Ашылу салтанатына Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, республикалық және облыстық музей басшылары, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысты.
«Қолөнершілер орталығында» еліміздің заманауи шеберлері жасаған үздік сәндік-қолданбалы өнер туындылары жұртшылық назарына ұсынылды. Ұлы Жібек жолы бойындағы көне шаһарлардың көркем үлгісімен жасалған орталыққа келген қонақтар қолөнер бұйымдарын тамашалап, ұнаған туындыларды сатып алуға мүмкіндік алды.
Ал «Палеонтология» залында Қазақстан аумағынан табылған тираннозавр, үш саусақты гиппарион жылқысы, үлкен мүйізді бұғы, алып мүйізтұмсық (индрикотерий), мамонт секілді ежелгі тарихқа дейінгі кезең жануарлары мен палеонтологтар, геологтар тапқан басқа да тіршілік иелерінің қаңқалары жинақталды. Заманауи ақпараттық құралдармен жабдықталған орталықты даярлау барысында Париждегі Палеонтология музейінің, Лондон мен Берлиндегі Жаратылыстану музейлері секілді әлемдегі алдыңғы қатарлы орталықтардың тәжірибелері ескеріліпті. Сонымен қатар залдың ғылыми тұжырымдамасын дайындауға отандық және шетелдік танымал палеонтолог ғалымдар тартылған.
«Палеонтология залы мен қолөнер шеберлері орталығының ашылуы – Ұлттық музей үшін ғана емес, бүкіл еліміз үшін маңызды оқиға. Бірегей экспозиция келушілерге біздің заманымызға дейінгі еліміздің тарихын көрсетіп қана қоймай, отандық палеонтология үшін маңызды орынға айналатынына сенімдімін. Ал қолөнер шеберлерінің орталығы біздің суретшілерімізге ұлтымыздың бай мәдениеті туралы мәлімдеме жасауға, сәндік-қолданбалы өнер шеберлеріне өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді және жалпы елімізде музей маркетингі мен менеджментін дамытуға қызмет етеді», деп атап өтті Асхат Оралов.