Экономика • 23 Сәуір, 2023

Қазақстаннан Ресейге тасымал баяулайды

300 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2023 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша жүк жеткізіліміне деген сұраныс ел ішінде де, сыртқы тасымалда да артқан. Жылдың алғашқы үш айында автомобиль көлігімен жүк жеткізуге деген сұраныс саны 2022 жылдың әдепкі үш айымен салыстырғанда 3 есеге өсіпті. Сұраныспен бірге баға да өсім көрсеткен. Тасымалдаушылардың орташа ставкасы 66 пайызға ұлғайыпты.

Қазақстаннан Ресейге тасымал баяулайды

Халықаралық «ATI.SU жүк тасымалы биржасының» хабарлауынша, өсімнің басты драйвері ресейлік бағыт болып отыр. Бұл бағыт бойынша өтінім саны 222 пайызға, ал баға 67 пайызға өскен. Мұндай динамика Беларусь бағытында да байқалады. Өзбекстан мен Қырғызстанға тасымал да айтар­лықтай өсімге ие.

«Ресейлік бағыттағы өсімнің басты себебі – компанияларды сол елдің нарығынан кетуге мәжбүр еткен батыс санкциялары. Мұндай ахуал Ресеймен «достас» біраз елде байқалады. Бірақ Қазақстан Түркиямен бір­ге еуропалық тауарларды РФ-ға жеткізу бойынша негізгі тиеу бе­кеті болып отыр. Сонымен қатар тікелей Қазақстанда өнді­рілетін өнімдерге де сұраныс жоғарылады», делінеді хабарламада.

Өзге елдерден Қазақстанға тасымал бойынша қалыпты өсім бар. Былтырмен салыстырғанда өтінім саны 49 пайызға көбейген, ал баға мүлде өзгермеген. Есесіне сұраныс өсімі барлық бағыт бо­йынша тіркелген: Ресейден де (+45 пайыз), Қытайдан да (+63 пайыз), басқа еуропалық елдерден де.

ATI.SU мәліметінше, бірінші тоқсанда ел ішіндегі тасымал бойынша өтінім санының 3 есе артуына экономикалық өсім ғана емес, логистикалық жүйенің қай­та құрылуы да себеп болған сыңайлы.

«Ауқымды өзгеріс кезінде көптеген компания байырғы серіктестерімен шектелмей, жаңа жүк тасымалдаушыларын іздеуге мәжбүр болып жатыр. Заманауи жағдайда мұны биржада жүзеге асыру тіпті оңай», дейді Халықаралық «ATI.SU жүк тасымалы биржасының» қазақстандық өкілдігінің директоры Рената Зобова.

Жақын келешекте негізгі үр­діс­тер сақталады. Бірақ оған жаңа­лары қосылуы да мүмкін екен.

«Ресейлік бағытқа қарай та­сы­мал өсімі баяулайды деп бол­жаймыз. Бірақ жаңа перс­пек­тивалы бағыттар ашылады. Мысалы, пандемиядан кейін шектеулерді біртіндеп алып тас­тап жатқан Қытаймен серіктестік кезінде бірқатар мүмкіндік ашылып жатыр», дейді Р. Зобова.