Бәйге қызығын көруге жиналған жұрт алдында аймақ басшысы кейінгі жылдары өңірде ұлттық спорт түрлері бұқаралық сипат алып келе жатқанына тоқталды. Осы күні Сырда 16 мыңнан астам адам ұлттық спортпен шұғылданады. Олар былтыр ел чемпионаты мен кубоктерінде, әлем және Азия чемпионаттарында үздіктер қатарынан көрініп, медаль саны жағынан кейінгі бес жылдықтағы рекордты жаңартты.
Облыста 8 ұлттық спорт түрі бойынша 797 жаттықтырушы 26 396 спортшы тәрбиелеуде. Оның ішінде «Қызылорда облыстық ұлттық ат спорты федерациясы» қоғамдық бірлестігі, «Көкпар» федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалы, «Қызылорда облысының бәйге федерациясы» қоғамдық бірлестіктері бар. Сонымен қатар Қызылорда қаласынан 2018 жылы «Ұлттық және ат спорты түрлері бойынша спорт клубы» КММ құрылып, қазір 7 спорт түрі бойынша (қазақ күресі, жамбы ату, теңге ілу, аударыспақ, тоғызқұмалақ, асық ату, ұлттық жекпе-жек) 12 жаттықтырушы-оқытушы 407 спортшыны баулып келеді.
– Бүгінгі республикалық бәйге Сыр өңірінің мерейін асырып, ұлттық спорттың өркендеуіне жаңа серпін береді деп сенемін. Төзім мен жігер, қайрат пен мінез сынға түскен бәйгеде тұлпарлардың тұяғы талмасын, – деді облыс әкімі.
Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов ұлттық спортты дамыту – мемлекет саясатының маңызды бағытына айналғанын айтты. «Бабадан қалған бағзы өнерді кәсіби және бұқаралық бағытта дамыту қолға алынып, ел аумағында ұлттық спорт түрлерін жаңғырту үшін көптеген жарыс ұйымдастырылып келеді. Осы жылдан бастап көкпар ойындары футбол тәрізді лига форматында өткізіле бастайды. Келесі жылы V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны Қазақстанда өтеді», деді И.Салжанов.
Осыдан кейін бәйге басталып, ипподромға жиналған жұрттың қиқуына ат тұяғының дүбірі қосылып сала берді. Бұл жолғы бәйгенің жүлде қоры 35 600 000 теңге. Аламан бәйгеде сөреден суырылып алға шыққан астаналық «Алғыр» көмбеге жеткенше алдына қара салдырған жоқ. Осылайша, «Astana Motors» компаниясының автокөлігі елордаға жол тартты. Қалған жүлделі орындарға да қаржылай сыйлықтар табысталды.
Осы күні облыста тағы бір тағылымды шара өтті. Бәйгеден ел чемпионатына іріктеумен қатар «Ұлттық киім – ұлт ажары» атты облыстық ұлттық киімдер байқауы ұйымдастырылды.
Байқауға қатысқан 53 қыз-келіншек киіп шыққан ұлттық киімдер дәстүрге сәйкестігі, дайындау шеберлігі мен шығармашылық көзқарас тұрғысынан бағаланды. Бірінші орын алған жеңімпазға – 500 000, екінші орынға – 300 000, үшінші орын иесіне 200 000 теңге табыс етілді.
Қазылар алқасын басқарған Қазанғап атындағы Қызылорда жоғары музыкалық колледжі директоры Ұлжан Байбосынова жеңімпаздарды құттықтап, ұлттық мұраны ұлықтайтын осындай шаралардың жиі өткізілуіне тілектестігін білдірді.
ҚЫЗЫЛОРДА