Пікір • 21 Сәуір, 2023

Мәжіліс – ашық үнқатысу алаңы

232 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының қатысуымен өткен еліміздің әлеуметтік-эконо­микалық дамуына арналған кеңейтілген кеңесте айтылған бір­қатар мәселе Мәжілістің кезекті жалпы отырысында да ке­ңі­нен сөз болды.

Мәжіліс – ашық үнқатысу алаңы

Президент экономиканы қайта жан­дандыру бойынша үлкен мін­дет­тер қойды. Отандық өн­ді­ріс­ті дамытуға негізгі басым­дық бе­рілу­ге тиіс. Соның ішінде шетел ин­­вес­­тициясын тарту мәселесі де ес­керілгені жөн.

Біріншіден, агроөнеркәсіп кешенінің өнімділігін арттырудың маңызы зор. Бұл ретте өнімді тек шы­ғарып қана қоймай, сақтау қа­жет. Шағын және орта бизнесті, әсіресе, ауылды жерлерде дамы­ту­ды ынталандыру маңызды. «Қа­­зақ­станда жасалған» өнімдер бәсе­кеге қабілетті және қолжетімді бағада болуы керек. Баға өсімімен к­ү­ресіп, қазақстандықтардың та­бы­сын арттырудың бірден-бір жолы осы.

Екіншіден, Мемлекет басшысы ондаған жылдар бойы жинақталған инфрақұрылым мәселелерін шешу және тұрғын үй-коммуналдық шар­уашылығын жаңғыртуды қол­ға алуды тапсырды.

Халық пен бизнес үшін та­риф­тер­ді көтеріп қана қоймай, тұр­ғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лық саласын инвесторларға ұзақ мерзімге тартымды ету маңызды. Бұл жерде Президенттің «Инвестицияға айырбас тарифі» бастамасының әлеуеті мол. Инвесторларға мем­ле­кеттің кепілдігімен әділ әрі қо­лай­лы жағдай жасау қажет. Бұл осы салаға жеке қаржы тартуға жол ашады.

Депутаттық корпус меншік ие­ле­­рі қауымдастығы мәселелерін шешу үшін көзқарасын білдіріп, ұсынысын беруге тиіс. Тұрмыстық зор­лық-зомбылыққа қатысты мә­се­лелер бойынша да өз пайымы­мыз бар.

Үшіншіден, Мемлекет бас­шы­­сының бастамасымен қолға алынған конституциялық ре­фор­ма­лардың нәтижесінде, Мә­жіліс еліміздегі негізгі заң шығарушы алаңға айналды. Сондықтан де­путат­тық корпус Президент жүк­теген міндеттердің барлығын заң­на­малық тұрғыда қамтамасыз етуге бүгіннен бастап кіріседі.

Бұл жұмыс конструктивті диалог арқылы Үкіметпен, әкім­дік­тер­мен тығыз қарым-қатынаста атқарылуы керек. Депутаттар осы ұстанымды толық қолдайды және нәтижелі жұмыс істеуге дайын.

Мәжіліс Президент реформаларын қоғамның белсене қатысуымен талқылауға арналған ашық диалог алаңы болмақ. Осы­ған орай Палатада агроөнер­кә­­сіптік кешен­ге жеңілдетілген несие­­лерді бөлу, сондай-ақ әйел­дер мен ба­ла­ларға қатысты зор­лық-зом­бы­лыққа төзбеушілік мәде­­ниетін қа­лыптастыру бойынша екі бейінді комитеттің отырысы өтеді.

Сонымен қатар «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асы­руда еліміздің үлесті арттыру мәселелері бойынша «Amanat» фракциясының отырысы болады. Алдағы 5 жылда 401 мектептің құрылысына 2,6 триллион теңге бағытталады. Бұл жобаға отандық бизнес барынша атсалысуы қажет. Сонда ғана бөлінген қаржы эконо­ми­каға оң әсер етеді.

Төртіншіден, Мемлекет басшысы еліміздің 2025 жылға де­йін­гі жаңа Ұлттық даму жос­парын әзірлеуді тапсырды. Оған Мә­жіліске өткен партиялардың сай­лау­алды бағдарламаларындағы ең маңызды тармақтар енгізіледі.

Бүгінде Мәжілісте саяси пар­тия­­лар­дың алты фракциясы, сондай-ақ бір мандатты округтерден сайланған 29 депутат қызмет атқа­­рады. Олардың барлығы сайлауалды науқан кезінде жұртшы­лық­пен белсене кездесіп, халыққа біраз уәде берді. Сол фракцияларға Ұлттық жоспарға енгізілетін ұсы­ныс­тарды қазірден бастап дайындауды ұсындым.

Мәселен, «Amanat» партия­сының сайлауалды бағдарла­ма­сын­да ауылдағы жас дәрігерлердің көтерме жәрдемақысын 10 мил­лион теңгеге дейін арттыру туралы ұсыныс болған. Бұл – медицина қызметкерлерінің тапшылығын жоюға жасалған игі қадам. Ауыл тұрғындарының, кәсіпкерлік субъек­тілерінің, жастардың, бюджет саласы қызметкерлерінің табысын арттыру, жаңа өндірістер ашу бойынша да тиісті шаралар қарастырылған. Осының барлығы Ұлт­тық даму жоспарында көрініс табады.

Мемлекет басшысы тапсыр­ма­ла­рының еліміздің одан әрі дамуы, азаматтардың тұрмысын жақсарту үшін маңызы зор. Бұл – Мәжіліс депутаттарының ортақ пікірі.

Енді халық пен бизнестің мүд­десін, экономиканың мүм­кін­дік­терін ескере отырып, алға қой­ған міндеттердің нақты әрі тиімді орындалуын қамтамасыз етуге тиіс­піз.

 

Ерлан ҚОШАНОВ,

Мәжіліс төрағасы