Үкімет • 21 Сәуір, 2023

Жол апаты азаяр емес

370 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов­тың төрағасымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында екі заң жобасы ратификацияланды. Сондай-ақ депутаттар өз сауалдарын жолдады.

Жол апаты азаяр емес

Депутаттар «Кедендік транзиттің кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды тасымалдау (тасу) кезінде кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөнін­дегі міндетті орындауды қамтамасыз ету­ді қолданудың ерекшеліктері туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қабылдады. Бұл құжат жөнінде Премьер-министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев баян­дама жасады.

«Жоғары Еуразиялық экономи­калық кеңестің шешімімен Еуразия­лық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стра­тегиялық бағыттары бекітілді. Стра­тегия­лық бағыттардың бірі – Еура­зия­лық экономикалық одақта тауарлар тран­зитінің бірыңғай жүйесін дамыту, оның ішінде тауарлар транзиті кезінде кепілді тетіктерді жетілдіру.

Осы жұмыс аясында Еуразиялық экономикалық одақта тасымалдарды қадағалау үшін навигациялық пломбаларды қолдану туралы Келісімге қол қойылды және ратификацияланды. Қамтамасыз ету туралы Келісім ратификациялаудан өту үшін Мәжіліске енгізілді. «Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік транзитінің бірыңғай жүйесі туралы» Келісімнің жобасы әзірленіп жатыр», деді Е.Жамаубаев.

Ведомство басшысының айтуынша, үш құжат та кедендік рәсім­дерді оңайлатуға және Еуразия­лық экономикалық одақ шеңберінде транзит­тік әлеуетті дамытуға бағытталған. Ұсынылған Келісімге 2022 жылғы 19 сәуірде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің басшылары қол қойған.

«Бұл Келісім транзит кезінде тауарларды тасымалдауға байланысты кедендік рәсімге сәйкес кедендік және өзге де төлемдерді төлеу жөніндегі міндетті орындауды басты қамтамасыз етуді қолдану ерекшеліктерін белгілейді. Кедендік рәсімге сәйкес кедендік және өзге де төлемдерді төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету тәсілі ретінде кепілгерлікті қолдану ерекшеліктерін айқындайды.

Келісімде айқындалған шарттарға сәйкес келетін декларанттардың басты қамтамасыз етуді жалпы қамтамасыз ету сомасына қарағанда аз мөлшерде ұсыну мүмкіндігі белгіленген. Бұдан басқа, қамтамасыз ету туралы Келісім кепілгерлікті дамытуға бағытталған. Атап айтқанда, кепілгерлерді ұлттық кепілгерлер деп танудың жалпы шарттары және олар үшін жеңілдіктер қарастырылған. Мысалы, кепілгердің міндеттемелері кеден органдары алдын­дағы міндеттемелердің көлемінен артық болуы», деді Е.Жамаубаев.

Сондай-ақ жалпы отырыста «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ақпарат­тық-телекоммуникациялық желілерде авторлық құқық пен сабақтас құқықтар объектілеріне құқықтарды сақтау және қорғау бойынша ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қабылданды. Құжат жөнін­де баяндама жасаған Әділет министрі Азамат Есқараевтың айтуынша, келі­сім ақ­параттық-телекоммуникациялық же­лі­лерде, оның ішінде интернетте ав­­торлық құқық объектілеріне және са­бақтас құқықтарға қатысты құқық­тар­дың бұзылуына қарсы іс-қимыл тетіктерін құру жөніндегі шараларды әзірлеп, іске асыру бағытында жүзеге асырылады.

«Келісімнің мақсаты – заңнаманы жетілдіру, осы салада заң бұзуға жол бермеу жөніндегі іс-шараларды әзір­леу, сондай-ақ ақпаратпен, ғылыми зерттеу­лердің нәтижелерімен алмасу. ТМД-ға мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары арасында семинарлар мен конференциялар өткізу арқылы осы саладағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету жос­пары ескерілген. Бұл келісім цифрлық ортада авторлық құқықты және сабақтас құқықтарды сақтау әрі қорғау саласындағы халық­аралық нормативтік-құқықтық базаны дамыту аясында бекітілді.

Мәселен, 2020 жылы Қазақстан Республикасында лицензияланбаған 24 шетелдік интернет-ресурс анықталды. 2021 жылы осындай 40 интернет-ресурс белгілі болды. Олар туралы ақпарат бұғаттау туралы мәселені қарау үшін «Кибернадзор» ақпараттық жүйесіне енгізілді. Келісім цифрлық ортада зияткерлік құқықтарды сақтау және қорғау саласында болатын проблемаларды шешудің жалпы тәсілдерін белгілеуге мүмкіндік береді. Келісім аясында қамтылған тараптардың өзара іс-қимылын үйлестіру ТМД аясында Зияткерлік меншікті құқықтық сақтау және қорғау мәселелері жөніндегі мемлекетаралық кеңеске жүктелген. Тараптар ынтымақтастықты өздерінің уәкілетті органдары арқылы жүзеге асыратын болады. Осы орайда Қазақстан Республикасында Әділет министрлігі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Ақпарат және қоғамдық даму министр­лігі, Ішкі істер министрлігі, Жоғарғы сот ескерілген», деді А.Есқараев.

Бұдан бөлек, Мәжіліс комитеттері екі заң жобасын жұмысқа қабылдады. Атап айтқанда, құжаттар Мемлекеттік корпорация мәселелеріне, ұлттық қауіп­сіздікті қамтамасыз ету және Қазақ­станның арнаулы мемлекеттік органдарындағы қызметіне арналған.

Депутат Қазыбек Әлішев несиелер мен лизинг бойынша пайыздық мөлшер­лемелерді субсидиялауға қатыс­ты мәселе көтерді. Оның айтуынша, несиелер бо­йынша сыйақы мөлшерлемесі 17 па­йыздан 24 пайызға дейін өскен. Мұның 6 пайызын шаруашылықтар төлейді.

«Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы құрылымдары несиелер мен лизингтер бойынша сыйақының пайыздық мөлшерлемелерін субсидиялау кезінде белгілі бір қиындықтарға тап келіп отыр. Себебі бюджет қаражатының жоқтығы немесе тапшылығы субсидияларды уақтылы төлеуге мүмкіндік бермейді. Осының салдарынан шаруашылықтар несиелер бойынша сыйақыны өз айналым қаражатынан толық көлемде төлеуге мәжбүр. Төлемдер бойынша міндеттемелерді кешіктірген жағдайда кәсіпкерлер жосықсыз клиенттер тізімінде көрсетіледі және субси­диядан толығымен айырылады. Жоғарыда аталған мәселелер шаруа­шылық субъектілері тарапынан міндет­темелерінің мерзімінің өтуіне және мемлекетке қатысты шағымдарға алып келеді», деді Қ.Әлішев.

Нартай Сәрсенғалиев Премьер-министр Әлихан Смайыловқа, Бас прокурор Берік Асыловқа жолдаған сауалында балалар арасындағы әлімжеттік мәселесіне назар аударды. Кейінгі кезде елді дүр сілкіндірген оқиғаларды тізіп шыққан депутат мәселеге ерекше мән беру керек екенін атап өтті.

«Депутаттық сауалымызда қазақ елінің қабырғасын қайыстырған қай­ғы­лы жайттардан бастауға мәжбүр­міз. Қаралы ақпараттар легін осында отыр­ған баршаңыз естіп білдіңіздер. Оқу­шылар марқұм болды, оларды өлтірген қылмыскерлер де оқушы болып шықты.

Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге қатысты «Тағы бір назар аударатын мәселе – жас ұрпақтың қауіпсіздігі. Балаларға қатысты жан­түршігерлік қылмыстар жиілеп кетті. Мұндай оқиғалар мектепте, көшеде, тіпті, үйде болып жатыр. Сорақы жағ­дайлар оқушылардың өзіне қол жұм­сауына себепкер болып отыр. Тіпті ата-аналардың өздері баласына қорлық көрсетіп, оның арты қайғылы жағдайға ұласып жатады. Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысы әлсіз. Жауапты мекемелер мен құқық қорғау органдарының қызметі ойдағыдай нәтиже берген жоқ. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саясатын қайта қарауымыз керек», деді. Ендеше бұл мәселені дереу шешетін кез келді. Әлімжеттіктің көбеюінің бір себебін мамандар пандемия уақытында онлайн оқыған оқушылардың кейін ортаға еркін бейімделіп кете алмауы. Қазір соның салдарын көріп отырмыз», деді Н.Сәрсенғалиев.

Депутат келтірген деректерге сү­йенсек, Қазақстандағы әрбір үшінші оқу­­шыға әлімжеттік жасалады екен. Осы орайда, Бас прокуратурадан жан түр­ші­герлік әлімжеттік істерін қатаң ба­қы­лауға алып, айыптылардың жаза­дан құтылып кетпеуін қадағалауды сұрады.

«Әлімжеттік фактілерін біле тұрса жасырып қалған қызметтегі азамат­тарды да жазаға тарту керек. Оған қоса, балаларды қорлап жатқан кезде араша түсудің орнына сол әрекеттерді бейнетаспаға түсіріп жариялаған адамдарды да жазалау қажет. Және айыпты оқушылардың ата-аналары да тиісті жазасын алуы керек», деді Н.Сәрсенғалиев.

Сондай-ақ мектептегі буллингтің алдын алу үшін псхиологтердің санын арттырып, тиісті жағдай жасауды, мектеп инспекторын қайтаруды, оқушының сабақ үстінде ұялы телефон ұстауын шектеуді ұсынды.

Олжас Құспеков өз сауалында елімізде жол-көлік оқиғалары салдарынан қаза тапқандардың саны жыл сайын көбейіп келе жатқанына алаңдаушылық білдірді. Депутат келтірген деректерге сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын 10-15 мың жол-көлік оқиғалары тіркеліп, салдарынан 2 мыңға жуық адам қаза табады.

«Яғни жыл сайын жол үстінде үлкен бір ауыл тұрғындарының жоқ болып кетуімен пара-пар. 30 жылда жол апатынан қайтқандардың саны Ауған соғысында қаза тапқан КСРО әскер санынан 4 есе асып отыр. Жол апаты салдарынан туындайтын экономикалық шығынның көлемі жылдық жалпы ішкі өнімнің 3 пайызды құрайды. Өкініштісі, жол апатынан қаза тапқандардың саны жыл сайын өсіп отыр.

Сарапшылардың пайымдауынша, жол-көлік оқиғаларының көбеюі­нің негізгі себебі – емтиханды тапсыр­май-ақ жүргізуші куәлігін еш кедер­гісіз оп-оңай алу мүмкіндігі. «Он­дай көмекті емтиханды өткізуді ұтып алған мер­дігер компанияның қызмет­керлері де, маман­дандырылған ХҚКО қызметкерлері де ұсынып жүр. Жыл сайын жол ережелері емтиханын тапсыру­шы­лардың саны орташа есеппен 424 мың адамды құраса, ең төменгі жобамен олардың 10 пайызы – 42 мың адам куә­лікті сатып алса, сатудан түскен қара­жаттың көлеңкелі айналымы жыл сайын 8 млрд теңгеден асады», деді О.Құспеков.

Депутат адам өліміне әкелетін осындай қылмыстардың өршуіне жүргізуші куәлігін алуға емтихан қабылдаудың үшінші тұлғаға заңсыз негізде берілгенін ай­тады. Оның сөзіне сүйенсек, оны на­рыққа беру туралы шарт ешқандай заң­да қарастырылмаған. Мердігер ком­па­­нияға ақпараттық қауіпсіздік пен құ­рыл­ғыларға қойылатын талаптар ескерілмеген.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев адам өліміне әкеп соғатын жол-көлік оқиғаларын азайтуға және осыған жол беретін сыбайлас жемқорлықты жоюға бағытталған жүйелі шараларды қабылдауды тапсырды. Жүргізуші куәлігін алу кезінде сыбайлас жемқор­лық­қа жол берілгендіктен, бұл мемлекет қызмет түрін «Азаматтарға арнал­ған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы құзыреттілігі аясынан алып тастау ұсынылады.

Сонымен қатар Ішкі істер, Цифр­лық даму министрліктері, Мемле­кеттік қызмет істері және Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тіктерінің қатысуымен кеңесші орган құру керек. Сыбайлас жемқорлық белгілері бар тәуекелдерге түбегейлі талдау жасап, болашақта оларды болдырмау жайлы механизмді енгізуді, аталған мемлекеттік қызмет түрін бәсе­­келестік жағдайында және Қазақстан Республикасы заң­дарын сақтай отырып нарыққа беруді ұсынамын», деді депутат.