Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Жаңаөзен қалалық жұмыспен қамту орталығының басшысы Ұлбазар Орынбаеваның айтуынша, жұмысқа орналасу кезегінде әлі 9 996 адам тұр. «Кезекте тұрғандардың 415-і – жеке кәсіпкер, 2 603-і – тұрақты жұмысы жоқтар, тағы 4 333 адам – жұмысқа орналасқан, бірақ әлі де мұнай саласында жұмыс істеуге ниетті. Жұмыс істеуге ниеттілерге әуелі «Инвест» кәсіпорнында уақытша жұмыс істеп, содан кейін «ӨзенМұнайГаз» аутсорсингтік компаниясына тұрақты жұмысқа тұруды ұсынамыз», деді Ұ.Орынбаева.
Жиында мекеме басшылары өз ұсыныстарын айтты. «ӨзенМұнайГаз» серіктестігінің басшысы Нұрдәулет Игілікұлының айтуынша, компанияда қазірдің өзінде 10 мыңға жуық адам еңбек етеді. Жұмысшылардың көптігі кәсіпорынның экономикалық жағдайына кері әсерін тигізеді. Сондықтан «ҚазМұнайГаз» компаниясы төрағасының орынбасары Дәулетжан Хасанов аз қамтылған, жұмыссыз азаматтарға «ӨзенМұнайГаз» компаниясының еншілес және мердігерлері кәсіпорындарына жұмысқа тұруды ұсынды.
Мұнай саласында жұмысқа орналастыру алгоритмі 2019 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Соған сәйкес қала әкімдігі «ӨзенМұнайГаз» АҚ және «Инвест», «Тазасу», «БН», «ӨзенМұнайГаз» компанияларымен бірлесіп, 4 мыңға жуық адамды жұмысқа қабылдады.
«Түйткілдің шешімін табу үшін жиын өткіздік. Бүгінде облыстың әрбір тұрғыны «ӨзенМұнайГазға» жұмысқа орналасқысы келеді. «ӨзенМұнайГазға» қызмет көрсететін «ҚазМұнайГаздың» басқа да компаниялары бар. Одан бөлек, оннан аса ірі компания бар. 2019 жылдан бері бар алгоритмді жетілдіруге назар аударып отырмыз. Мәселен, жұмысқа орналасуға болатын компаниялардың санын көбейтуге кірістік. Нәтижесінде, бос жұмыс орындары артты. Осылайша, жұмыссыздық мәселесі уақыт өте шешіледі. Жиында жекеменшік компаниялардың 90 пайызы мұндай саясатты қолдайтынын жеткізді», деді Д.Хасанов.
Айта кетерлігі, бұл мәселені тезірек шешу үшін қала әкімінің арнайы тапсырмасы бойынша депутаттар, Қоғамдық кеңес мүшелері, серіктестік пен кәсіподақ өкілдерінен тұратын жұмыс тобы құрылады.
Түйіні тарқамаған түйткіл
Жалпы, Жаңаөзен мәселесі талай жылдан бері еліміздің «бас ауруына» айналып келеді. Оның оңтайлы шешімін табу әзірге оңай болмай тұр. Тұрғындардың да, биліктің де айтатын өз базынасы бар. Қазір екі тарапты да қанағаттандыратын шешім – мұнайшылардың талап-тілегін орындау болып тұр. Алайда бұл қордалаған мәселенің түйінін тарқатудың орнына, кейінге ысырумен пара-пар.
Қазіргі таңда Маңғыстау облысы республика бойынша кедейлік деңгейі ең жоғары өңір саналады. Статистикаға сүйенсек, аймақта 17,6 мың адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Былтыр бұл көрсеткіш 13,5 мың адамды құраған еді. Ал Жаңаөзен қаласында 5557 адам істерге іс таппай жүрген көрінеді.
Дегенмен, ресми органдар келтірген бұл деректер нақты картинаны көрсетпейтінін айта кеткен жөн. Біріншіден, мұнда жұмыспен қамту орталықтарына тіркелгендер ғана көрсетілген. Бірақ ондай мекемелерге тіркелмесе де жұмыссыз жүргендер санын ешкім дөп басып айта алмайды. Екіншіден, заңға сәйкес жауапты орган ұсынған жұмыстан үш рет бас тартқан адам автоматты түрде жұмыссыздар қатарынан шығарылады. Ендеше, шынайы дерек әлдеқайда көп болатыны түсінікті.
Осы орайда, жергілікті атқарушы органдар тұрғындармен келіспейді. Мәселен, Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Нұрберген Худибаевтың айтуынша, тұрғындар тек жалақысы жоғары мұнай саласында еңбек еткісі келеді. Ал әкімдік ұсынған бос орындарға құжат өткізуге ынта танытпайды. Мұның өз себебі бар. Мұнай саласындағы жалақы мөлшері басқаларға қарағанда жоғары. Орташа есеппен 700 мың теңгенің көлемінде. Ал «Жұмыс істеймін» секілді бағдарламаларда ұсынылатын еңбекақы көлемі 150 мыңнан басталады. Кім-кімнің де табысы жоғары жұмыс істегісі келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Маңғыстау жұртшылығымен кездескенде облысты дамытуға арналған бірнеше бағытты атап көрсеткен еді. Біріншіден, аймақта өңдеу өнеркәсібін және бизнес саласын дамыту қажет. Сондай-ақ көлік-логистикалық және инвестициялық әлеуетін арттыру мәселесіне де тоқталды. Үшіншіден, Маңғыстауды сумен қамтамасыз ету жүйесін және инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртып, Ақтау мен Жаңаөзен қалаларын дамытудың маңызына екпін берді.
Төртіншіден, білім беру, денсаулық сақтау салаларын дамытып, жастарға қолдау көрсету керек. Бұдан бөлек, Президент агроөнеркәсіп саласы ел экономикасын дамыту ісіндегі стратегиялық басымдықтың бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар өңірде туризмді дамытып, экологиялық мәселелерді шешу қажет. Мұндай кешенді шаралар мұнаймен күн көріп отырған аймақтың әлеуметтік жағдайын жақсартып, жұмыс орындарын ашуға септігін тигізеді.
Экономист Айбар Олжаев мұндай жоспармен келіседі. Дегенмен, сарапшы Жаңаөзен мәселесін кезек күттірмей шешу керегін алға тартады. Оның пайымдауынша, дер кезінде әрекет етпесек, ақыр соңы үлкен дауға ұласуы мүмкін. Мәселен, кейінгі 10 жылда Маңғыстау облысындағы халық саны 77 пайызға артқан.
«Облыста ішкі демографиялық өрлеу бар және 2000 жылдан бері көршілес елден миграция үдерісі белсенді жүріп келеді. Дәл осы кезде, біз облысқа республикалық бюджет субвенциясының бәлендей өспегендігін көреміз. Маңғыстау – орталық бюджеттен ең аз ақша алатын 3 облыстың бірі. Биыл өңірге 121,9 миллиард теңге қарастырылған. Республикалық бюджет халық санына қарап бөлінеді деген қағидамен алып қарасақ, Маңғыстауға қатысты әділетсіздікті байқаймыз. 2023 жылдың наурызында Қазақстан халқының саны 19,7 миллион адам болды. Оның ішінде Маңғыстауда 766,9 мың адам тұрған. Бұл ретте, осынша халқы бар Маңғыстауға 121,9 миллиард теңге бөлінсе, одан халқы аз Шығыс Қазақстан облысына (730 мың тұрғын) 233,3 миллиард теңге, Солтүстік Қазақстан облысына (534 мың тұрғын) 306,2 миллиард теңге, Жетісу облысына (698,6 мың тұрғын) 338,8 миллиард теңге бөлінген. Бұл «Маңғыстауда мұнай бар, өздері шешеді» деген ескі қағиданың әлі күнге дейін жұмыс істеп келе жатқанын аңғартады», дейді А.Олжаев.
Сарапшының пікірінше, дәл осы қағида – үлкен жарылысқа алып келе жатыр. Себебі қазір Маңғыстаудағы мұнай – болашақ проблеманың ошағы. Өзен, Қарамандыбас, Қаражанбас кеніштерінің жасы кем дегенде 50 жылға толды. Олар өздеріндегі бар қордың шамамен 70 пайызын сарқыған және жыл сайын олардан мұнай шығару қиындай түспек.
«Бұл ретте, өңірде жаңа геологиялық барлау жұмыстары бойынша белсенділік байқалмайды. 2021 жылы жарнамасы жер жарған, жаңадан ашылған Тепкедегі кеніш мәселені шешпейді. Себебі одан алынатын мұнай қоры 10-15 миллион тоннаның шамасында. Бұл тым аз. Өңір мәселесін шешудің системалық жолдары бар ма? Меніңше, маневр аясы тар. Жұмыс бес бағытта жүруі керек. Бірінші, Республикалық бюджеттегі Маңғыстау үлесін арттырған жөн. Екіншіден, жаңа мұнай кеніштерін іздеу, «Каспийшельф» сияқты геологиялық фирмаларды қайта жаңғырту керек. Үшінші, шетелдегі тендерлерге қатысатын отандық компания құрған абзал. Төртінші, мұнайдан басқа кластер ашылуға (тігін, теплицалар, машина құрастыру секілді) тиіс. Бесіншіден, солтүстіктегі шекаралас аймақтардан тегін жер учаскелерін тарату қажет. Бастысы, Жаңаөзенмен республикалық, Үкімет деңгейінде айналысу керек болып тұр», дейді А.Олжаев.
Мәселенің шешілуіне не кедергі?
Жаңаөзен мәселесінің күрделі екені таяуда анық байқалды. Наурыздың басында «БерАли Мангистау Company» ЖШС-нің біраз қызметкері Астанаға келіп, бірнеше күн наразылық білдірді. Бұл мәселе қоғамда үлкен шу туғызып, ақыры «ҚазМұнайГаз» компаниясы Жаңаөзенге 33 адамнан құралған арнайы комиссия жіберді. Делегация кәсіпорын жұмысшыларымен тілдесіп, кәсіподақ жетекшілерімен кездесіп, құжаттармен танысып, проблемаларды анықтамақ. Жалпы, алдағы бір айда елордадан аттанғандар 67 мекемеге баруды жоспарлап отыр. Комиссия жұмысы 31 мамырға дейін жалғасады.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша тергеп-тексеру департаменті бірнеше күн бұрын «ӨзенМұнайГаз» АҚ лауазымды тұлғалары мен «БерАли Мангистау Company» ЖШС басшылығы 2022 жылы мұнай өндіру ұңғымаларын жөндеуге арналған аса ірі көлемдегі қаражатты қалталарына басты деген күдік бойынша тергеліп жатыр. Алайда компанияның өзі мұндай айыпты жоққа шығарады.
Маңғыстау облысынан Мәжіліске сайланған депутат Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, комиссия тек «ӨзенМұнайГаз» АҚ мен «БерАли Мангистау Company» ЖШС арасындағы дауды зерттеумен шектелмеуге тиіс. Сондай-ақ Жаңаөзен қаласының мәселелерін, «ӨзенМұнайГаз» АҚ мен оның сервистік компанияларының қаржылық-шаруашылық және әлеуметтік мәселелерін толық зерттеу қажет. Тіпті бүкіл Маңғыстаудағы жағдайды толық зерттеудің артық етпейтінін алға тартады.
«Дау әділетсіздіктен туындайды. Сондықтан барлық тараппен кездесіп, әсіресе, кәсіподақ басшылары мен жұмысшылардың уәждерін тыңдаған дұрыс. Еңбек және экологиялық қауіпсіздігі, жалақы деңгейі мен әлеуметтік көмектер, материалдық техникалық базаның жаңалануы сияқты мәселелерге көңіл бөлінгені дұрыс. Мұнай-газ айналасындағы компаниялардың осы мәселелерді шешуіне не кедергі болып отыр? Келісімшарт сомасы аз ба, әлде қаржылық менеджмент дұрыс емес пе? Бәрін анықтау керек. Осы сұрақтарды нақты анықтау үшін құзырлы органдарды, мамандар мен сарапшыларды комиссия жұмысына тартса дұрыс болар еді. Ал жемқорлық фактісі бар ма, оны тергеу амалдары көрсетер. Жалпы, біз себебімен емес, салдарымен күресіп жатырмыз. Неге осы күнге дейін өздерінің арнайы комплаенс қызметтері қайда қарады? Мұнайшылар Астанаға келмесе, депутаттық сауал және арнайы хат жолдамасақ, жабулы қазан сол күйінде қала ма? Осыған жауапты лауазымды тұлғалар, заңгерлер, сатып алуды қамтамасыз ететін қызметкерлердің жауапкершілігі қайда? Маңғыстаудағы экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған құзырлы органдар қайда қараған? Бәрі көз жұмып отырды ма, әлде сол үдерісте бірге болды ма? Бұл жерде комиссия анықтайтын екі үлкен мәселе бар. Біріншісі, бұл мемлекеттің жүйесіндегі қате ме? Заңдарда кемшіліктер бар ма? «Самұрық-Қазына» қоры мен «ҚазМұнайГаз» компаниясының қателіктері ме? Екіншісі, адами фактордың кесірі ме? Мүмкін екеуі де орын алған болар? Жалпы, тендер айналасында жемқорлық ушығып тұр. Ол тек мұнай-газ саласында ғана емес. Бұған нүкте қоймаса, дау тоқтамайды», дейді депутат.
Қорыта айтқанда, Астанаға келіп талабын жеткізген мұнайшыларды жалақысы жоғары жұмысқа алғанмен мәселе түпкілікті шешілмейтіні анық. Күні ертең осындай жағдай қайталанбасына ешкім кепіл емес. Өңір халқының тұрмыс-тіршілігін жақсартпай, жастардың табысы мол мұнай саласына қызыға беретіні түсінікті. Өз кезегінде, бұл Маңғыстау мен басқа өңірлердің арасына ғана жік салмайды, сонымен қатар мұнайшылар мен қарапайым жұмыс істейтіндерді алалайды. Ендеше, Жаңаөзен мәселесін түбегейлі шешу қажет.