Іс-шараға Түркия елінің азаматы, өнер жанашыры Иылмаз Окуклу мен Селим Иухай қатысты. Кеш барысында газет басшылығы қонақтарға басылымның тарихы, қазіргі тыныс-тіршілігі туралы баяндады. «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директорының бірінші орынбасары Владимир Курятов түркі әлемінің әдебиетін ерекше құрметтейтінін айтып, қазіргі заманғы ақын-жазушылардың шығармаларын, өлең жолдарын қазақ тіліне аударуды ұсынды. Мұндағы мақсат – түбі бір түркі елдерінің ынтымақ-бірлігін нығайта түсу.
Сонымен қатар, редакция қызметкерлері, ақын-жазушылар да өз еңбектерін түрік, әзербайжан тілдеріне аударуды ұсынды.
Әдеби кеш аясында Мәдениет саласының үздігі, күйші Қайрат Айтбай қонақтарға «Тәттімбеттің шертпе күйін» орындады. Сонымен қатар, Абзал Мақаш «Сағындым» әнін домбырамен тамылжыта орындап, Жәнібек Әлиман, Дүйсенәлі Әлімақын, Батырхан Сәрсенхан, Айтолған Жүнісхан Әкбар Гошалының өлеңдерін нақышына келтіріп оқып берді.
Кеш соңында шетелдік меймандар «арамызды Каспий қиып жатса да, қыл өтпейді» деп, өздерімен бірге ал келген сыйлықтарын табыстап, естелікке суретке түсіп тарқасты.
Айта кетейік, Астанада өткен «Eurasian Book Fair-2023» көрме-жәрмеңкесі аясында ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әкбар Гошалының «Тұранның бір түп жусаны» атты кітабының тұсауы кесілді. Атаған кітапты аударған «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Танакөз Толқынқызы: «Өмірде ақындар көп. Бірақ тума адамдық болмысын өмір бойы сақтап өтетін ақындар аз. Мен Әкбар Гошалыны сол адамдық биік тұғырға қонған, өзі қандай болса, өлеңі сондай мәртебелі ақындар санатына жатқызамын. Біз Әкбармен ерте кезден таныссақ та, оның шығармашылығы жөнінде мардымды дүние білмеппін. «Тұранның бір түп жусаны» атты кітапты аудару барысында Әкбардың үлкен ақын екеніне көзім жетті», деп пікір білдірген еді.