Байқауға қатысуға ниет білдірген үміткерлердің өтініштері сәуірдің басына дейін қабылданған. Қазылар алқасы іріктеу кезеңіне қатысқан 200-ден астам үміткердің ішінен финалға 77 әншіні таңдап алыпты. Олар жас ерекшеліктеріне қарай 7 мен 23 жас аралығындағы төрт топқа бөлініп өнер көрсетеді.
«Алтын микрофоннан» үміткер әрбір өнерпаз эстрада жанрының кез келген бағытына тән екі ән орындайды. Қазақстан әншілері бір әнді міндетті түрде қазақ тілінде орындауы шарт.
Құрамына әр елден келген белгілі өнер қайраткерлері енген қазылар алқасына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Сейдоллаұлы төрелік етеді. Байқаудың ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеп, үміткерлерге ақ жол тілеген әнші: «Жиырма жылдық тарихы бар «Алтын микрофон» халықаралық байқауы – бүгінде Қостанай өңірінің ғана емес, өнерге талабы бар барша қазақ елінің дарынды жастарына даңғыл жол ашатын бірегей жоба» деді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқаудың лауреаттары мен дипломанттары арнайы дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталады. Бас жүлде иегерлері Қазақстанда, сондай-ақ Еуропа мен Азия елдерінде өтетін дәстүрлі халықаралық байқаулардың біріне қатысу мүмкіндігіне ие болады.
Қостанай облысы