Экономика • 21 Сәуір, 2023

Субсидия мәселесі шешіле ме?

445 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Мәжіліс депутаттарына  субсидиялаудың жаңа қағидаларының жобасын ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz АШМ министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Субсидия мәселесі шешіле ме?

Вице-министр қаржы құралдары бойынша субсидиялаудың барлық бағыттары қалып отырғанын, кредиттер мен лизинг бойынша мөлшерлемелер 6%-ға дейін төмендетілгенін, сонымен бірге сақтандыру сыйлықақыларын субсидиялау нормативі 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылғанын атап өтті.

Бұл ретте вагондардың құнын және еріген суды жинау үшін жасанды су айдындарын салуды субсидиялау жойылады. Сонымен қатар сұраныс болмағандықтан, аквапоникалық жылыжай кешенін салу және кеңейту бойынша шығындарды субсидиялау жойылады.

«ІҚМ үшін қолданыстағы бордақылау алаңдарының толтырылуының орташа деңгейі шамамен 40% құрайтынын ескере отырып, жаңа алаңдарды салуға субсидиялауды алып тастау, ал қаражатты қолданыстағы бордақылау алаңдарын техникалық және технологиялық қайта жарақтандыруға қайта бағыттау ұсынылады», деді вице-министр.

Мемлекет басшысының бастапқы тұқым шаруашылығын, сондай-ақ қызылша шаруашылығын дамыту жөніндегі тапсырмасын іске асыру үшін арнайы тұқым шаруашылығын субсидиялау нормативтері 80%-ға дейін және қызылша техникасы 50%-ға дейін арттырылады.

Жылыжай көкөністерін өндіруді ұлғайту үшін жылыжай кешендерін салу мен кеңейтуге өтемақы үлесі 25%-дан 30%-ға дейін ұлғаяды, бұл маусымаралық кезеңде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді және көкөніс бағасын тұрақтандыруға көмектеседі. Сондай-ақ жеміс-жидек дақылдары мен жүзім отырғызу бойынша инвестициялық салымдарды өтеу үлесін 25%-дан 40%-ға дейін ұлғайту туралы шешім қабылданды. 

Көкөніс қоймаларын құруға және жаңғыртуға инвестицияларды тарту мақсатында тоңазытқыш жабдығы үшін 50%, желдету жабдығы үшін 40% бөле отырып, инвестицияларды өтеу үлесі ұлғайтылады.

«Мал шаруашылығын субсидиялау шеңберінде сыбайлас жемқорлықтың неғұрлым кіші түрлерін жою ұсынылады. Атап айтқанда, асыл тұқымды малды сатып алу кезінде субсидияларды аванстық төлеммен төлеуден бас тарту жоспарланып отыр. Тұқымдық бұқалар мен қошқарларды жалға алуды субсидиялау, тұқымдық тегіне сәйкес келетін ірі қара малдың импортталған аналық басын сатып алу жойылады», деп атап өтті Рүстем Құрманов.

Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына жатпайтындықтан күркетауық еті мен суда жүзетін құстарды субсидиялау тоқтатылады.

Өсімдік шаруашылығында өзгерістер қант саласына әсер етеді. Қант қызылшасын өндіру нормативі тоннасына 15 мың теңгеден 25 мың теңгеге дейін артады.

Субсидиялау тиімділігін арттыратын жаңашылдық - 2024 жылдан бастап субсидия алушылар үшін пилоттық режимде қарсы міндеттемелерді енгізу болып табылады. Фермерлер өз өнімдерін ішкі нарыққа нарықтық құны бойынша сатуы керек. 

АШМ мәліметінше, аталған субсидиялау қағидаларының барлық жобалары мемлекеттік органдарда келісіледі және жақын арада бекітіледі.