«Қазір жаңа Бюджет кодексі дайындалып жатыр. Осы ретте бюджет ережелеріне және оны мүлтіксіз сақтау қажеттігіне назар аударғым келеді. Мұндағы ең басты қағида – көрпеге қарай көсілу. Ұлттық қорға жармаса беруді доғару қажет. Ұлттық қор – болашақ ұрпақтың қаражаты. Біз оның ресурстарын тек қажетті жағдайларда, дағдарыс кезеңдерінде пайдалануымыз керек», деді Қ.Тоқаев.
Кейінгі бірнеше жылда Ұлттық қордан 12 триллион теңге, яғни 30 миллиард долларға жуық қаржы алынып, әртүрлі мақсаттарға, соның ішінде коронавирус пандемиясының зардаптарын еңсеруге жұмсалды. Дегенмен биыл да Үкімет Ұлттық қорға саусақты толығымен батырмақ. «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2023-2025 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заңға сәйкес, республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің мөлшері 2023 жылы 2,2 трлн теңге көлемінде белгіленді. Ал 2024 жылы 2 трлн теңге және 2025 жылы 1,9 трлн теңге бөлінбек.
Экономист Айбар Олжайдың айтуынша, Ұлттық қорда «Оң қол, сол қол» парадоксы байқалады. Сарапшы бюджеттің шығыс бөлігін себепсіз арттыра отырып, Үкімет инфляцияны екі есеге азайту тапсырмасын қалай орындайтыны түсініксіз екеніне назар аударады.
«Ұлттық қорға қатысты «Оң қол, сол қол» парадоксының орын алып отырғанын көріп отырмыз. Себебі оң қол сол қолдың қимылын білмей отыр. Стратегиялық мақсат – 2030 жылы Ұлттық қорды 100 миллиард долларға толтыру керекпіз дейміз. Бірақ дәл сол кезде, бюджетте бекітілген көлемге қарамастан, тағы да Ұлттық қордан трансфертті ұлғайтып отырмыз. Биылғы жылды кризисті деуге келмейді, экономикалық өсім тіркелді.
Контрциклді заңдылықпен қарасақ, қазір Ұлттық қорға тиіспей, керісінше көбейтудің кезеңі. Бірақ біз Үкіметтің керісінше трансферттерді бюджетке корректировка арқылы көбейтіп отырғанын көріп отырмыз. Ұлттық қорды сақтау керектігін Президент те айтты, Жоғарғы аудиторлық палата да айтты. Бірақ Үкіметтің өз жолы бар сияқты. Онда Үкімет осы шешімдердің логикасын түсіндіруі керек. Себебі оның басты KPI-інің бірі – инфляциямен күрес», дейді А.Олжай.
Былтыр Есеп комитеті Ұлттық қор қаражаты есебінен инвестициялық жобаларды іске асыруда орталық және жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимылы нашар, мұның өзі олардың тиімсіз жоспарлануына және пайдаланылуына әкеліп соғып отыр деген қорытынды жасаған. Мұның басты себебі ретінде қорға жүктелген міндеттер бірнеше мемлекеттік органға бөлініп берілген. Мысалы, жоспарлау – Ұлттық экономика министрлігіне, кірістерді есепке алу – Қаржы министрлігіне, активтерді басқару – Ұлттық банкке, жалпы үйлестіру – Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңеске, бақылау Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың жұмсалуын бақылау жөніндегі комиссияға жүктелген.
Сарапшы Айбар Олжайдың сөзіне сүйенсек, Үкімет 2017-2018 жылдан бері Ұлттық қорды дағдарысқа қарсы әмиян ретінде қабылдай бастаған. Сол кездегі мемлекет басшыларының Ұлттық қорға қаражатты қиын кезеңге сақтадық деген сөзі әсер еткенін айтады.
«Басында антикризистік әрекет ретінде басталып, кейіннен бюджеттің кәдімгі белгілі бір параметрлерін орындап отыратын құрал секілді болып қалды. Сол әдет санамыздан әлі кетер емес. Бюджеттің орындалуы, келесі жылға жоспарлау кезінде Ұлттық қордан ақша аламыз деген оймен трансферттер қарастырылады. Бұл Ұлттық қордың азайып кетуіне ықпал етеді. Әсіресе пандемия кезінде өте көп қаражат алғандықтан, оның көлемі азайып кетті. Шамамен 10 миллиард доллардай жұмсадық. Оның орны толмауына өз әсерін беріп отыр», дейді А.Олжай.
Тағы бір айта кетерлік мәселе бар. Ұлттық қор есебінен қаржыландырылатын жобалардың түпкі нәтижесі туралы бірыңғай ақпарат табу қиын. Оны жинақтап, талдайтын мекеме жоқтың қасы. Экономист Сәбит Рысбаевтың айтуынша, Ұлттық қордың қаражатына қатысты есептік ақпарат беруде ашықтық жетіспейді.
«Жауапты министрліктер есепті бір парақ word құжатында сайтына жүктейді. Одан нақты мәлімет алу қиын. Трансферттің жалпы көлемі секілді атүсті ақпарат беріледі. Ал Норвегия, Біріккен Араб Әмірліктері секілді мемлекеттердің қорлары арнайы сайт ашқан. Сол жерден бүкіл мәліметті таба аласыз. Қолдануға да жеңіл», дейді С.Рысбаев.
Осы орайда айта кеткен жөн. Қазақстанның халықаралық резервтері 94 млрд долларды құрайды. Соның ішінде Ұлттық қордың активтері өткен жылдың басынан бері 3 млрд-қа өсіп, 58 млрд долларға жетті. Алайда жоспар бойынша Ұлттық қордың көлемін биыл 66,7 млрд долларға, одан әрі 2024-2025 жылдары 78,8-93,2 млрд долларға дейін арттыру жоспарланған. Бұған қол жеткізе аламыз ба, әлде жоқ па?
Сарапшы Айбар Олжай Ұлттық қорды көбейтудің екі-ақ жолы бар екенін айтады. Біріншісі – мұнайдан түсетін кіріс. Яғни қаржы ең әуелі Ұлттық қорға түседі. Содан кейін ғана трансферт арқылы бюджетке барады. Мұнай бағасы өссе, 80 доллардан жоғарыласа, Ұлттық қордың қоржыны қампаяды. Екіншісі – инвестициялық параметр. Бұған дейін 80/20 принципі бойынша жұмыс істеп келдік. Яғни қаражаттың 80 пайыз облигацияға, қалған 20 пайыз акцияға салынды.
«Қысқа мерзімде инвестициялық параметрден көп пайда табу үшін акциялардың үлесін көбейту керек. Әрине, оның да өте үлкен тәуекелі бар. Сондықтан тәуекелге көп бармадық. Небәрі 20 пайызын ғана акцияға салдық та, кейде тіпті зиян шегіп отырдық. Ал қалған 80 пайыз облигацияда болғандықтан, ол ешқашан минусқа кетпейді. Жылдық кірісі тұрақты, мысалға 1,5 пайыз деген секілді.
Енді Үкімет Ұлттық қорды басқару параметрін өзгертпек. Осылайша, 60 пайыз облигацияға, 30 пайыз акцияға, 5 пайыз алтынмен, қалған 5 пайыз баламалы қаржылық құралдарына, мысалы биткойн секілді, бөлінбек. Бұл Ұлттық қордың инвестициялық кірісін көтеруге жасалған қадам. Басқарушысы мықты компанияларға қаражат құйылса, 30 пайыздық акцияның өзімен табыс таба аламыз», дейді А.Олжай.