Шартараптың түкпір-түкпірінде АЭС салуға қатысты пікірталас талайдан бері айтылып келеді. Әсіресе Еуропада бұл тақырып кеңінен талқыланып отыр. Жер-жаһанның мемлекеттері 2015 жылы Париж келісімін қабылдаған еді. Құжат 2020 жылдан бастап әлем елдерін ауаға бөлінетін көмірқышқыл газы мөлшерін азайтуға міндеттеді. Бүгінгі таңда оған әлемнің 198 елі қол қойып, 195-і бекітті. Келісімнің басты мақсаты ‒ жаһандық жылынуды 2 градус Цельсийден төмен деңгейде ұстап қалу. Енді осы міндетті орындау үшін әлем елдері көмірқышқыл газы шығарылымын азайтуға тиіс. Бұған қалай қол жеткізуге болады? Ең әуелі еске баламалы энергетика көздері түседі. Алайда бұл саланың әлі толыққанды дамымағанын ескерсек, қосымша шешім табу қажет. Осы орайда бірқатар мемлекет қазба отындардан бас тарту үшін атом энергиясын пайдалану керек деп есептейді.
Естеріңізде болса, өткен аптада «Egemen Qazaqstan» газетінде Германия елдегі соңғы атом электр стансаларының жұмысын тоқтатқанын хабарлаған едік. Бундестаг, осылайша, АЭС-терден біржола бас тартты. Негізі Германия атом электр стансаларын 2022 жылы жабуға тиіс еді. Бірақ Украинада соғыс басталып, Ресейден келетін газға шектеу қойылғандықтан, Жасылдар партиясы оны бір жылға шегеруге мәжбүр болды. Дегенмен Еуропаның басқа елдерінде ураннан электр қуатын алуға ерекше мән беріп отыр. Мәселен, Финляндияның жаңа «Olkiluoto 3» зауыты сынақтан өтіп, келер аптада желіге қосылуға дайын. Франция алты жаңа АЭС салуды жоспарлаған. Алда-жалда бәрі сәтті өтсе, тағы 8 реактор орнатуы мүмкін.
Немістер атом электр стансасын жапқанымен, оның дүбірі қарт құрлықта әлі естіліп тұр. Таяуда «Politico» сайтына Францияның Ұлттық ассамблеясы Қайта өрлеу тобының төрағасы Ауроре Берже мен Германия бундестагындағы Демократиялық партиялар тобының төрағасы Кристиан Дюрр үлкен мақала жариялады. Онда авторлар энергетикалық өзгеріс үшін атом электр стансасы қажет екенін алға тартады. «Атом энергетикасы экономикамызды өзгертуде маңызды рөл атқарады. Қолжетімді, төмен көміртекті технологияны қамтамасыз етеді. Осыған байланысты Еуропалық одақ қабылдаған атом энергиясын қажетті энергия көзі ретінде есептеу туралы шешімін құптаймыз. Бұл уран қуатын пайдалана отырып, климаттық бейтараптыққа қол жеткізуде маңызды қадам», деп жазады олар мақаласында.
Сондай-ақ депутаттар Германияда атом электр стансалары көптеген пікірталас туғызғанын, ал Францияда оны негізгі энергия көзіне айналғанына тоқталады. Осы орайда қазба отындары үш жолақты елдегі электр энергиясының тек 7 пайызын құрайтынына назар аударған. Германияда, керісінше көмірмен, газбен пайдаланатын стансалардың қуаты артқан. Мақала авторлары мұндай жағдай жалғаса берсе, онда жаһандық жылынуды тоқтату үшін атқарылып жатқан жұмыстарға үлкен қауіп төнетініне екпін береді.
Ал күні кеше «Project Syndicate» жобасына Германияның қоршаған орта және ядролық қауіпсіздік жөніндегі федералды министрі Штеффи Лемкенің мақаласы жарияланды. Онда ведомство басшысы неліктен немістер атом энергиясынан бас тартқанын тәптіштеп түсіндірген. Ш.Лемкенің айтуынша, мұндай қадамға барудың бес себебі бар. Алғашқысы – атом электр стансалары кез келген уақытта апатқа ұшырауы мүмкін. Бұған мысал ретінде министр Чернобыль мен Фукусимадағы дағдарысты келтіреді. Оның пайымдауынша, қанша жерден қауіпсіздік талаптарын сақтағанымен, күтпеген апат қоршаған ортаға да, ел экономикасына да залал келтіруі мүмкін.
Екінші себеп ретінде атом электр стансаларынан шығатын қалдықты атап отыр. Өздеріңізге мәлім, АЭС-те төмен байытылған уран қолданылады. Оның мерзімі бітіп, қалдыққа шығарылған соң оны арнайы орынға көму керек. Өйткені мұндай урандар 30 мың жылға дейін ыдырамайды, радиоактивті қалпында сақталады. Сонымен қатар Ш.Лемке атом электр стансаларына көп мөлшерде су қажет екенін, өз кезегінде бұл да қоршаған ортаға зияндығын алға тартады. Бұдан бөлек, оның құрылысы мен жұмыс істеуін қамтамасыз ету қымбатқа түсетініне назар аударады. Мәселен, АҚШ-та 2009 жылдан 2021 жылға дейін өзін ақтамаған 12 реактор жабылған. Министр бесінші себеп ретінде Германия ендігі жерде АЭС-терге мұқтаж еместігін келтіреді.