Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Отамалы қазақтың өз уақыты, амал. Отамалы – қазақтың өзі, білгенге. Автор шығарманың басында былай емеурін етеді. «Ертеде қазақ даласын борандар мен аңызақтар, жұт пен қасқырлар, сосын... аздаған қазақтар жайлайтын». Сол аздаған қазақтың бірі Отамалы екі кештің арасында қожасына кіріп, ескерту жасайды. Бұрын қазақ баласы төтеннен бір нәрсе тумаса екі кештің арасында кес-кестеп жүре бермеген. Кеш жамылып әрекетке көшкенді суыт жүріске балаған. Жаратпаған. Отамалы осы салтты бұзып үйіне кіріп, босағаға жайғасқанынан-ақ бір сұмдықты іші сезген бай сұрақтың астына алады. «Отамалы намаздыгерде келмейтін...» деп бастайды. Қазақтың әлгіндей салты өз алдына, оның үстіне Отамалы бейсауат келмейтінін қосыңыз. Демек, әлдебір жайсыздық не келеңсіздік құлақ қылтитты деген сөз.
«– Отамалы намаздыгерде етігін жамайтын я қойын қайыратын. Қойларын түнгі өріске алып шығуға дайындалатын.
– Дұрыс, байеке. Намаздыгерде Отамалы етігін жамайды, байеке намазын оқиды, қарға ұясына кіреді. Бірақ бүгін Отамалы етігін жамаған жоқ. Бүгін кешке қарай қарға ұясына кірмей, қиналып біраз ұшты... Отамалыға киім керек. Ертең күн суық болады... Бүгін түн суық болады...
– Отамалының үйінде ештеңе жоқ. Отамалыға қалың тон керек.
– Отамалыға көктем берілді.
– Отамалыға тамақ керек.
– Отамалыға жылы түн берілді.
– Отамалыға байпақты етік керек.
– Отамалыға бусанған жер берілді.
– Отамалыға жақсы ат керек.
– Отамалыға екі аяқ, бір таяқ берілді».
Әңгіме басталғанда-ақ мұртын аққа малып шұбат сораптап отырған байдың мына жауапты сөздері ыза тудырады. Қырық жыл қойын бағып, босағасында жүрген қойшысы кіргенде көңіл аударып, адам келді-ау, ит келді-ау демейді, шұбат іш деу былай тұрсын. Отамалы қалың киім сұраса, бұл көктемнің келгенін, тамақ орнына жылы түн берілгенін айтып мазақ қылады. Көктем киім, түн тамақ болып па? Қайта оқып көріңізші, тіршілік атаулыға Тәңірі, табиғат бергеннің бәрін өзі сыйлап отырғандай жайбарақаттық танытады. Қойын бағып отыр, саулығын қоздатып отыр. Өз алдына үй де қылмаған қойшысын. Мына Жапан байға ғана емес, оның әкесінен бері еңбегі сіңіп, маңдай терін төгіп келе жатқан Отамалы емес пе? Абайша айтсақ, «еңбек білмес байдың да жоқ ой орны». Мұнша қатты, қытымыр бай болар ма? Сонда әкесінен бері жалшылықта жүргенде басына тигені жаман лашық, оның өзі әр жерінен жыртылып, жұлдыз санайтын болған. Үйлендіріп, жеке үй қылып қойса, қазақтың тағы бір отбасы көгеріп кетпес пе еді? Жалпы, қазақ деген сана бар ма осы бізде? Шығармадағы мына байдың сөзінен ол аңғарылмайды. Кекесін мен мазақтан басқа.
Көркем шығарманың бір қасиеті жалқының жалпыға, жалпының жалқыға келе беретіні және уақыт талғамайды. Отамалы қазақтың өзі деп тегін айтпадық о баста. Күннің қашан бұзылып, қашан ашыларын қырық жыл қой баққан кісі біледі. Тура сол сияқты, «арқасына ер батқанын иесі емес, ат білер». Оны елеген бай жоқ. Білмей айтып тұрса бір сәрі. Біліп келіп отырғанын бай оның суыт жүрісінен-ақ аңғарады. Сөйтсе де білмегенсиді. Демек, бұл қазақ қоғамында ертеден бар әдет. Қазірге дейін қалмаған жаман әдет: елемеу, енжарлық, керенаулық, бейқамдық. «Мен қауіп еткеннен айтамын» деп қазақ баспасөзі мен әлеуметтік желісінде дер кезінде, тіпті күні бұрын көтерілген мәселе аз емес. Еленбейді, елемейді. Мұртын зеренге малып шұбатын сораптаған байдың кейпі де қазіргі қоғамды елестетеді. Егер ақылға салса, кез келген бір келеңсіздік бой көтере бастаса, соның салдарымен жұмыс істеп, алдын алатын қарсы күш пайда болуы керек қой. Қызарып батып бара жатқан күн тегін шапыраштанбайтынын, қарғалар ұяларына қонбай бекер беймаза болмайтынын шаруа басында, қойда жүрген Отамалы пайымдайды. Елдің ішінде не түрлі сұмдықты көріп-біліп жүрген халық та сондай. Кейде ертеңгі боранды сезіп қарғалардай шулап қояды. Ертең «күн суық болады! Түн суық болады! Қойлар ығып кетеді. Отамалы қойларды өріске шығармайды!» деп тулаған болады. Бірақ бай тізеге басып, езулеп қоймайды. Шайнап тастағысы кеп көзі шапыраштанып жауап қатады. Жеріне жеткізіп айтқан Отамалы байдан түңілсе де бетіне тік қарап «мен айтып болдым?» деп тағы жауап күтіп қарап отырады. Себебі табиғат тосын мінез танытып, боран соғатыны, бүгін-ертең қоздауға шақ тұрған отар қырылатыны анық-ты. Кәсібі адал, нәсібі кәміл қойшыда гәп жоқ. Сөйтсе де, тосыла берген байын қостап бәйбіше от алып кетіп, былайша айтқанда, зәрін төгеді. Әйел емес, бұл жауырды жаба тоқушы «үлкендердің» бейқамдығын қолдап-қорғаушы қоғамдық құрылым деп таныңыз. Бір-бірін қостап шыққан соң көп қорқытпай қоя ма? Аш-арық, киім-кешексіз Отамалы еріксіз қойға кетеді. Неге екені белгісіз, шығып бара жатып, «қош бол, ошақ» деп жыртық лашығымен қоштасқан қойшының алдағы көресінін іші бірден сезеді. Автор бірақ оны сіз бен біз ойлағаннан да аянышты әрі шынайы суреттеп береді. Шығарманың соңына дейін Отамалы өлмей ауылға жетсе, күн ашылса екен деп отырғанмен, үміт ақталмайды. Алдындағы қойымен бес күн, бес түн үскірік боранмен арпалысады. Кейінгі күні қойлар қоздап, жас төлімен қоса қырылады. Ақырында аштықтан өзегі талып, үсік шалып өлуге айналған Отамалы ақыл-естен айырылып, сандырақтап жүріп басын бір көтерсе, өзінің ошағы мен қазаны ұшып келе жатыр екен дейді. Қоштасып кеткен қарасы сол еді ғой. Олар да ұстатпай өте шығады қасынан. Енді бір қараса, өмірінде көрген бір кереметі байдың үйіне барыпты: «Міне, ол байдың үйінің есігін көтеріп ашты да, кіріп келді. Үйде бай шұбат ішіп отыр екен. Мұны көргенде, байдың түсі өзгеріп қоя берді. Отамалы үндеген жоқ. Құлағына байдың кетерде айтқан: «Жағыңа жылан жұмыртқаласын!» деген сөздері келеді. Бай дірілдеп барады. Кенет есік ашылып, ішке ақ түтек шапшыды. Соның бір шеті байдың мұртына тиіп еді, ол лапылдап жана бастады. «Мұрт деген жақсы жанады екен ғой», деп ойлап тұр ол. Ақырында, байдың орнында бір уыс күл қалды. Отамалы аң-таң болып босағада тұр», дейді автор.
Бұл – Отамалының сандырағы емес, автордың қиялы да емес, анық дүние дер едік. Кім болса да бір уыс күл болмаса да, бір уыс топыраққа айналары күмәнсіз ғой. Өмірдің өзі өлімге дайындық екенін ұмытпасақ, мұнша қиянатқа жол бермес едік. Отамалыны өлімге айдағаннан гөрі, өлтіріп алмауды ойласақ етті...