Руханият • 25 Сәуір, 2023

Ұлт этнографиясының қайраткері

417 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Қазақ халқының тұрмыс-салты, дүниетанымы, тұрмыс-тіршілігі, қолөнері – тұтас болмысының бір бөлігі. Түптеп келгенде, мұның бәрі халықтың ұлан-ғайыр тарихымен тығыз байланысты. Қаншама уақыттан бері халықтың осынау рухани, заттық мәдениеті толыққанды зерттелмей келді. Оның түрлі объективті және субъективті себептері болды. Басты себептердің бірі – ұлттың біртұтас, іргелі қоныстану жағдайының өзгеріске түсуі, этномәдени ортасының бүлінуі еді.

Ұлт этнографиясының қайраткері

Бұл өзгерістер халықтың өз еркінен тыс бөліп-жарып билеген отаршылдық зұлматтың кесірінен болды. Соның салда­рынан бір кездері Қытай қоластына ерік­сіз­ қарап қалған қазақтардың да рухани­, зат­тық мәдениеті зерттелмей қалды. Зерт­телмегені былай тұрсын, «Мәдени төң­керіс» деп аталатын зобалаң кезінде адам­ айтқысыз дәрежеде бұзғыншылыққа ұшы­рады: шағып қиратылды, өртелді, ұмыт­тырылды. Мұндай зорлықшыл, әмір­шіл жүйе жағдайында қазақ халқы түгел­ге жуық рухани қайыршыға айналды.­ Бұл­ шын мәнінде қазақ халқының ұлт ретін­де жойылуының алғышарты еді. Бірақ­ кейін келе, елде реформа, ашық есік сая­саты жолға қойылғаннан кейін, халық­тың­ рухани-заттық мәдениетін қайта жаң­ғыртуға мүмкіндік берілді. Ұлттың бойы­на қан жүгірді. Осындай тарихи шарт-жағдайда халықтың ғасырлар бойы қалып­тасқан мұрасын ғылыми тұрғыдан қайта танудың, зерттеудің қажеттілігі туындады. Зейнолла Сәнікұлы дәл осындай қажеттілік кезінде халық мұрасын тиянақты зерттеуге ден қойды. Мұны оның «Қазақ этнографиясы» деп аталатын екі томнан тұратын іргелі зерттеу еңбе­гі­нен­ көруге болады.

«Қазақ этнографиясы» атты бұл ең­бек­­­тің мазмұны тым ауқымды, онда бұрын­ғы-соңғы этнографтар зерттеген­ тақы­­рыптармен қоса, әліге дейін түрен­ салын­баған, мұрты ойылмаған тақы­рып­тар да жетіп-артылады. Автор қазақ этно­графиясын зерттеуді бұған дейін жіті­ назар аударылмай келген Қытай қазақ­тарының тұрмыс салтын зерттеумен тығыз­ байланыстырған. Көп жағдайда ұлт­тың арғы тарихына тән тұрмыс-тір­ші­лігін, дәстүр-салтын зерттеуде қытай­ деректеріне де көңіл бөліп, құнды дәлел­дер­ тапқан.

Бұл еңбекте автор ең әуелі этнография­ ұғымына жан-жақтылы түсінік бере оты­рып, оның дүниежүзілік және ұлттық сипа­тына, жергілікті және тарихи ерек­ше­ліктеріне тоқталады. Ұлттық ерекшелік туралы айта келіп автор: ұлттардың мекендену жағдайы, олардың жасаған табиғи және қоғамдық ортасы олардың қандай кәсіппен шұғылданып, қандай киім киіп, қалай тамақтануын белгілеген. Халықтың заттық және рухани мәдениеті соған сай қалыптасып дамыған... Әр халықтың басып өткен жолы, бастан кешірген оқиғалары, тап болған тарихи тағдыры бір-біріне ұқсамайды... Тіл бірлігі мен терри­­тория бірлігі ұлттық ерекшеліктің тағы бір белгісі болып табылады (З.Сәнік. Көптомдық шығармалар жинағы.VII т., 2017. 28-29 бб.)», дейді. Қазақ халқын құрайтын ежелгі этностық рулар мен тайпалардың «күн таңбасы қаңлы», «тарақ таңбасы жалайыр», «босаға таңбасы қоңырат», «көз таңбасы арғын», «ашамай таңбасы керей, бақан таңбасы найман,­ екі әліп таңбасы қыпшақ, т.б. болып ата­луы­ның­ өзі жоғарыда айтқанымыздың куәсі (З.Сәнік. Бұл да сонда. -30 б.)», дейді.

Қазақ ата сөзіндегі «Алаш, Алаш бол­ғанда, алатай ат болғанда, таңбасыз тай,­ енсіз қой болғанда» деп бастайтын дағ­дылы сөз тіркесін ертеде меншікті мү­лік қалыптаспаған, малға ен-таңба салынбаған, қысқасы, атадан енші алып бөлек шықпай, бір адамның берекелі ұрпағы болып тұрған кездің аңызына балай­ды. Сол арқылы Алаша хан кезінде қазақ­тың алғашқы аталық қауымдық тұр­мыс­та өмір сүргенін негіздейді. Міне, бұл – ұлт­тық тарихнамада ескеретін жағдай. Яғни қазақтың түпкі тарихын жазған кезде­ осын­дай этно-мәдени ерекшеліктерге тоқ­тал­май, оларды тарихи санаға сіңірмей тарих­тың дәм-татуы болмайды.

Шежіре дәстүрі – қазақтың тарихи таным­-түсінігінің ертеден келе жатқан маңыз­­ды мазмұны. Біздіңше, бұл да ұлт­тық­ тарихымызды жазғанда ескеретін мәсе­ле. Ол туралы З. Сәнікұлы бұрын көп ауыз­ға алынбаған, ашалап айтылмаған мына­дай жайларды ортаға салады: қазақ­тың­ ата шежіресін мазмұнына қарай «жа­лаң­ шежіре» және «хикаялы шежіре» деп­ аталатын екі түрге бөлуге болады. Жа­лаң шежіре көбінде атадан атаға тара­ған ұрпақтарды жалаң тізім бойынша таратады. Ал «хикаялы шежіре» сол ата­лар­дың қалай дүниеге келгенін, қандай кешір­мелерді бастан кешкенін сөз етеді. Әсіресе етегінен бір-бір тайпа ел өскен даңқты аналардың бастан кешкен қиын-қыстау күндері шежіре арқылы кейінгі ұрпаққа жалғасып отырған. Бұлардың ара­сында Ұлы жүздегі Бәйдібек би мен Домалақ ананың бастан кешкен хикаясы, Абақ ананың өз ұрпағын қанаттандыру жо­лындағы қажырлы еңбегі, Қызай ана­ мен Мұрын ананың үлгі-өнегелері ұрпақ­қа шежірелі хикая түрінде жеткен. Әсіресе Домалақ ананың Бәйдібек жоқта оның­ жылқысын шабуға келген жеті қарақ­шы­н­ы ақылмен жеңіп, емшек сүтіне нан пісі­ріп беріп, оларды өз сүтін емген баласы­ қатарына түсіріп, еліне қастық жасау­ ниетінен қайтарғаны, өзінен туған бала­ Жарықшақты күндестері қатерге ұшы­ратқанда көрсеткен төзімділігі аяулы­ ана­ның даңқын бүкіл қазақ халқына жаяды.

Автор ертеде қазақ байларының қыз ұзатқанда шаңырағына құл, есігіне күң байлап беріп отырғанын жазады. Міне, бұл сонау түркі дәуірінде бар салт еді. Қытай деректері Түрік қағандарының нағашы жағынан шаңыраққа мініп келген құл­дарының болатындығын және олардың қаға­нына өле-өлгенше адал болып, қағаны өлгенде өздері көр жолдас ретінде бірге өлге­нін жазады (Көне Таң кітабы. 194 бума. 1-144 баян. Түрік.).

Қазақ этнографиясын зерттей отырып­ автор ертеде Тәңірге табынып, оны­мен тіл­десіп, жер бетінде Тәңірдің елшісі ретін­де уағыз айтып, болашаққа болжам­ жасайтын әрі түрлі ауруды емдей­тін­ бақсы-балгерлердің орнын кейін молла-қожалардың басып, исламдық құн­ды­лықтардың байырғы түркілік құнды­лық­тар­ды жойып жібергенін де тілге тиек етеді. Мысалы, түркі халықтарының тасқа жазу­ жазып сурет салатын, тас мүсіндер жасай­тын тамаша ғұрпын шектегенін, соған қоса тарихымыздың да жоқ болып­ кет­кенін, халықтың салт-дәстүрінде де түбір­лі өзгерістер болғандығын атап көрсе­теді. Шынымен де, қазақ халқы тарих­тан бері сыртқы әсерлерге көп ұшы­раған халық. Сонау көк түріктер дәуірінде әйгілі Күлтегін батыр біз де табғаштар секілді отырықтасып, ғиба­дат­хана салайық дегенде Чан-аньнан оқып­ келген Тоныкөк абыздың өзі оған қарсы шығып, көшпелі өмір салтын сақтап қалуды жақтағаны сондықтан еді. Ол Күлтегінге отырықтасып, буддаға ден қойсаң дәстүріңнен, салтыңнан, ерік-жігеріңнен, тіпті мемлекеттігіңнен айырыласың деп ескерткен болатын (Жаңа Таң кітабы. 215 бума. 2-140 баян. Түрік). Демек автор бұл жерде өзіміздің түркілік, ұлттық құндылықтарымызға ден қоюдың қажеттілігін айтып отыр. Бұл біздің дәстүрге берік заманауи ұлт болып қалыптасуымыз әрі тарихымызды түгендеуіміз үшін керек. Бүгінде қазақ тарихының жетітомдығы жазылуда. Дегенмен осында бір кемшін болып тұрған мазмұн ұлттық философиялық ойдың, ғылыми дағдының, заттық және рухани мәдениеттің, салт-дәстүрдің ертеден қазірге дейінгі даму тарихы. Бұл мәселе талай мәрте көтерілгенімен, оны жүйелеу, қалай жазу мәселесі әлі шешімін тапқан емес. Ол туралы бірыңғай пәтуа, ортақ тұжырымдама жоқ. Сол себептен,­ тарихимыз тек тарихи оқиғалардың хроно­ло­гиялық тізбесінен тұрады. Ұлттың тари­хы болады екен, оның ғылымы мен­ мәдениетінің де тарихы болуы керек.­ Мұндай ғылым, мұндай мәдениет көбі­не­се біздің ұлттық салт-дәстүрімізде, зат­тық мұраларымызда, шаруашылық дағ­ды­ла­ры­­мызда сақталған.

Осы тұрғыдан автор ең әуелі қазақ хал­қы­ның тұрғын үйлері, оның ішінде ежел­гі үңгірлер, тас үйлер, кірпіш үйлер,­ киіз үйлер мен олардың түрлері тура­лы баяндайды. Үңгірлер туралы бұрын­ айтылмаған. Қытай халқы өз тари­хын үңгірлерден бастайды. Ата-баба­ла­ры­ның­ үңгірде тұрғанын жасырмайды. Өрке­ниеттің, білімнің, шаруашылықтың бас­тауы сол үңгірлер деп есептейді. Ең әуелі адамдар өндіргіш күш төмен болған кезеңде, жаугершілік пен табиғи апат­тар кезінде адамдар үңгірде жаса­май қайда жасады. Сол үшін автор сөзді Жетісудағы «Үңгір қора»», Боғда бөктеріндегі «Мамар­жа» (Көкше әулие тұрған), Арқа­да­ғы Қоңырәулие, Алтайдағы Бессаусақ (Тор­ғайты) әулие үңгірлерінен бастайды.­ Бұл­ ғана емес, қазақ халқының арғы­ ата-бабалары, үйсіндер, қаңлылар, түркі­­лер, т.б. ежелгі этностар көшпенді мал ­шаруа­шы­лығымен қоса отырықшы тұрмыспен де айналысып, жай кесектен, тастан қа­­лан­­­­ған үйлерде де тұрғаны белгілі. Мұ­ның­­ соңы оңтүстікте әлдеқайда көп бақар­лы­-шахарлы қоныстардың көбеюіне алып­ келді. Бұлар құдды көшпелілердің су ішетін суаты секілді болды. Бірақ көшпенді деген халықтың бір ғажайып мінезі, қалауы болды. Ол болса даладан баз кешпеу. Даланы жақсы көру. Бұл саналы түрдегі әрекет еді. Сол үшін­ олар көбінде киіз үйлермен көшіп-қо­нып­ жүргенді ұнататын. З.Сәніктің аталған еңбегінде қазақтың сол киіз үй мәде­ние­ті­не айрықша орын берілген.

«Киіз үй біздің арғы ата-баба­ла­ры­мыз­дың көшіп-қонуға қолайлы баспанасы­ ретінде біздің заманымыздан бұрынғы дәуір­лерде пайда болған... Гередот өзінің­ Тарих атты еңбегінде көшпенді скиф­тер­дің киіз үйде тұратындығын алғаш рет хат­қа түсірген», дейді автор. Шынымен де, Тәңір тауының теріскейін, Іле бойын мекендеген үйсіндердің де ертеде киіз үйде тұратындығын қытай деректері дәлелдейді (Хан кітабы. 96-бума. Батыс өңір баяны-2. Үйсін.). Демек киіз үй біз үшін ерте заманнан келе жатқан ұлттық нышан, басты құндылық. Егер де ерте дәуірден бертінге дейін Ұлы дала төсінде кім киіз үймен отырса, сол біздің түп тегіміз, туысымыз, ата-бабамыз. Бұл еңбегінде автор киіз үйдің пайда болу, даму тарихынан бастап, оның түрлері, құрылысы, үйағашы, бау-шуы туралы айта келіп, оны тігу, жинау, арту, жабдықтау, безендіру, киіз басу, текемет-сырмақ тігу секілді жұмыс түрлерін де тәптіштеп баяндайды. Дегенмен киіз үй мәдениеті әлі де тереңдей зерттеуді қажет етеді. З.Сәніктің бұл еңбегі осы бағыттағы жұмыстарды әрі қарай жалғастыруға деректік негіз болады. Тек киіз ғана емес, қазақ халқының жалпы этно­­мәдениетін зерттеуде бұл кітаптың орны­­ айрықша. Өйткені автордың өз басы­ көнені көре қалған алғы буынға жата­­ды. Қазақтың байырғы көшпенді мәде­­ниетінің арасынан өсіп-шыққан, көрген­­-білген, оқыған-тоқығанын ғылыми негіз­­де жинақтап кәдеге жаратқан адам. Қазақ­ этнографиясына қатысты осындай еңбек­терді болашақта зерттеуші мамандар жан-жақтылы пайдалана білгені, олардың таңда­малыларын шет тілдеріне аударып жария­лағаны дұрыс. Бұл – біздің рухани-зат­тық­ мәдениетімізді насихаттаудың бір жолы.

Аңшылық – қазақ халқының мал­ша­руа­­­шылығынан да бұрын пайда­ болып,­ да­мып, жетілген кәсіп түрі. Аңшы­лық­ тұр­мысты бейнелейтін ежелгі дәуір­дің­ петроглифтері қазақ жерінің қай түкпі­рі­нен де кездеседі (Су Бэйхай. Қазақ мәде­ние­тінің тарихы. Алматы. Дәуір. 2013. -49-98 бб.). Автордың жазуынша, қазақ айта­тын «Жеті қазынаның» (ер жігіт, сұлу әйел,­ ақыл-білім, жүйрік ат, қыран бүркіт, берен­ мылтық, жүйрік тазы) төртеуі аңшы­лыққа қатысты болып келеді екен. Соның­ ішінде құсбегілік қазақ халқының қаны­на біткен бекзат өнер. Дала тағысын қолға­ үйрету, оның көңілін табу, тілін білу,­ аңға салу, қайыру, жем беру әрі ғылым,­ әрі өнер, әрі мәдениет. Кітапта бүр­кітті ұстау әдістері, оның тамағы, тұғыр-томағасы, балақбау, биялай, балдақ секілді заттары, т.б. тәптіштей жазылған. Әсіресе қазақ халқының ұлттық қолөнері, балықшылық, орманшылық, бау-бақша кәсібі, сауда-саттық істері тарихи негізде таныстырылған. Қазақ этнографиясында жете зерттелмеген саланың бірі – ұлттық ойындар, оның ішінде балалар ойындары. Кітапта автор балалар ойындарының шарттарын, мазмұнын, ойын ережесін, шешімін жан-жақты зерттеп-зерделеген. Бұл ойындардың кейбірі бүгінде өзінің мән-маңызын жойған жоқ. Олардың түріне, формасы мен мазмұнына қарағанда тым ерте замандардан келе жатқаны әрі халқымыздың ұрпақ тәрбиелеудегі ақыл-парасатының көрінісі екені шүбәсіз. Ол ұлтымыздың этномәдениетімен, дүниетанымымен тығыз байланысты. Оның үстіне бұл ойындар – балалардың ой өрісін жетілдіретін, оларды жылдамдыққа, қырағылыққа, ептілікке, көпшілдікке, шешендікке және жасампаздыққа бау­ли­тын тамаша спорт түрі. Кітаптың исламдық наным-сенім мен мәдениетке қатысты бөлігінде автор қазақтың қажылық дәстүрін едәуір зерттеген. Бұл үшін қазақ даласына исламның таралу тарихынан бастап, исламдық ағартудың жалпыласуы, мешіт-медреселердің салынуы және исламдық қағидаттарға қатысты бірталай мазмұндарды қарастырған. Бүгінде елімізде ислам діні қайта өрлеу, өркендеу дәуірінде. Дегенмен қазақ халқының исламиятқа ден қойғаннан бергі тарихы жүйелі зерттелмегендіктен, яғни қазақтың төл ислам тарихы жазылмағандықтан, қоғамда исламды әртүрлі насихаттап, түрлі ағымның жетегінде кетіп жүргендер аз емес. Бұдан өзге, автор бұрын-соңды аз зерттелген немесе зерттелмеген қазақ халқының байырғы философиялық, астрономиялық ұғымдары, ұлттық медицинасы, заңдары, ұрпақ тәрбиесі, әдеп әліппесі, ырымдары мен тыйымдары, өлім, ұзату дәстүрі, жосындары, этнопедагогикасы секілді салаларына да қалам тартқан. Демек екі томнан тұратын қазақ этнографиясы еңбегі (З. Сәнік. Көптомдық шығармалар жинағы. 7-8 том. Алматы. 2017. ) қазақ халқының, дәстүр-салтын, дүниетанымын, тіршілігін, киім-кешегі мен ұлттық ойындарын, ғылыми ойлау жүйесін, қоғамдық құрылымын  ̶  бір ауыз сөзбен айтқанда жалпы ұлттық болмысты айқындайтын энциклопедиялық еңбек. Бұл біз білетін Зейнолла Сәнік шығармашылығының ең бір шоқтығы биік, аса сүбелі саласы.

Осы орайда әке мұрасын жинақтап, жүйелеп, оны 15 кітаптан тұратын көптомдық етіп оқырманға ұсынған Қанат Зейнолла інімізге де айтар алғысымыз шексіз. Қазақта «әкеден ұл туса игі, әке жолын қуса игі» деген аталы сөз бар. Бауырымыздың әке мұрасына осыншама ыждағатпен қарап, ғылыми тұрғыдан жүйелеп бастырып шығаруы тек әке аруағы алдындағы ғана емес, тұтас қазақ мәдениеті үшін атқарған перзенттік және азаматтық игі ісі дер едім. Жоғарыда біз аталған 15 томдық шығармалар жинағындағы З.Сәніктің тек қазақ этнографиясына қатысты еңбектеріне ғана тоқталдық. Жинақта автордың одан өзге Қаракерей Қабанбай, Сүлеймен би, Баспай туралы зерттеулері мен романдары, қазақ емшілігі туралы ізденістері, өзге де прозалық шығармалары, естелік-эсселері, т.б. енген. Сөз соңында айтарым, Зейнолла Сәнік шығармалары, оның қазақ этнография­сы туралы зерттеулері бүгінгі және келер ұрпақтың рухани игілігіне жарап, халқына қызмет ете берсін.

 

Тұрсынхан Зәкен,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры,

тарих ғылымдарының докторы