 30 пайыз немесе одан да көп болуы мүмкін. Сондай-ақ осындай алшақтық халықаралық және ұлттық бағалау кезінде байқалады. Ашығын айтсақ, мұның бәрі жаппай белең алған көзбояушылықтың кесірінен болып отыр. Өзіңді өзің алдау жарға жығады», деді Президент.
Рас, біз қазір білім жүйесіндегі бірнеше реформаның нәтижесі біз ойлағандай іске аспағанын көріп отырмыз. Біз балаларды қалай оқытып, қандай әдіспен тәрбиелеп жатырмыз? Байқасаңыздар балалар бірінші сыныпқа барғаннан қатарластарымен минутқа оқып жарысады. Баламыздың минутқа судыратып оқып шыққанына риза болып отырмыз. Жылдам оқыған баланың алатын бағасы да жоғары. Ал бала 2, 3-сыныпқа барғанда мұғалімдер ата-анадан оқушыға көбірек кітап оқытуды сұрайды. Себебі балалар оқыған кітабының түсінігін айта алмай қиналады. Мысалы, бұрын, біз білім алған жылдары бастауыш мұғалімі оқушыларды минутқа оқытпайтын. Өз басым осы әдіс тиімдірек деп ойлаймын. Сол секілді мектептегі артық сабақтарды қысқару керек. Білімге бастауыш сыныптан көңіл бөлу керек. Қазір Ұлтық бірыңғай тестілеу де мектептер арасында «бәйгеге» айналып кетті. Қай мектепке барсақ та білім мекемелерінің бағдарламасындағы пәндер бірыңғай оқытылып жатқан жоқ. Әсіресе, 11-сынып оқушылары тек Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты пәндерді оқиды. Басқа пәндер тоқтап тұр. Оқушылар ҰБТ үшін ғана сабақ оқитын болса, онда басқа пәндер неге қажет? Біздіңше, жоғары сыныпта оқушы өзінің мамандығына қатысы бар пәндерді оқуы қажет. Тағы бір өзекті мәселе, қазір ата-аналар баласын қалай да ЖОО-да білім алуын қалайды. Біз осы қалыптасқан жайт бойынша ата-аналармен жиі кездесіп, орта білім жөнінде түсіндіріп отыруымыз керек. Өйткені жұмысшы мамандар – қоғамның тірегі.
Тағы бір мәселе отбасы институтына қатысты. Қоғамда балаларына дұрыс тәрбие бере алмай отырған отбасылар бар. Бұл қайшылықтың әлеуметтік жағдайға қатысы бар. Ата-аналар баласын асыраймын деп жұмыстан босамай жүргенде, тәрбие бір жақта қалады. Балаларды әлеуметтік желі тәрбиелеп жатыр деп бұған дейін де талай айтылды. Бізге ғаламторды міндетті түрде сараптап, тексеріп отыру қажет. Ата-анамен қатар мектеп те осыған назар аударуы қажет. Бұл қауіпсіз қоғам құруға да ықпал етеді.
Президент әлеуметтік мәселелердің ішінде жастарды жұмыспен қамтуға бөлінген қаржы жайында да тарқатып айтты. Оның ішінде ұзақмерзімді жобалардан бөлек, жастардың кәсіпкерлік бастамасына қолдау көрсету үшін қаралған 40 миллиард теңге бөлінгенін білдік. Бұл қаражат аймақтағы жастарға беріледі екен. Қазір бизнес саласындағы үздік идеяларды таңдап алу үшін конкурстар басталыпты. Енді аймақтарда бұл қаражат кімдерге беріледі? Қандай кәсіпке қолдау көрсетіліп жатыр? Ең бірінші осы мәселе бойынша жіті мониторинг жүргізу керек. Себебі өзіміз халық арасында әлеуметтік зерттеулер жүргізгенде қайтарымсыз грант, жеңілдетілген несие тағайындау ісінде «бармақ басты, көз қыстының» барын байқаймыз. Жеңілдікпен берілетін қаржының үміткер жастың қолына тұтас тимеген кездері кездеседі. Мұндай жеңілдіктерді орайы келсе, екінші деңгейлі банктер арқылы ұйымдастыру керек деп ойлаймыз. Президент қозғап отырған мәселелердің басым көпшілігі халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға негізделгенін біліп отырмыз. Сондықтан ең алдымен, мемлекеттен қаралған қаражаттың мақсатты жұмсалуын қадағалау аса маңызды іс деп білеміз.
Бақыт Әлмұратов,
әлеуметтанушы