Білім • 20 Сәуір, 2023

Қызылжар қазақтары балаларын неге ана тілінде оқытқысы келмейді?

887 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Келмеске кеткен кеңес заманында елдің шетінде, желдің өтінде орналасқан Солтүстік Қазақстан облысында коммунистік ұлтсыздандыру һәм орыс­тандыру саясаты ерекше екпінмен жүргізіліп, тіпті кілең қазақтар тұратын ауылдардағы қазақ мектептерінің көбі жабылып, орыс тілінде оқытуға көшірілген еді. Бұл теріс үрдіс тек тәуелсіздік таңы атқанда ғана тыйылып, ана тіліміз бен ата салт-дәстүрімізді қайта жаңғыртуға бетбұрыс басталды.

Қызылжар қазақтары балаларын неге ана тілінде оқытқысы келмейді?

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «ЕQ»

Жергілікті тіл жанашырларының жұртшылық арасында белсенді түсіндіру жұмысын жүргізуінің және жергілікті билік органдарынан табандылықпен талап етуінің нәтижесінде өткен отыз жыл ішінде жаңадан 29 қазақ мектебі салынды. Облыс орталығы – Петропавл қаласында бұрын қазақ тілінде оқытатын жалғыз облыстық мектеп-интернат бар еді. Тәуелсіздік жылдары мұнда сегіз қазақ мектебі ашылды. Қазіргі кезде Қызылжар өңіріндегі 461 мектептің 112-сі – қазақ тілінде, 92-сі – аралас, яғни қазақ және орыс тілдерінде, 257-сі орыс тілінде білім береді.

Әйткенмен, балаларын ана тіліндегі мектепке бермей, орысша оқытуды құп көретін ұлты қазақ ата-аналар қатары әлі де қалың. Соның салдарынан өткен оқу жылында Қызылжар өңіріндегі мектептерде білім алған ұлты қазақ 31534 баланың 18650-і ғана ана тілінде оқыған. Орыс тілінде тәлім-тәрбие алғандар саны – 12884, яғни қазақ балаларының 40 пайыздан астамы ата-аналарының шешімімен өздерінің ұлы жерлесі, «Мен жастарға сенемін!» деп жырлаған Мағжан ақынның тілінде емес, Пушкиннің тілінде білім алып жүр.

Бұл келеңсіз құбылыстың тамыры мектепке дейінгі білім беру жүйесінде жатыр. Себебі бүгінде өңірде жұмыс істеп тұрған 472 балабақша мен шағын орта­лықтың қазақ тілінде тәлім-тәрбие беретіндерінің саны – 131 ғана, ал аралас тілдегілері – 62, орыс тілін­дегілері – 279. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы барлық 18180 тәрбие­ленушінің 5595-і ғана қазақ тілінде тәрбиеленіп жүр.

Балаларын орысша оқытуды жөн көрген ата-аналардың және мұғалімдер мен тіл жанашырларының айтуынша, мұның бірнеше себебі бар. Бірін­ші­ден, қалалар мен үлкен ауыл­дарда қазақ тілінде оқытатын мектептер мен балабақ­шалар әлі де жетіс­пейді. Мәселен, Петро­павл қаласының Солнечный, Борки шағын аудандарында және Ұлттық ұлан­ның Әскери академиясының маңайында бірде-бір қазақ мектебі жоқ. Ал 19 және 20-шағын аудандарда бір-бір мектептен ғана бар. Қаланың орталығында С.Шәймерденов атындағы қалалық классикалық гимназиядан басқа қазақ мектебі жоқ. Аталған маңдарда тұратын ұлты қазақ ата-аналардың көбінің балаларын жақын жердегі орыс мектептеріне беретін себебінің бастысы осы.

Шал ақын ауданының орталығы – Сергеевка қаласының тұрғындары да осындағы жалғыз қазақ мектебі аздық етіп отырғанын, ана тіліміздегі жаңа білім ордасын салатын кез жеткенін айтты.

Демек, алдағы уақытта Қызылжар өңірінде тек қазақ мектептері мен қазақ балабақшалары салынуға тиіс. Орыстілді ағайындар бұған түсіністікпен қарайтыны анық. Мысалы, кейінгі үш жылда Петропавлда үш қазақ мектебінің салынғандығы жергілікті жұртшылықтың тарапынан еш наразылық туғызған жоқ. Өйткені, қаладағы орыс тілінде оқытатын мектептердегі шәкірттер саны көп емес. Ал қазақ мектептеріне оқушылар сыймай, екі ауысыммен оқуға мәжбүр.

Қазіргі уақытта облыстағы қазақ мектептерінде ұлты басқа 259 бала мемлекеттік тілде білім алып жүр­гендігі – Қызылжар өңіріндегі этнос­аралық келісім мен татулықтың бел­гісі. Петропавлда бертінде ашылған 320 орындық «Алтын бесік» қазақ балабақшасына ұлты басқа 75 сәбиді ата-аналары өз еріктерімен әкеліп бергендігі де соның айғағы. Бұл ретте әділдікке қиянат болмас үшін айта кететін жайт – облысты 2003-2007 жылдары басқарған белгілі мемлекет қайраткері Тайыр Мансұровтың барлық балабақшаны қазақ және орыс тілдеріне көшіру, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің ұстаздарына жергілікті бюджет есебінен гранттар беру жөніндегі бастамаларын да жергілікті жұртшылық түсіністікпен қабылдаған еді. Аталған бастамаларды тек кейінгі облыс әкімдері қолда­май, олардың кем-кетігі болса түзетіп, сабақтастықпен жалғастырудың орнына, жарты жолда тоқтатып тастағаны өкінішті, әрине.

Екіншіден, көптеген ата-ана ұлты қазақ болғанымен, өз ана тілінен мақұрым қалғандықтан, балаларының қазақша оқуына көмектесе алмай­тын­дығы себепті оларды орысша оқы­ту­ға беруге мәжбүр екен. Мұндай ата-ана­лар – қазақ тілінде білім беретін ұйым­дар саусақпен санарлықтай ғана болған бұрынғы кеңес заманын­да және еліміздің тәуелсіздігінің бастап­қы кезеңінде – өткен ғасырдың тоқса­нын­шы жылдарында амалсыздан орыс мектебінде оқыған ағайын­дары­­мыз. Оларды әртүрлі жиын мен әлеу­­меттік желіде тілмен шағып, ұлт­тық намыстарын оятуға тырысу әрекет­тері­нен шыққан нәтиже шамалы. Сон­дықтан да орыстілді қазақ ата-ана­лардың өздері ұсыныс етіп айтып жатқанындай, ең бастысы – олардың балаларының өз ана тілінде сапалы білім алуына қолайлы жағдай туғызу қажет. Айталық, облыстың Білім бас­қар­масының мәліметіне қарағанда, биыл бiрiншi сыныпқа баратын 3569 бала­ның жаңа бiлiм беру жағдайларына сәттi бейiмделуi, оқуға психология­лық дайындығын қалыптастыру үшiн жазғы кезеңде 318 мектептің базасында қысқамерзiмдi дайындық курстары ұйымдастырылмақшы. Бұл жұмысқа 509 мұғалім қатыстырылады екен. Жөн-ақ. Дегенмен осы орайда қазақ тілін білмей өскен қазақ балаларын қазақша оқытуға айрықша назар аударылса, құба-құп болар еді. Бұған қоса оларға көмек­тесуді тек бірінші сыныппен шек­темей, одан кейінгі және жоғары сынып­тарда да күрделі пәндерден қосым­ша сабақ беру мәселесін шешу қажет. Әлбетте, бұған бюджеттен қосым­ша қаржы бөлу де талап етілетіні түсі­нікті. Бұл ретте қазір облыстың жаңа бас­шылығы алдағы оқу жылынан бас­т­ап тегін ыстық тамақты бұрынғыша тек аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға ғана бермей, 1-4 сынып оқушыларының бәріне беру туралы бастама көтеріп отырғанын ескерсек, егер қазақ тілін дамытуға да осындай шынайы жанашырлық болса, қажетті қаржыны қайткенде де іздеп табуға болатын сияқты.